Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Әйелім Табита екеуміз уағыздап жүрміз

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Мен Құдай жоқ деп өстім

Мен Құдай жоқ деп өстім
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1974

  • ТУҒАН ЖЕРІ: ГЕРМАНИЯ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ

  • ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: БҰРЫН АТЕИСТ БОЛҒАН

ӨТКЕНІМ

Мен бұрынғы Германия Демократиялық Республикасының (ГДР) Саксония өңіріндегі бір ауылда туылдым. Біздің отбасымызда ылғи да сүйіспеншілік лебі есіп тұратын. Әке-шешем мені адамгершілікке баулып, моральдық тәрбие беріп өсірді. ГДР коммунистік мемлекет болғандықтан, Саксония халқының басым көпшілігінің дінмен ешқандай ісі жоқ еді. Мен де Құдай жоқ деп өстім. Дүние есігін ашқаннан 18 жыл бойы өміріме атеизм мен коммунизм идеологиялары өз әмірін жүргізіп келді.

Неге мені коммунизмге тартты дейсіз ғой?! Адамдардың бәрі тең деген идея маған қатты ұнады. Мен дүние-мүлік барлық адамға бірдей бөлінгені дұрыс, сонда бай-кедей деген болмайды деп ойладым. Содан не керек, жастардың коммунистік ұйымында бас алмай жұмыс істедім. Он төрт жасымда макулатураны өңдейтін табиғатты қорғау жобасына қатысып, қара кешке дейін сонда жүрдім. Өзім тұратын Ауэ қаласының билік өкілдері еңбегіме риза болып, мені марапаттады. Сөйтіп жүріп, жас кезімде-ақ ГДР-дың атақты саясаткерлерімен танысып алдым. Мен тура жолда жүргеніме, келешегім жарқын болатынына сенімді едім.

Бірақ ойламаған жерден бүкіл арманымның күлі көкке ұшты. 1989 жылы Берлин қабырғасы құлап, онымен бірге Шығыс Еуропаны біріктіріп тұрған коммунизм де құлдырады. Бір сұмдық екінші сұмдыққа ұласып жатты. Көп ұзамай ГДР-дың әділетсіздікке лық толы екенін білдім. Коммунизмді қолдамайтындар төменгі таптың адамдары болып есептеліп келіпті. Бұл менің ақылыма сыймады. Коммунизм барлық адам тең екенін насихаттамаушы ма еді?! Бұның сонда бос сөз болғаны ма? Ішім алай-түлей болып, мені уайым басты.

Содан, мүлдем басқа салаға — өнерге бет бұрдым. Университетке түсемін деген оймен музыкалық мектепте оқып жүргенімде, музыкант әрі суретші болуды көп армандадым. Бала күнімнен бойыма сіңірген моральдық құндылықтарды шетке ысырып, тек көңіл көтеруді ғана ойладым. Мен бір дегенде бірнеше қызбен жүріп жүрдім. Алайда музыка мен сурет салу өнері де, еркіндігім де ішімдегі уайымымды сейілтпеді. Салып жүрген суреттерім жаным қорқыныш пен үрейге толы екенін көрсетіп тұратын. “Келешегім қандай болмақ? Өмірдің мәні неде?” деген сұрақтар маған маза бермейтін.

Ақыры осы сұрақтарға жауап тауып, көзім ашылды. Бұл қалай болғанын айтып берейін. Бір күні мектепте оқушылармен болашақ жайында сөйлесіп қалдық. Арамыздағы Мэнди * деген қыз Ехоба куәгері болатын. Маған дұрыс жолды сілтеген — сол қыз. Ол маған: “Андреас, өмір мен болашаққа қатысты сұрақтарыңа жауап алғың келсе, Киелі кітапты мұқият оқып көр”,— деді.

