Мазмұнға өту

Жын-перілер өмірде бар ма?

Жын-перілер өмірде бар ма?

Киелі кітаптың жауабы

 Иә. Жын-перілер дегеніміз — “күнә жасаған періштелер”, яғни Құдайға қарсы бүлік шығарған рухани жаратылыстар (Петірдің 2-хаты 2:4). Жынға айналған ең бірінші періште — Шайтан Ібіліс. Киелі кітапта ол “жындардың әміршісі” деп аталған (Матай 12:24, 26).

Нұх пайғамбардың күнінде шыққан бүлік

 Киелі жазбаларда Нұх пайғамбардың заманында болған Топан судың алдында періштелердің қандай сорақылық жасағаны туралы айтылған: “Періштелер адам қыздарының сұлу екенін көріп, таңдағандарын әйелдікке ала берді” (Мұсаның 1-жазбасы 6:2). Сол зұлым да азғын періштелер әйелдермен жыныстық қатынасқа түсу үшін, өздерінің көктегі “тиесілі тұрағын тастап”, адамдардікіндей тәнге енген (Яһуда 6).

 Топан су басталғанда, бүлікші періштелер адами тәндерін тастап, көкке оралған. Бірақ Құдай оларды өзінің көктегі рухани отбасынан қуып жіберген. Жын-перілерге шығарылған жазаның бір бөлігі — оларға енді қайтып адамдардікіндей тәнге ие болуға тыйым салынған (Ефестіктерге 6:11, 12).