Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ежелде исраилдіктер соғысқан ғой, біз неге соғыспаймыз?

Ежелде исраилдіктер соғысқан ғой, біз неге соғыспаймыз?

“БІРЕУІҢ БОЛСЫН Франция не Англиямен соғысудан бас тартсаңдар, барлығың өлесіңдер!” Осылай Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бір нацистік офицер бір топ Ехоба куәгеріне айқайлаған еді. Жақын жерде суық қаруланған СС сарбаздары тұрса да, бірде-бір бауырлас соғысуға көнбеді. Олардың қайтпас қайсарлықтары күллі Ехоба куәгерлерінің қандай ұстаныммен өмір сүретінін көрсетті. Біз осы дүниенің соғыстарына еш қатыспаймыз. Тіпті: “Атып тастаймыз!”— деп қорқытса да, саяси мәселелерде бейтараптық сақтаймыз.

Бірақ өзін мәсіхші санайтын діндердің бәрі бұнымен келісе бермейді. Олардың көбісі “мәсіхші өз елін қорғаса болады әрі қорғауы да керек” деп санайды. Олар: “Кезінде Құдай халқы, яғни ежелгі исраилдіктер соғысқан ғой. Ендеше, неге мәсіхшілер соғыспау керек?!”— деп ойлайды. Бұл сұраққа жауап беру үшін ежелдегі исраилдіктердің жағдайы мен бүгінгі күндегі Құдай халқының жағдайы несімен ерекшеленетінін түсініп алуымыз керек. Қазір бес ерекшелікке назар аударайық.

1. ЕЖЕЛДЕ ҚҰДАЙ ХАЛҚЫ ТЕК БІР ҰЛТТАН ТҰРҒАН

Ежелде Ехоба өз халқын тек бір ғана ұлттан таңдаған, ол Исраил халқы еді. Ехоба исраилдіктерді “барлық халықтардың ішінде ерекше меншігім” деп атаған (Мұс. 2-ж. 19:5). Сондай-ақ оларға мекендейтін нақты жер бөліп берді. Демек, Ехоба исраилдіктерге соғысуды бұйырғанда, олар Ехобаға қызмет етпейтін басқа халықтармен ғана соғысатын a.

Бүгінде Ехобаның қызметшілері “әрбір ұлттан, рудан, халықтан және тілден шыққан” (Аян 7:9). Демек, Құдай халқы соғысқа аттанса, өз бауырластарымен соғысып, оларды өлтірген болар еді.

2. ИСРАИЛДІКТЕРГЕ СОҒЫСУДЫ ЕХОБА БҰЙЫРҒАН

Ежелде исраилдіктер қашан және не үшін соғысатындарын Ехоба шешіп отырған. Мысалы, исраилдіктердің қанахандықтарға қарсы соғысқанын алайық. Қанахандықтар жын-перілерге табынатын, жыныстық азғындықтың шектен шыққан түрлерімен айналысатын және балаларын құрбандыққа шалатын халық болғандықтан, Ехоба оларға шығарған үкімін исраилдіктер арқылы жүзеге асырды. Уәде етілген жерде өз халқын жаман ықпалдан сақтау үшін Ехоба исраилдіктерге қанахандықтарды жойып тастауды бұйырды (Мұс. 3-ж. 18:24, 25). Исраилдіктер Уәде етілген жерге қоныс тепкеннен кейін де жауларынан қорғану үшін, Ехоба оларға соғысуға рұқсат берген (Сам. 2-ж. 5:17—25). Бірақ Ехоба оларға ешқашан өз беттерінше соғысуға рұқсат бермеген. Бұлай еткен жағдайларда олар ойран болған (Мұс. 4-ж. 14:41—45; Шеж. 2-ж. 35:20—24).

Бүгінде Ехоба адамзат баласына соғысуға құзыр бермеген. Қазіргі соғыстар Құдайдың қалауымен емес, адамдардың қалауымен болып жатыр. Қазір халықтар жерге таласып, экономикалық пайда көздеп не қандай да бір саяси мүдделерін ойлап соғысады. Ал “дінімізді қорғаймыз, Құдайдың жауларын құртамыз” деп “Құдайдың атынан соғысып жатырмыз” дейтіндер жайлы не деуге болады? Таза ғибадат ететіндерді қорғау үшін және жауларын жою үшін Ехоба болашақта Армагеддон шайқасында өзі соғысады (Аян 16:14, 16). Сол соғысқа Ехобаның жердегі қызметшілері емес, көктегі рухани әскері қатысады (Аян 19:11—15).

3. ИСРАИЛДІКТЕР ЕХОБАҒА СЕНГЕНДЕРДІ ӨЛТІРМЕГЕН

Ежелде Ехобаның Иерихонға қарсы соғысында Рахаб пен оның отбасы аман қалған. Ал бүгіндегі соғыстарда Құдайға сенетін адамдар аман қалып жатыр ма?

Ежелде Исраил әскері Ехобаға сенген адамдарға рақымдылық танытып, тек Құдай жазаға лайық деп тапқан адамдарды ғана өлтірген. Келесі екі жағдай бұған дәлел. Ехоба Иерихон қаласын жоюды бұйырғанмен, исраилдіктер сол жерде тұратын Рахаб пен оның отбасын аман алып қалады, өйткені олар Ехобаға сенді (Ешуа 2:9—16; 6:16, 17). Екінші жағдайда бүкіл Гибеон қаласы аман қалды, өйткені олар Құдайдан қорқатындарын көрсеткен еді (Ешуа 9:3—9, 17—19).

