Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Елах аңғары

Дәуіт пен Ғолияттың шайқасы өмірде болған оқиға ма?

Дәуіт пен Ғолияттың шайқасы өмірде болған оқиға ма?

Кейбіреулер Дәуіт пен Ғолият туралы оқиға шынымен өмірде болған ба, әлде бұл жай ғана аңыз ба деп ойланады. Алдыңғы мақаланы оқығанда, сізге де осындай ойлар келді ме? Олай болса, келесі үш сұрақты қарастырайық.

1 | Адамның бойы 2,9 м-ге дейін жетуі мүмкін бе?

Киелі кітапта Ғолияттың бойы алты шынтақ бір қарыс болғаны айтылады (Самуилдің 1-жазбасы 17:4). Бір шынтақ 44,5 см, ал бір қарыс 22,2 см болған. Барлығын қосқанда, шамамен 2,9 м болады. Біреулер Ғолияттың соншалықты ұзын болуы мүмкін емес дейді. Бірақ өзіңіз ойлап көріңізші, біздің заманымыздағы ең ұзын адамның бойы 2,7 м-ден асса, Ғолияттың одан небәрі 15-20 см ғана ұзын болуы мүмкін емес пе? Ғолият бойшаңдығымен танымал болған рефаим руынан шыққан еді. Сондай-ақ б. з. б. ХІІІ ғасырда жазылған Мысыр елінің бір құжатында Қанахан өңірінде бойлары 2,4 м-ден асатын алып денелі жауынгерлердің болғаны айтылады. Сондықтан Ғолияттың бойы ерекше ұзын болғанмен, бұл мүмкін емес нәрсе дей алмаймыз.

2 | Дәуіт тарихта болған адам ба?

Бір кездері ғалымдар Дәуіт патшаны аңыз кейіпкері деп жүрді. Бірақ кейіннен біраз айғақтар табылды. Мысалы, археологтар “Дәуіттің әулеті” деген сөздері бар ежелгі жазбаны тапты. Бұған қоса, Иса пайғамбар да Дәуіт жайлы өмірде болған адам ретінде айтқан (Матай 12:3; 22:43—45). Сондай-ақ Исаның құтқарушы Мәсіх екенін дәлелдейтін бүге-шігесіне дейін жазылған екі шежіреде де оның Дәуіт патшаның ұрпағы болғаны жазылған (Матай 1:6—16; Лұқа 3:23—31). Сонымен, Дәуіттің тарихта болған адам екенінде күмән жоқ.

3 | Оқиға орын алған жер шынайы географиялық орын ба?

Киелі кітапта шайқастың Елах аңғарында болғаны айтылған. Бір қызығы, онда шайқастың орнына қатысты басқа да нақты мәлімет жазылған. Мысалы, філістір әскерінің Соқот пен Әзек қалаларының арасындағы тау беткейінде қос тіккені айтылады. Ал Исраил әскері оларға қарама-қарсы, аңғардың арғы бетіндегі тау беткейінде, орналасты. Бұл шынайы географиялық орындар болған ба?

Сол аймаққа жақында саяхаттап барған бір кісі былай дейді: “Бізге экскурсияны дінді ұстанбайтын бір кісі өткізді. Ол бәрімізді Елах аңғарына алып барды. Біз соқпақ жолмен бір қырдың басына көтерілдік. Төмендегі аңғарға қарап тұрғанымызда, ол бізге Самуилдің 1-жазбасы 17:1—3 тармақтарда жазылған сөздерді оқып берді. Сосын сол жаққа қарай нұсқап: “Мынау — Соқот қаласының үйінділері”,— деді. Сосын оң жаққа қарай бұрылып былай деді: “Ал анау — Әзектің үйінділері. Філістірлер осы екі қаланың арасында, қарсы алдарыңыздағы қырда, қос тіккен. Ал біз Исраил қосы орналасқан жерде тұрған болуымыз мүмкін”. Сонда мен Саул мен Дәуіттің дәл осы жерде тұрғанын елестеттім. Сосын біз төмен түсіп, көп бөлігі құрғап қалған әрі тасқа толы өзен аңғарын кесіп өттік. Дәуіттің осында келіп, Ғолияттың шекесіне тиген тасты қоса алғанда, бес жұмыр тасты теріп жатқаны еріксіз көз алдыма келді”. Бұл саяхатшы да, өзгелер де Киелі кітаптағы мәліметтің қаншалықты тура екеніне қайран қалды.

Сонымен, бұл тарихи оқиғаға күмән келтіруге еш негіз жоқ. Бұл оқиғадағы адамдар да, географиялық орындар да шынайы. Ал ең бастысы, бұл оқиға Құдай рухының жетелеуімен жазылған Құдай Сөзінен алынған. Демек, оны өтірік айта алмайтын шындықтың Құдайы жаздырған (Титке 1:2; Тімөтеге 2-хат 3:16).