Мазмұнға өту

КИЕЛІ КІТАП АДАМ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

“Жауаптарымнан гөрі сұрақтарым көп болды”

“Жауаптарымнан гөрі сұрақтарым көп болды”
  • Туған жылы: 1976

  • Елі: Гондурас

  • Қысқаша мағлұмат: Шіркеу пасторы болған

ӨМІРБАЯНЫМ

 Мен Гондурастың Ла-Сейба деген қаласында өмірге келдім. Отбасымыздағы бес баланың ең кішісі әрі жалғыз ұл бала едім. Үйде мен ғана құлағы естімейтін болып туылғанмын. Біздің тұрмыс жағдайымыз өте нашар болды, сонымен қатар қауіпті аумақта тұрдық. Әкем жұмысында болған оқыс жағдайдың кесірінен көз жұмғанда, жағдайымыз одан бетер нашарлай түсті. Сол кезде жасым небәрі төртте еді.

 Анамыз мені және әпкелерімді асырау үшін барын салуға тырысатын. Бірақ маған киім сатып алу үшін, жиі ақшасы бола бермейтін. Жылы киімдерім болмағандықтан, жаңбыр жауғанда тоңып жүретінмін.

 Өсе келе Гондурас ым тілін меңгеріп алдым, соның арқасында басқа да құлағы естімейтін адамдармен араласуға мүмкіндік болды. Алайда анам мен әпкелерім ым тілін білмегендіктен, менімен сөйлесу үшін бір-екі ымды не өздері шығарған белгілерді қолданатын. Анам мені жақсы көрді әрі қауіптен қорғап жүрді. Ол бірнеше ыммен-ақ темекі мен ішімдік сияқты зиянды нәрселерден аулақ болу керектігін ескертті. Мен зиянды тәуелділікке салынбай өскенім үшін, анама өте ризамын.

 Бала кезімде анам мені католик шіркеуіне ертіп жүретін, бірақ ол жерде түк түсінбейтінмін. Себебі мен үшін ым тіліне аударатын ешкім болмады. Онда ішім пысатындықтан, он жасымда шіркеуге баруды доғардым. Бірақ Құдай жайлы білуге деген қалауым әлі де бар еді.

 1999 жылы 23 жаста болғанымда, евангелие шіркеуінің мүшесі болған Құрама Штаттардан келген бір әйелді кезіктірдім. Ол менімен Киелі кітап сабақтарын жүргізді және Америка ым тілін үйретті. Киелі кітаптан білгендерімнің әсер еткені сонша — мен пастор боламын деп шештім. Сөйтіп, құлағы мүкіс адамдарға арналған Мәсіхшілердің білім орталығына барып тұру үшін Пуэрто-Рикоға көштім. Ал 2002 жылы Ла-Сейбаға қайта келгенімде, достарымның қолдауымен құлағы естімейтіндерге арналған шіркеу аштым. Кейінірек мен сол достарымның арасындағы Патрисиа есімді әйелге үйлендім.

 Шіркеуіміздің пасторы ретінде мен Гондурас ым тілінде уағыз айтып, Киелі кітап оқиғаларының суреттерін көрсететінмін және құлағы мүкіс адамдар түсіну үшін әңгімелерді іс-қимылмен сомдап беретінмін. Сонымен қатар көрші қалаларды аралап, ондағы естімейтін адамдарды жігерлендіріп, қиындықтарымен күресуге көмектестім. Мен тіпті Құрама Штаттары мен Замбияға миссионерлік сапармен бардым. Бірақ шын мәнінде мен киелі кітап жайлы көп білмейтінмін. Бар болғаны басқалардан естігенімді, суреттерден түсінгенімді ғана айтып жүрдім. Түптеп келгенде, жауаптарымнан гөрі сұрақтарым көп болды.

 Бірде шіркеуімнің кейбір мүшелері мен жайлы жалған мәлімет тарата бастады. Олар мені маскүнем және жұбайының көзіне шөп салады деп қаралады. Бұған менің қатты көңілім түсіп, ашуым келді. Содан көп ұзамай Патрисиа екеуміз шіркеуді тастап кеттік.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ

 Ехоба куәгерлері Патрисиа екеумізге келіп тұратын, бірақ біз оларды ешқашан тыңдамайтынбыз. Алайда шіркеуден кеткеннен кейін әйелім Томас пен Лисси есімді Куәгер ерлі-зайыптымен Киелі кітапты зерттеуге келісті. Олардың ести алса да ым тілін үйреніп алғандары мені таңғалдырды. Сөйтіп, Патрисиамен бірге мен де зерттей бастадым.

