Мазмұнға өту

Уорвиктің 3-фотокөрмесі (қаңтар — сәуір, 2015 жыл)

Уорвиктің 3-фотокөрмесі (қаңтар — сәуір, 2015 жыл)

Бұл фотокөрмеде 2015 жылдың қаңтар мен сәуір айлары аралығында Ехоба куәгерлерінің жаңа бас басқармасының құрылыс алаңында қандай істер атқарылғаны көрсетілген.

Уорвик кешенінің болашақ көрінісі. Сағат тілі бойынша, солдан оңға қарай:

  1. Автокөлік жөндейтін орын

  2. Қонақтарға арналған автотұрақ

  3. Жөндеу шеберханалары/тұрғындар автотұрағы

  4. B жатақханасы

  5. D жатақханасы

  6. С жатақханасы

  7. А жатақханасы

  8. Кеңселер/қызмет көрсету ғимараты

2 қаңтар, 2015 жыл: автокөлік жөндейтін орын

Басқарушы кеңеске қарасты Баспа комитетінің көмекшісі Харолд Коркерн “Қолда бар мүмкіндіктерді қалт жібермейік” деп аталатын Киелі жазбаларға негізделген баяндама айтып жатыр. Уорвиктегі жұмысшылардың рухын көтеру үшін мұнда баяндамашылар жиі келіп тұрады.

14 қаңтар, 2015 жыл: кеңселер/қызмет көрсету ғимараты

Құрылыс нысандары ақ пленка жабынмен қапталды. Бұл жабын құрылысшыларға қысқы уақытта жұмыс істеуге көмектеседі. Ғимараттың осы бөлігінде асүй, асхана, кір жуатын орын және емхана орналасады.

16 қаңтар, 2015 жыл: D жатақханасы

Электриктер кабель орнатуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін жатақхана ғимараттарының бойымен 12 000 метрден астам кабель тартылды. Мұндай жұмыстар Уорвиктегі жер учаскесі сатып алынғаннан кейін көп ұзамай басталған болатын әрі құрылыс толық аяқталғанша жалғасады.

16 қаңтар, 2015 жыл: А жатақханасы

Жұмысшы балконға арнайы лента жабыстырып, оны гидрооқшаулауға дайындап жатыр. Жоғарғы қабаттағы балкондар полиметилметакрилат (ПММА) деп аталатын затпен қапталады. Бұл затты сұйық күйінде жылдам жағады да, сосын ол су өткізбейтін қабатқа айналады.

23 қаңтар, 2015 жыл: А жатақханасы

Әкесі мен қызы тұрғын бөлмелерді электр тоғымен қамтамасыз ету үшін электр сымдарын жүргізіп жатыр.

6 ақпан, 2015 жыл: автокөлік жөндейтін орын

Жұмысшылар уақытша жасалған асханада түстеніп жатыр. Мұнда күн сайын 2000-нан астам адам тамақтанады.

12 ақпан, 2015 жыл: жөндеу шеберханалары/тұрғындар автотұрағы

Құрылысшылар болашақ шеберханалардың арматурасын тоқып жатыр.

12 ақпан, 2015 жыл: С жатақханасы

Балалардың құрылысшыларға ризашылықтарын білдіріп жазған хаттары. Құрылысқа келген көптеген еріктілер мұнда аз уақыт қана істейді. Апта сайын құрылысқа 500-ге жуық жаңа жұмысшы келеді. Ақпан айында күн сайын шамамен 2500 адам жұмыс істеді.

24 ақпан, 2015 жыл: Уорвик құрылыс нысаны

Бүгінгі таңда жобаның шамамен 60 пайызы аяқталды. 2015 жылдың қаңтарынан сәуіріне дейінгі аралықта кеңселер мен қызмет көрсету ғимаратының болаттан жасалған қаңқасы тұрғызылды және жатақханалардың қабырғасы көтерілді. Сондай-ақ осы уақыт аралығында жұмысшылар жөндеу шеберханаларына темір-бетон панельдерді қоюды, жатақханалардың арасын байланыстыратын жолдар салуды және Стерлинг-Форест көліндегі (Көк көл) су бөгеттерін жөндеуді бастады.

