Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Төтенше жағдайда жан сақтайтын шаралар

Төтенше жағдайда жан сақтайтын шаралар

“Бір кезде қатты жарылыс болды. Мен еденге ұшып түстім. Вентиляция саңылауынан түтін кіріп, жоғарғы қабаттағы кеңсеміз отқа орана бастады” (Джошуа).

Жер сілкінісі. Дауыл. Террорлық әрекет. Мектептегі атыс. Бұл сөздер баспа беттерінен түспей келеді. Олар жайында оқу бір бөлек те, ал өз басыңнан өткеру мүлдем бөлек. Айтпай келетін апатқа дайын болып, аман қалудың қамын жасау үшін апатқа дейін, апат кезінде және одан кейін не істеу керек?

АПАТҚА ДЕЙІН ДАЙЫНДАЛЫҢЫЗ!

АПАТ адам талғамайды. Одан аман қалудың басты жолы — дайындалу. Ал дайындыққа не кіреді?

  • Ақыл-санаңызды дайындаңыз. Төтенше жағдай болып қалуы мүмкін екенін және өзіңізге де, жақындарыңызға да қауіп төніп тұрғанын ескеріңіз. Әйтпесе, апат кезінде дайындалуға тым кеш болады.

  • Аумағыңызда болуы мүмкін апаттар жайлы мәлімет жинаңыз. Бассауғалайтын жерлерді анықтаңыз. Үйіңіздің және тұратын аймағыңыздың қауіпсіз екеніне көз жеткізіңіз. Темекі, майшам, сіріңке, пеш сияқты өрт тұтандыруы мүмкін заттарға абай болыңыз. Түтін детекторын орнатып, жылына бір рет батареясын ауыстырып тұрған да жөн.

  • Ең қажетті заттарды даярлап қойыңыз. Апат кезінде электр қуаты, су, телефон мен көлік қызметі істен шығуы мүмкін. Көлігіңіз бар болса, жанармайы кем дегенде жартысына дейін толы болуын қадағалап жүріңіз. Үйде үнемі әкетуге дайын азық-түлік, су және алғашқы жәрдем қобдишасы болсын (“ Сізде керектінің бәрі бар ма?” деген қоршауды қараңыз.).

    Апаттан аман қалудың басты жолы — дайындалу

  • Телефон нөмірлерін сақтап қойыңыз. Жақын маңдағы және алыстағы тума-туыс, дос-жарандарыңыздың телефон нөмірлері қолыңызда болсын.

  • Эвакуация жоспарын құрып, жаттығыңыз. Үйден не жұмыс орнынан қалай қашып шыққан дұрыс болатынын және балаларыңыз оқитын мектепте эвакуация жоспары қандай екенін біліп алыңыз. Отбасыңызбен кездесетін бірнеше жерді таңдаңыз, мысалы, мектепті не саябақты. Біреуі үйіңізге жақын маңда, ал қалғандары алыста болғаны дұрыс. Үкімет өкілдері таңдалған жерге отбасымен жиналып жаттығуға кеңес береді.

  • Басқаларға көмек көрсетуді ойластырыңыз. Мәселен, қарт не мүгедек адамдарға.

АПАТ КЕЗІНДЕ ЖЫЛДАМ ӘРЕКЕТ ЕТІҢІЗ

“Өрт лап етсе де, көбісі міз бақпады, асықпай жүріп алды,— дейді жоғарыда сөз етілген Джошуа.— Біреулері компьютерлерін өшіріп жатса, біреулері бөтелкелеріне су толтырып жүрді. Ал бір кісі: —Күте тұрғанымыз дұрыс шығар,— деді”. Сонда да Джошуа: “Бұл жерден тез кетуіміз керек!”— деп айғайлады. Сол кезде естерін жиған әріптестері оның соңынан еріп, баспалдақпен төмен түсті. Джошуа: “Біреу құлап қалса, тұрғызып, бөгелмей әрі қарай жүрейік. Сонда бәріміз аман қаламыз”,— деумен болды.

  • Өрт шыққанда, еңкейген күйі есікке қарай тез-тез жылжыңыз. Өйткені түтіннің арасында ештеңе көрінбейді. Көп жағдайда адам өрттен емес, түтін жұтқаннан қаза болып жатады. Құнды затыңызды аламын деп уақыт жоғалтпаңыз. Бірер секундтың өзі өміріңізден айырылуға себеп болуы мүмкін.

  • Жер сілкінгенде, ішкі қабырғаның тұсына тұрыңыз не қатты үстелдің астына кіріңіз. Әдетте жерасты дүмпулері қайталанатындықтан, мүмкіндігінше жылдам сыртқа шығып, ғимараттардан алыс тұрыңыз. Құтқарушылар сағаттап келмеуі мүмкін, сондықтан шамаңыз келсе, басқаларды құтқарыңыз.

  • Цунами болғанда. Аяқастынан теңіз суы жағадан біраз жерге тартылып кетсе, дереу биіктеу жерге қашыңыз. Өйткені бұл — алып толқындар келе жатқанының белгісі. Толқындар үлкейіп, бірнеше рет қайталануы мүмкін.

  • Құйын не дауыл тұрғанда, кідірместен жертөлеге түсіңіз немесе үйдің ортаңғы бөлмесінде отырыңыз.