Бүгінде халықтар соғысқанда Құдайға сенетін адамдарды да аямайды. Өкінішке орай, екі ортада еш жазықсыз, бейкүнә адамдар қаза болып жатады.

4. ИСРАИЛДІКТЕР ЕХОБАНЫҢ ЕРЕЖЕЛЕРІМЕН СОҒЫСҚАН

Ежелде Исраил әскері тек Ехобаның ережелерімен ғана соғысатын. Мысалы, олар қарсы аттанған кейбір қалаларға “соғыссыз берілуді ұсыну” керек болған (Мұс. 5-ж. 20:10). Сондай-ақ Ехоба Исраилдің сарбаздарына өздерін де, қосты да таза ұстауды және моральдық тазалық сақтауды айтқан (Мұс. 5-ж. 23:9—14). Ал айналасындағы халықтар болса жаулап алған елдердегі әйелдерді зорлайтын. Ехоба исраилдіктерге бұлай етуге тыйым салған. Олар қандай да бір қаланы жаулап алғанда, тұтқынға алынған қызға бір ай өтпейінше үйлене алмайтын (Мұс. 5-ж. 21:10—13).

Бүгінде көп елдер соғыс жүргізуге байланысты халықаралық келісім шарттарға қол қояды. Бұл келісім шарттар азаматтарды қорғау мақсатында бекітілгенімен, олар жиі аяқасты етіліп жатады.

5. ЕХОБА ӨЗ ХАЛҚЫ ҮШІН СОҒЫСҚАН

Құдай Иерихонда Исраил үшін соғысқанындай, бүгінде де қандай да бір халық үшін соғыса ма?

Ежелде Ехоба исраилдіктерді жеңіске жеткізу үшін кереметтер жасаған. Мысалы, Ехоба исраилдіктерге Иерихон қаласын жаулап алуға қалай көмектескенін алайықшы. Ехобаның нұсқауымен исраилдік “сарбаздар атой салғанда,...қала қабырғасы жермен-жексен болып қирап қалды”. Осылай олар Иерихонды оп-оңай жаулап алды (Ешуа 6:20). Ал олар аморлықтармен қалай шайқасты? “Ехоба аспаннан үлкен-үлкен бұршақ жауғызып,...исраилдіктердің семсерінен гөрі бұршақ астында қалып өлгендер көп болды” (Ешуа 10:6—11).

Бүгінде Ехоба ешбір халық үшін соғыспайды. Оның Патшалығы да, Патшалығының Патшасы Иса да “осы дүниелік емес” (Жох. 18:36). Ал жердегі үкіметтердің барлығын билеп отырған — Шайтан. Болып жатқан зұлмат соғыстардың артында тұрған — сол (Лұқа 4:5, 6; Жох. 1-х. 5:19).

ШЫНАЙЫ МӘСІХШІЛЕР — ТАТУЛАСТЫРУШЫЛАР

Көргеніміздей, ежелгі исраилдіктердің жағдайы мен бүгінгі күндегі біздің жағдайымыздың арасында үлкен айырмашылық бар. Дегенмен соғысқа не үшін қатыспайтынымыздың себептері бұлар ғана емес. Мысалы, Құдай соңғы күндердегі қызметшілерінің “соғысуды үйренбейтіндерін” айтқан. Ал соғысуды үйренбесе, олар оған әлбетте қатыспайды (Ишая 2:2—4). Оның үстіне, Иса Мәсіх шәкірттерінің “осы дүниелік емес” екендерін айтқан. Демек, осы дүниедегі қақтығыстарда олар ешкімнің жағына шықпайды (Жох. 15:19).

Иса Мәсіх шәкірттерін бұдан да маңызды нәрсеге үндеген. Ол ыза-кекке, ашуға, соғысқа бастайтын ой қалыптан аулақ болуға шақырған (Мат. 5:21, 22). Сондай-ақ ол шәкірттерін “татуластырушы” болуға, тіпті жауларын жақсы көруге үйреткен (Мат. 5:9, 44).

Ал жеке әрқайсысымыз жайлы не деуге болады? Біз соғысқа қатыспағанымызбен, біреуді жек көріп, қауымда ұрыс-керіс, жікке бөлінушілік туғызып жүрген жоқпыз ба? Бойымыздағы жаман сезімдерден түптамырымен арылу үшін барынша күш сала берейік (Жақ. 4:1, 11).

Халықтар арасындағы қақтығысқа қатысудың орнына біз бар күшімізді арамыздағы татулық пен сүйіспеншілігімізді нығайтуға жұмылдырамыз (Жох. 13:34, 35). Ехоба соғыстарды мәңгіге тоқтататын кезді күте жүріп, бейтараптығымыздан еш айнымайық! (Зәб. 46:9).

a Ехоба мақұлдамаса да, Исраил руларының бір-біріне қарсы соғысқан кездері болған (Пат. 1-ж. 12:24). Бірақ кейбір рулар Ехобаға қарсы шығып, сорақы күнә жасағанда, Ехоба Исраилдегі басқа рулардың сол рулармен шайқасуына жол берген (Би. 20:3—35; Шеж. 2-ж. 13:3—18; 25:14—22; 28:1—8).