25 ақпан, 2015 жыл: кеңселер/қызмет көрсету ғимараты

Баспалдақ (төменнен қарағанда). Жалдамалы құрылысшылар бес қабаттан тұратын осы ғимараттың қаңқасын тұрғызды, ал Куәгер құрылысшылар оған бетон құйды.

26 ақпан, 2015 жыл: жөндеу шеберханалары/тұрғындар автотұрағы

Қыстың осы қақаған суығында құрылысшылар бірінші қабаттың арматурасын тоқып жатыр. Уорвикте қаңтар мен наурыз айлары аралығында 127 сантиметрдей қар жауды. Қар тазалаушы топтар жұмыс аумағындағы қарды күреп отырды және жұмысшылар бойларын жылыту үшін арнайы жылытылған бөлмелерге барып жүрді.

12 наурыз, 2015 жыл: қонақтарға арналған автотұрақ

Құрылысшы металл шатырды дайын қаңқаларға бекітіп жатыр. Сәуірдің аяғында жатақхана ғимараттарына арналған шатырлардың басым бөлігі орнатылды. Соңғысы болып маусымның ортасына таман B жатақханасының шатырларын орнату жоспарланды.

18 наурыз, 2015 жыл: жөндеу шеберханалары/тұрғындар автотұрағы

B жатақханасының краннан қарағандағы көрінісі.

18 наурыз, 2015 жыл: жөндеу шеберханалары/тұрғындар автотұрағы

Құбыршылар тұрғындар автотұрағында сызбаларды қарастырып жатыр. Бүкіл жобаны аяқтау үшін 3400-ден астам мақұлданған құрылыс сызбалары қажет.

23 наурыз, 2015 жыл: кеңселер/қызмет көрсету ғимараты

Жұмысшылар көтергіш құрылғыда тұрып, ғимаратты қорғағыш пленка жабынмен жауып жатыр. Мұнда көтергіш құрылғылар мен басқа да жабдықтарды сақтықпен қолдануға қатысты көптеген сабақтар жүргізіліп тұрады. Осындай сабақтарға көтергіштерді қолдану, биіктікте жұмыс істеу қауіпсіздігі, жалпы сақтық ережелері, респираторларды қолдану және заттарды тиеп түсіру мен белгі беру кіреді.

30 наурыз, 2015 жыл: Уорвик құрылыс нысаны

Жатақханалардың көрінісі (батыс жағы). Осы фотосуреттен көрініп тұрғандай, сәуірдің аяғына таман А, В және D жатақханаларында электр, жылу және желдету жүйелеріне қатысты қызу жұмыс жүріп жатты. C жатақханасында (бұл суретте көрсетілмеген) гипсокартон орнату мен кафель салу және сырлау жұмыстары басталды.

15 сәуір, 2015 жыл: В жатақханасы

Екі жұмысшы көтергіште тұрып, сыртқы қабырғаларға бу өткізетін әрі желден қорғайтын зат жағып жатыр. Оны барлық жатақханаға жағу үшін шамамен екі ай керек болады.

27 сәуір, 2015 жыл: кеңселер/қызмет көрсету ғимараты

Тасшылар граниттен қабырға соғып жатыр. Ғимараттың бұл бөлігінде жүкті түсіру, тиеу және басқа да қызмет түрлері орналасады.

30 сәуір, 2015 жыл: Уорвик құрылыс нысаны

Көк көлде жалдамалы сүңгуші ескі клапанды жаңасымен алмастырып жатыр. Дауыл соққан жағдайда су тасқынын болдыртпас үшін, бір ғана батырманы басып, көл суының деңгейін азайтуға болады.