Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖАРАТЫЛЫС ҒАЖАЙЫПТАРЫ

Көк түсіне көз тоймас поллия жидегі

Көк түсіне көз тоймас поллия жидегі

АФРИКА елдерінде кездесетін “Поллия конденсата” өсімдігінің майда-майда жидектері өсімдік атаулыда кездеспейтін ерекше қанық көк түске ие. Көк пигментсіз-ақ көк түске боялып тұрғаны өсімдікті одан бетер ерекшелендіре түседі. Мұның құпиясы неде?

Көңіл қоярлық жайттар. Поллия жидегінің қабығындағы жасушалар өте кішкентай талшықтардан тұрады. Талшықтар қораптағы сіріңкелер сияқты бір қатарға шоғырланып, бір қабатты құрайды. Мұндай қабаттар бір-бірінің дәлме-дәл үстіне емес, сәл қиғаштау жатып, спираль пішінмен жиналады. Талшықтардың түсі көк емес. Бірақ олардың қабаттарға жиналу құрылымы көк түс береді. Пигменті болмаса да, осындай ғажайып құрылымның арқасында жидектің жылтыр металлик өңі бар. Поллияның көп жасушасы, негізінен, көк болып көрінеді. Бірақ оған басқа қырынан қарайтын болсақ, жасыл, ашық қызыл, сары түстерді байқауға болады. Мұның себебі — талшық қабаттарының қалыңдығы әртүрлі болуында. Тағы бір қызығы, жидекке жақындап қарағанда, әлгі түстердің біркелкі емес, компьютер экранындағы түстер сияқты, көптеген пиксельден тұратынын аңғаруға болады.

Поллия жидегі пигменті болмағандықтан, жерге түскенде де өз түсін жоғалтпайды. Осыдан 100 жыл бұрын жиналған жидектер жаңа ғана терілгендей қаз қалпында сақталған. Зерттеушілердің айтуы бойынша, жидектің тіске басар ештеңесі болмай, іші өңшең тұқымнан тұрса да, құстар оның қанық түсіне арбалып, қасынан жай өтпейді.

Поллия жидегінің пигментсіз түсін үлгі етіп, келешекте ғалымдар өңі кетпейтін бояулар мен көшірмесі жасалынбайтын қағаздар ойлап шығаруы мүмкін.

Сіз қалай ойлайсыз? Поллия жидегінің көк түсі эволюция барысында өздігінен пайда болды ма, әлде ол Жаратушының жасампаздығы ма?