  • Су тасқыны болғанда, су алған үйлерден шығыңыз. Суды жаяу не көлікпен кешуден аулақ болыңыз. Өйткені онда канализациядан аққан сулар, сынықтар, аузы ашық люктер мен электр сымдары болуы мүмкін.

  • Сіз білгенсіз бе? 60 см-ге дейін көтерілген су бір көлікті ағызып әкете алады. Көп адам су тасқыны кезінде көлікпен жүргендерінің кесірінен өліп кеткен.

  • Үкімет нұсқау берсе, апат ошағынан бірден кетіп қалыңыз! Аман екеніңіз туралы достарыңызды хабардар етіңіз, әйтпесе сізді табамын деп олар өмірлерінен айырылып қалуы мүмкін.

    Үкімет нұсқау берсе, апат ошағынан бірден кетіп қалыңыз!

  • Сіз білгенсіз бе? Телефон шалғаннан гөрі, хабарлама жазған әлдеқайда тиімді.

  • Үкімет сыртқа шықпауды бұйырса, құлақ асып, іште отырыңыз. Өйткені химиялық, биологиялық, ядролық шабуыл не апат орын алған болуы мүмкін. Мұндайда үйдегі вентиляцияны өшіріп, есік-терезелерді түгел жауып алыңыз. Ядролық апат кезінде уланып қалмас үшін, ғимараттың ең төменгі қабатына түсіңіз. Теледидар не радиодан айтылған жергілікті жаңалықтарға құлақ түріңіз. Үкімет қауіптің беті қайтқанын хабарламайынша, сыртқа шықпаңыз.

АПАТТАН СОҢ ӨЗІҢІЗДІ КҮТІҢІЗ!

Індет пен қауіптен сақ болу үшін төмендегі нұсқауларға ден қойыңыз:

  • Туыстарыңыздың не достарыңыздың үйіне барыңыз. Мүмкін болса, апаттан зардап шеккендерге арналған лагерьде қалмағаныңыз жақсы.

  • Тұрып жатқан жеріңізді таза ұстаңыз.

  • Жеке қорғаныс құралдарын пайдаланыңыз. Үйінділерді тазалаған кезде, мүмкін болса, қолғап, қалың етік, басыңызға каска және шаңнан қорғайтын бетперде киіп алыңыз. Электр сымдары мен жасырын жатқан шоқтардан абай болыңыз.

  • Мүмкіндігінше үйреншікті тірліктеріңізге қайта кірісіңіз. Балаларыңыз сіздің сабыр сақтап, үміт үзбегеніңізді көрсін. Олармен бірге сабақ жасаңыз, ойнаңыз, Құдайға ғибадат етіңіз. Болған апат туралы жаңалықтарға байланып қалмаңыз. Уайым мен ашуға беріліп, үй ішінің берекесін кетіруден аулақ болыңыз. Берілген көмекті қабыл алып, өзіңіз де басқаларға қол ұшын беріңіз.

    Апаттан кейін мүмкіндігінше күнделікті тірліктеріңізге қайта кірісіңіз

  • Апат кезінде дүние-мүлкіңізден айырылатыныңызды түсініңіз. Үкімет пен гуманитарлық көмек көрсетушілердің мақсаты — жоғалған әр мүлікті қалпына келтіру емес, адамдардың амандығын ойлау. Аман қалу үшін керегі — таза су, тамақ, киім-кешек пен жауын-шашыннан қорғайтын пана (Тімөтеге 1-хат 6:7, 8).

  • Жаныңыз жарақат алғандықтан, көмекке мұқтаж болатыныңызды мойындаңыз. Апаттың у-шуы басылғаннан кейін, жиі адамдар келесідей күй кешеді: мазалары қашады, жандары күйзеледі, көңіл күйлері құбылады, ойлау, жұмыс істеу қабілеттері нашарлайды, ұйқылары бұзылады. Бұл жайлы жақындарыңызбен сөйлесіңіз.

Джошуа жұмыс орнында шыққан өрттен аман қалды. Бірақ оның таныстарының көбісі қаза тапты. Ол Ехоба куәгерлерінің және психолог мамандарының көмегіне жүгінді. “Олар менің қасірет шегіп жатқаным айығып жатқанымның бір белгісі екенін және бұл кездің өтіп кететінін түсіндірді. Алты айдан кейін жаман түс көруім азайды. Ал басқа салдары біраз уақыттан кейін ғана басылды”,— дейді Джошуа.

Кез келген апатта адам әділдік іздеп, дал болады. Содан кейбіреулер бұл қасіретке Жаратқан Иені кінәлап, ағат кетіп жатады. Ал тағы біреулері өздерінің аман қалып, басқалардың өліп кеткеніне өздерін кінәлі санайды. Мысалы, Джошуа былай дейді: “Көбірек адамды құтқарып қалғанымда ғой деп әлі күнге дейін өкінемін. Осындайда жаныма жай беретіні — Құдай жақында жер бетінен әділетсіздікті түптамырымен жойып, барлық жағдайды түзететінін білгенім. Қазір мен сүріп жатқан әр күнімді бағалаймын және өмірімді сақтау үшін қолымнан келгенін жасаймын” (Аян 21:4, 5) *.

^ 33-абзац Құдайдың болашаққа қатысты айтқан уәделері жайлы және оның қайғы-қасіретке не үшін жол беретіні жайлы көбірек мәлімет алғыңыз келсе, “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабын оқып көріңіз. Оны www.ps8318.com сайтынан жүктеп алуға болады.