Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Жер өз өнімін береді, Құдай, біздің Құдайымыз, батасын төгеді” (ЗӘБҮР 67:6)

Жаратқанның мәңгілік шапағатына кенеліңіз!

Жаратқанның мәңгілік шапағатына кенеліңіз!

Жаратушы Алла Ибраһим пайғамбарға оның бір ұрпағы арқылы “жер бетіндегі барлық халықтар” жарылқанатынын уәде еткен (Мұсаның 1-жазбасы 22:18). Сол ұрпақ кім болу керек еді?

Сол уәдесінен кейін көп ғасыр өте Алла Тағала Ибраһим пайғамбардың ұрпағы болған Ғайсаға таңғажайып кереметтер жасайтын құдірет дарытты. Сол кереметтер арқылы мына шындық ашылды: Ибраһим пайғамбарға берілген уәде Ғайса пайғамбар арқылы орындалмақ (Ғалаттықтарға 3:14).

Ғайса пайғамбар жасаған кереметтерге қарап, Алла Тағала адамзатты жарылқау үшін оны таңдағаны түсінікті болды. Сондай-ақ болашақта да Ғайса арқылы бүкіл адамзатты мәңгілік шапағатқа бөлейтіні анық болды. Ғайса пайғамбардың жасайтын кереметтерінен оның көркем мінезін байқауға болады. Солардың кейбірі қандай?

Кісі жанын түсінгіш: ол ауруларды сауықтырған

Бірде аса жұқпалы алапес деген дертпен ауыратын бір кісі Ғайса пайғамбарға келіп: “Қаласаңыз болғаны, мені айықтырып тазарта аласыз”,— деп жалбарынды. Сонда Ғайса пайғамбар оның сау жері қалмаған денесіне қолын тигізіп: “Қалаймын, тазар!”— деді. Сол сәтте ол алапесінен айықты (Марқа 1:40—42).

Мәрт: ол аш адамдарға тамақ берген

Адамдардың аш жүргені Ғайса пайғамбардың жанына бататын. Сондықтан ол сан мыңдаған адамды тамақтандыру үшін екі рет бірнеше нан мен балықты керемет түрде көбейткен (Матай 14:17—21; 15:32—38). Осылайша аш адамдар тойына жеді, тіпті көп тамақ артылып қалды.

Жанашыр: ол марқұмдарды тірілтті

Бір жесір әйелдің жар дегенде жалғыз ұлы қайтыс болды. Қарайтын ешкімі қалмаған бұл әйелге Ғайса пайғамбардың қатты жаны ашыды. Сондықтан Ғайса оның марқұм болған ұлына қайтадан өмір сыйлады (Лұқа 7:12—15).