Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1 | Дұға. “Бар уайымдарыңды оған артыңдар”

1 | Дұға. “Бар уайымдарыңды оған артыңдар”

КИЕЛІ ЖАЗБАЛАРДЫҢ АЙТАРЫ: “Бар уайымдарыңды [Құдайға] артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды” (ПЕТІРДІҢ 1-ХАТЫ 5:7).

Сөздердің мәні

Ехоба Құдай жүрегімізде және санамызда зіл батпан болып тұрған әрбір уайымды оған айтуға шақырады (Зәбүр 55:22). Дұғада сіз кез келген нәрсені, тіпті ол сізге болмашы болып көрінсе де, бәрін Құдайға айтыңыз. Өйткені сіз үшін маңызды нәрсе Ехоба үшін де маңызды. Дұға ету — жан тыныштығына кенелудің маңызды жолы (Філіпіліктерге 4:6, 7).

Пайдасы

Жан саулығыңыз болмай жүрген кезде осы дүниеде жалғыз қалып кеткендей сезінетін шығарсыз, өйткені немен және қалай күресіп жатқаныңызды жан баласы түсінбеуі мүмкін (Нақыл сөздер 14:10). Ал Құдайға ішіңіздегіні ақтарып, бәрін бүкпей айтар болсаңыз, ол сізді мейіріммен және түсінікпен тыңдайды. Кім-кім, төбедегі Құдай біздің жан азабымызды, күрсінісімізді және қиналысымызды көріп тұр. Сондықтан ол маза бермейтін кез келген ойларды оған ашық айтуға шақырады (Шежірелер 2-жазба 6:29, 30).

Ехобаға дұға айтқан сайын, сіз оның қаншалықты қамқор Құдай екенін көресіз. Кезінде бір жыршы Құдай жайлы былай деген: “Сен менің қасіретімді байқадың, Жанымның азабына назар аудардың” (Зәбүр 31:7). “Құдай байқайды, Құдай назар аударады” деген ойдың өзі бізге қиындықпен күресуге кәдімгідей күш береді. Бірақ Құдай тек байқап қана қоймай, бәрінен артық бізді жақсы түсінеді. Сөйтіп, бізге Киелі жазбалар арқылы жұбаныш пен күш дарытады.