Онша сеніңкіремесем де, Киелі кітапта не жазылғанын қатты білгім келді. Мэнди маған Даниял кітабының 2-тарауын көрсеткенде, төбеме жай түскендей болды. Бұл пайғамбарлықта ежелден біздің күндерімізге дейін ықпалы зор болатын дүниежүзілік империялар туралы айтылған екен. Мэнди маған Киелі кітаптан болашағымызға қатысты тағы бірнеше пайғамбарлықты көрсетті. Осылай жаныма маза бермей жүрген сұрақтарыма жауап алдым! “Бірақ бұл пайғамбарлықтарды кім жазған? Болашақта не болатынын осылай нақты кім айта алады? Сонда не, Құдайдың шынымен бар болғаны ма?” деп ойланып қалдым.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ

Мэнди мені Хорст және Анжелика деген Куәгер ерлі-зайыптымен таныстырды. Олар маған Киелі кітапты жақсырақ түсінуге көмектесті. Ехоба куәгерлерінің Құдайды Ехоба деген есіммен атайтын және сол есімге ерекше мән беретін жалғыз діни ұйым екені бірден байқалды (Зәбүр 83:18; Матай 6:9). Ехоба Құдай адамдарға жер бетінде мәңгі өмір сүру үмітін беріп отырғанын білдім. Зәбүр 37:9-да: “Ехобаға үміт артатындар жерді мұра етеді”,— делінген. Құдайдың Киелі кітапта жазылған талаптарына сай өмір сүретіндердің бәрі осындай үмітке ие бола алатыны маған қатты әсер етті.

Бірақ маған өзгеріп, Киелі кітапқа сай өмір сүру үшін көп күш салуға тура келді. Өнер жолында табысқа жетіп, көкірек керіп кеткендіктен, ең алдымен кішіпейіл болуды үйренуім керек болды. Бұдан бөлек жүгенсіз өмір жолымнан қайту да оңай болмады. Киелі кітапта айтылғандарды орындауға тырысатын адамдарға Ехоба шыдаммен, мейірімділікпен және түсінікпен қарайтынына сондай ризамын!

Өмірімнің алғашқы 18 жылында мені коммунизм мен атеизм қалыптастырса, содан кейінгі жылдарда Киелі кітап қалыптастырып келеді. Алған білімім болашақ жайлы уайымымды санамнан ығыстырып, өмірдің мәнін табуға көмектесті. 1993 жылы мен шомылдыру рәсімінен өтіп Ехоба куәгері болдым. Ал 2000 жылы Ехобаға өзім сияқты бар жүрегімен сенетін Табита деген қызға үйлендім. Қазір екеуміз өзгелерге Киелі кітап жайлы білуге көмектесу үшін қолдан келгенше көп уақыт бөліп жүрміз. Пікір алысатын адамдарымыздың көбісі — мен сияқты коммунизм мен атеизмнің жолына түскендер. Оларға Ехоба жайлы айтудан зор қанағат аламын.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ

Ехоба куәгерлерімен енді араласа бастағанымда, ата-анам мені уайымдап қорқып жүрді. Бірақ кейін олар менің жақсы жаққа қарай өзгергенімді көрді. Қуанышыма орай, қазір олар Киелі кітапты оқып, Ехоба куәгерлерінің кездесулеріне барып тұрады.

Құдайдың Сөзіндегі әйелдер мен күйеулерге айтылған кеңестерге құлақ асқандықтан, некелік одағымыз Табита екеумізге қуаныш әкеледі. Әсіресе неке адалдығын сақтау туралы нұсқауды ұстанғанымыз некеміздің тұғырын берік ете түседі (Еврейлерге 13:4).

Мен қазір өмірге үреймен қарамаймын, болашақты да ойлап уайымдамаймын. Дүниежүзіндегі бірлігі жарасқан бір сенушілердің қатарында жүргеніме өте қуаныштымын. Ғаламат үлкен осы отбасында бәрі бір-бірін тең санайды. Менің өмір бойы сеніп, қалап келгенім де осы еді!

^ 12-абзац Есімі өзгертілген.