Мазмұнға өту

Қасиетті болу деген нені білдіреді?

Қасиетті болу деген нені білдіреді?

Киелі кітаптың жауабы

 Қасиетті не киелі болу деген бойды арам нәрселерден аулақ ұстауға нұсқайды. “Киелі, қасиетті” деп аударылған еврей сөзі “бөлектеп алу” деген мағынаны береді. Киелі нәрселер таза әрі кіршіксіз болғандықтан, кәдімгі қолданыстан бөлінеді не қасиетті деп қарастырылады.

 Құдай — ең киелі тұлға. Киелі кітапта: “Ехобадай a киелі ешкім жоқ”,— делінген (Самуилдің 1-жазбасы 2:2). Сондықтан ненің киелі екенін шешуге Құдай ғана құқылы.

 “Киелі” деген сөз Құдайға тікелей қатысы бар кез келген нәрсеге, әсіресе тек қана ғибадат ету үшін қолданылатын нәрселерге, қатысты айтылуы мүмкін. Мысалы:

  •   Киелі жерлер: Құдай өртеніп жатқан бұтаның қасында тұрған Мұса пайғамбарға: “Сен тұрған жер киелі”,— деген (Мұсаның 2-жазбасы 3:2—5).

  •   Қасиетті оқиғалар: Ежелде Құдайдың халқы “қасиетті жиын” деп аталатын діни мейрамдарда Ехобаға ғибадат еткен (Мұсаның 3-жазбасы 23:37).

  •   Киелі заттар: Иерусалимдегі ежелгі ғибадатханада Құдайға ғибадат ету үшін қолданылған заттар “киелі бұйымдар” деп аталған (Патшалар 1-жазба 8:4). Мұндай киелі заттар үлкен құрметпен қолданылатын. Бірақ оларға мүлдем табынуға болмайтын b.

Күнәкар пенде қасиетті бола ала ма?

 Иә. Құдай өз қызметшілеріне: “Киелі болыңдар, себебі мен киелімін”,— деген (Петірдің 1-хаты 1:16). Әрине, кемелсіз адам ешқашан Құдайдың кемелді киелілігіне сай бола алмайды. Бірақ өзінің әділ заңдарына мойынсұнатын адамды Құдай “қасиетті” деп қарастырады (Римдіктерге 12:1). Қасиетті болуға ұмтылатын адам мұны сөзімен, ісімен көрсетеді. Мысалы, мұндай адам Құдай Сөзіндегі “қасиетті болыңдар”, “азғындықтан аулақ болыңдар” және “барлық іс-әрекеттеріңде киелі болыңдар” деген сөздерге құлақ асады (Салоникалықтарға 1-хат 4:3; Петірдің 1-хаты 1:15).

Адам Құдайдың алдында бұдан былай қасиетті саналмай қалуы мүмкін бе?

 Иә. Егер адам Құдайдың жүріс-тұрысқа қатысты талаптарын ұстанбай кетсе, Құдай оны бұдан былай қасиетті деп санамайды. Мысалы, Киелі жазбалардағы Еврейлерге деген кітап “қасиетті бауырластарға” арнап жазылған. Бірақ оларға: “Тірі Құдайдан алыстап, жүректерің зұлым әрі сенімнен ада болып жүрмесін”,— деген ескерту жасалған (Еврейлерге 3:1, 12).

Қасиетті болуға қатысты қате пікірлер

 Қате пікір: Адам өзін-өзі шектеу арқылы қасиетті бола алады.

 Шындық: Киелі кітапта “тым көп шектеулермен тәнді қалжыратудың” Құдайдың алдында “еш пайдасы жоқ” екені айтылған (Қолостықтарға 2:23). Керісінше, Құдай біздің жақсы нәрселердің игілігін көргенімізді қалайды. Оның киелі Сөзінде: “Әрбір адам ішіп-жеп, еңбегінің жемісіне қуансын. Бұл — Құдайдың сыйы”,— делінген (Уағыздаушы 3:13).

 Қате пікір: Неке мен жыныстық қатынастан бас тарту (целибат) адамды қасиетті етеді.

 Шындық: Некеге тұрудан бас тартқан мәсіхші жыныстық қатынасқа түспегені үшін ғана Құдайдың алдында қасиетті болып кетпейді. Рас, бойдақ болып жүрген адам алаңдамай Құдайға ғибадат ете алады (Қорынттықтарға 1-хат 7:32—34). Бірақ Киелі кітаптан некеге тұрған адамдардың да қасиетті бола алатынын көруге болады. Мысалы, Исаның Петір деген елшісі үйленген адам болған (Матай 8:14; Қорынттықтарға 1-хат 9:5).

a Ехоба — Құдайдың жеке есімі. Киелі кітаптың жүздеген тармақтарында бұл есім “киелі” және “киелілік” деген сөздермен қатар қолданылады.

b Киелі кітапта діни бұйымдарға табыну айыпталады (Қорынттықтарға 1-хат 10:14).