 Бастапқыда бірнеше ай бойы біз Америка ым тіліндегі видеолардың көмегімен зерттедік. Бірақ кейбір достарымыз Ехоба куәгерлерін адам соңынан ерушілер деп жала жапқандықтан, біз зерттеуді тоқтатып қойдық. Томас тіпті Ехоба куәгерлерінің адам соңынан ермейтінінің дәлелін көрсетсе де, мен сенбей қойдым.

 Бірнеше айдан кейін Патрисиа жан күйзелісіне шалдыққанда, Ехоба куәгерлері үйіме келсінші деп Құдайға дұға етті. Содан көп ұзамай көрші тұратын Ехоба куәгері Патрисиаға келіп, Лиссиді қайта шақыруды ұсынды. Лисси шынайы дос екенін көрсетті. Ол зерттеу сабағын өткізу үшін апта сайын келіп, Патрисианы жігерлендіріп тұратын. Ал менің Куәгерлерге қатысты күмәнім әлі де сейілмеген еді.

 2012 жылы Ехоба Куәгерлері Гондурас ым тіліндегі “Шындықты білгіңіз келе ме?” деп аталатын бейнероликті көрсету науқанын өткізді. Лисси бейнероликті бізге де әкеліп көрсетті. Бейнероликтен мен сеніп келген тозақ оты, өлмес жан туралы ілімдердің Киелі кітапқа негізделмегенін біліп, қатты қайран қалдым.

 Келесі аптада Томаспен сөйлесу үшін Ехоба куәгерлерінің Патшалық сарайына бардым. Мен оған құлағы естімейтін адамдарға Киелі кітаптағы шындықтарды жеткізгім келеді, бірақ Ехоба куәгері ретінде емес деп айттым. Сондағы қалағаным, құлағы естімейтіндерге арнап өзімнің бөлек шіркеуімді ашу еді. Томас менің бұл құлшынысымды мақтады. Кейін назарымды Ефестіктерге 4:5-ке аударды, онда шынайы мәсіхшілердің қауымында бірлік болу керектігі айтылған.

 Томас тағы маған “Ехоба куәгерлері. Іс-әрекеттен көрінетін сенім, 1-бөлім: Түнектен шығу” атты бейнефильмнің Америка ым тіліндегі нұсқасын берді. Бұл бейнефильмде бір топ ер адамдардың негізгі ілімдерді түсіну үшін Киелі кітапты қалай мұқият зерттегендері баяндалған. Фильмді көре отырып өзімді сондағы адамдарға ұқсаттым. Өйткені мен де солар сияқты шындықты іздеп жүрген едім. Бұл бейнефильм Ехоба куәгерлерінің шындықты үйрететініне көзімді жеткізді, себебі олар сенімдерін тек Киелі кітапқа негіздейді. Осылайша мен Киелі кітапты зерттеуді қайта бастадым, ал 2014 жылы Патрисиа екеуміз шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болдық.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ

 Мен Ехоба куәгерлерінің қауымын жақсы көремін. Өйткені олардың Құдайы таза болғандықтан, олар да моральдық жағынан таза болуға тырысады. Ол жерде ғибадат ететіндердің сөздері де, басқалармен қарым-қатынастары да таза. Олар — бейбітсүйгіш және бір-бірін жігерлендіруге дайын жандар. Қай елде тұрмасын, қандай тілде сөйлемесін Ехоба куәгерлері әрдайым бірлікте ғибадат етеді және бір шындықты үйретеді.

 Киелі кітап шын мәнінде неге үйрететінін біліп жатқаныма қатты ризамын. Мысалы, мен Ехобаның құдіреті шексіз Құдай әрі Әлемнің Әміршісі екенін білдім. Ол құлағы естімейтіндерді де, еститіндерді де сүйеді. Мен Құдайдың маған деген сүйіспеншілігін бағалаймын. Сонымен қатар жер бетінің жайқалған жұмаққа айналатынын әрі мықты денсаулықпен мәңгі өмірдің рақатын көре алатыным жайында білдім. Осы жайттар орындалатын күнді асыға күтудемін!

 Патрисиа екеуміз құлағы мүкіс адамдармен Киелі кітап жайлы сөйлескенді ұнатамыз. Қазір біз бұрынғы шіркеуіміздің кейбір мүшелерімен Киелі кітапты зерттеу сабақтарын өткіземіз. Бірақ қазір пастор кезімдегідей емес, үйретіп жатқан нәрселерімді өзім жақсы білемін. Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеу арқылы мазалаған сұрақтарымның жауаптарын таптым.