Мазмұнға өту

165 000-нан астам әдебиет арбасы

165 000-нан астам әдебиет арбасы

Ехоба куәгерлері жұртқа үйме-үй жүріп уағыздауымен танымал. Алайда енді оларды көпшілік орындарында әдебиеттер қойылған арбалармен тұрғандарын да көптеп кездестіруге болады.

Соңғы кездері уағыздаудың осы түріне көп көңіл бөлініп жатыр. 2011 жылдың қараша айында Нью-Йорк қаласындағы бір топ Ехоба куәгері әдебиеттер қойылған үстелдер мен арбаларды қолданып, адамдарға Киелі кітаптағы ізгі хабарды жеткізген. Бұл тәсілдің жемісті болғаны сонша — ол бірден басқа қалаларда да қолданыла бастады.

2015 жылдың наурыз айына таман дүниенің төрт бұрышындағы Ехоба куәгерлерінің қауымдарына осындай 165 390 арба жіберілді. Бұнымен қоса, мыңдаған стендтер, үстелдер мен киоскілер де жіберілді.

Ехоба куәгерлері үшін үйме-үй жүріп уағыздау Киелі кітаптағы шындықты жеткізудің басты тәсілі болып қала береді. Бірақ әдебиеттерге арналған арбалардың өте тиімді екенін де айта кеткен жөн. Бұның кейбір мысалдарын қарастырып көрейік.

Перу елінде Рауль деген кісі әдебиеттер қойылған арбаның қасында тұрған Ехоба куәгерлеріне жақындап, былай деген: “Сендер қайда жоқ болып кеттіңдер? Сендерді іздеп жүргеніме үш жыл болды. Мына арбаларыңды көріп, Құдайға рақметімді айттым”.

Рауль тұратын аумақты Ехоба куәгерлері жиі аралап тұрғанымен, ол күндіз де, демалыс күндері де үйінде болмаған екен. Рауль бұрынырақта Куәгерлермен Киелі кітапты зерттегенін және енді зерттеуді қайтадан қолға алғысы келетінін айтты. Содан бауырластар онымен зерттеу сабағының өтілуіне қам жасады.

Болгарияда бір жас ерлі-зайыптылар әдебиеттер қойылған арбаның қасынан өтіп бара жатып, “Отбасы бақытының сыры” деген кітапты алды. Келесі аптада олар сол жерге қайтып келіп, “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” мен “Ұлы Ұстаздан үйренейік” кітаптарын алыпты. Арбаның қасында тұрған Ехоба куәгері олардан қанша бала-шағасы бар екенін сұрайды. Сонда олар: “Әлі балаларымыз жоқ, бірақ алдағы уақытта болса, біз оларға Құдай жайлы білім бергіміз келеді. Бұлар бізге нағыз қажет кітаптар”,— деп жауап берді.

Украинада әдебиеттер арбасының қасында тұрған Куәгерлерге әскери киім киген бір кісі жақындап: “Қыздар, осы Армагеддон қашан келеді, айтыңдаршы”,— депті. Бұл кісі Украинада болып жатқан қақтығыстарға белсенді қатысқан екен. Ол дүниеде болып жатқан оқиғаларға қарап, Армагеддонның жақындап қалғанына көзі жеткенін, бірақ Құдайдың неліктен тезірек әрекет етпей жатқанын түсінбейтінін айтады. Сонда жариялаушылар Киелі кітапты ашып, Құдайдың адамдардың істеріне араласпауына келелі себеп бер екенін және жуырда барлық зұлымдар жойылатынын түсіндіріп береді. Соңында бұл кісі “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналын және “Қамқор Жаратушы бар ма?” деген кітапты алып кетті.

Македонияда бір жас жігіт әдебиеттер арбасының қасында тұрған Куәгерлерге журналдарымызбен таныс екенін айтып, бұл жолы “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабын алуға ниет білдіреді. Ол кітапты ала сала бірден көпшілікке арналған кітапханаға барып оқығысы келетінін айтады.

Екі сағаттай уақыт өткен соң кітаптың 79 бетін оқып тастаған бұл жігіт қайтып оралып келеді. Ол былай деді: “Мына кітап адамның өмірін күрт өзгерте алады. Сеніп жүрген нәрселерімнің көбісі дұрыс емес екенін түсіндім. Кітапта айтылғандардың бәрі ақылға қонымды. Бұл кітап мені өмірге мүлдем басқаша қарауға талпындырды!”