Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаны сүйетіндер “ештеңеге сүрінбейді”

Ехобаны сүйетіндер “ештеңеге сүрінбейді”

“Тәліміңді сүйгендер тыныштыққа кенелер, Ештеңеге сүрінбей, аман-есен жүрер” (ЗАБ. 118:165).

1. Бір жүгіруші жарыста оңай беріле салмайтынын қалай көрсетті?

МЭРИ ДЕККЕР жасөспірім кезінен дүниежүзі бойынша үздік жүйрік ретінде танымал болды. Ол 1984 жылғы жазғы олимпиадада 3000 метр қашықтыққа жүгіруде алтын медальға басты үміткер болып есептелген. Алайда сол жарыста ол мәре сызығына жетпеді. Мэри басқа жүгірушінің аяғына шалынып құлап, жарақат алды. Көзіне жас толған оны жарыс жолынан алып кетті. Бірақ Мэри оңайлықпен беріле салатын адам емес-тін. Бір жылға жетпей ол қайта қалпына келіп, 1985 жылы әйелдер арасында өткен жарыста жаңа әлем рекордын орнатты.

2. Шынайы мәсіхшілер қандай жарысқа қатысуда және біз не нәрсеге көз тігуіміз керек?

2 Мәсіхшілер ретінде біз де бейнелі мағынада жарысқа қатысудамыз. Біз мәре сызығына жетуді көздеуіміз керек. Бұл зор жылдамдықпен қысқа қашықтыққа жүгіретін жарыс емес. Сондай-ақ бұл асықпай жүгіріп, арасында оқтын-оқтын үзіліс жасауға болатын жарыс та емес. Қайта, біз соңына дейін қажырлықпен жүгіруді талап ететін марафонға қатысудамыз. Елші Пауыл спорттық сайыстарымен әйгілі болған Қорынт қаласындағы мәсіхшілерге жазған хатында жүгірушіні мысалға келтірген. Ол былай деді: “Жарысқа түскен жүйріктердің бәрі жүгіргенмен, біреуі ғана жүлдеге ие болатынын білмейсіңдер ме? Ендеше соны жеңіп алатындай болып жүгіріңдер” (Қор. 1-х. 9:24).

3. Мәңгілік өмір үшін жарыста жүлдеге кімдер ие бола алады?

3 Киелі кітап бізді бейнелі жарысқа қатысуға шақырады (Қорынттықтарға 1-хат 9:25—27 оқы). Жүлде — майланған мәсіхшілер үшін көктегі, ал қалған адамдар үшін жердегі мәңгілік өмір. Бұл жарыстың басқаларынан айырмашылығы — оған  қатысып, ақырына дейін табандылық танытатындардың барлығы бірдей жүлдеге ие болады (Мат. 24:13). Мұнда тек ережелерді ұстанбағандар не мәре сызығына жетпегендер ғана жеңіледі. Оның үстіне, тек осы жарыста ғана мәңгілік өмір жүлдесі беріледі.

4. Мәңгі өмір үшін жарыс не себепті оңай емес?

4 Мәңгілік өмір үшін жарыста жеңіске жету оңай емес. Ол үшін адамның тәртіпті сақтауы және жеңіске жетуге бел бууы қажет. Бұл жарысты тек Иса Мәсіх қана бір де бір рет сүрінбей жүгіріп өтті. Бірақ Исаның шәкірті Жақып жазғандай, “бәріміз де жиі сүрініп жатамыз” (Жақ. 3:2). Барлығымыз да өзіміздің не өзгелердің кемелсіздігінен зардап шегіп жатамыз. Сол себепті кейде сүрініп қалуымыз, тепе-теңдігімізді жоғалтып алуымыз және қарқынымызды бәсеңдетуіміз, тіпті құлап та қалуымыз мүмкін. Бірақ біз қайта тұрып, жарысты жалғастыра береміз. Ал кейбіреулердің қатты құлағандары сонша, қайта тұрып, жүгіруді жалғастыру үшін олар өзгелердің көмегіне мұқтаж болған. Сондықтан да бір сәтке не тіпті қайта-қайта сүрінуіміз я құлап қалуымыз мүмкін екені бізді таңғалдырмау керек (Пат. 3-ж. 8:46).

Егер құлап қалсаң, көмекті қабыл алып, түрегел!

СҮРІНІП ҚАЛСАҢ ДА, ЖАРЫСТАН ШЫҒЫП КЕТПЕ

5, 6. а) Қай мағынада мәсіхшілер “ештеңеге сүрінбейді” және “қайта тұруға” оларға не көмектеседі? ә) Неліктен кейбіреулер сүрінгеннен кейін қайта тұрмайды?

5 Бәлкім, сен “сүріну” не “құлап қалу” деген сөздерді адамның рухани күйін сипаттау үшін қолданатын шығарсың. Бұл сөздер Киелі кітапта кейде мағыналас болып келеді. Мысалы, Нақыл сөздер 24:16-да (ЖД) не айтылғанына назар аударайық: “Әділ жан жеті рет құласа да, қайтып тұрар, Ал зұлым адам апат кезінде сүрініп құлар”.

6 Ехоба өзіне сенім артатындардың қиындыққа кезіккенде не қателік жасағанда, олардың қайта тұра алмайтындай құлауларына не сүрінулеріне жол бермейді. Ол бізге “қайтып тұруға” және әрі қарай оған барымызды салып қызмет етуге көмектеседі. Бұл Ехобаны  бар жүрегімен сүйетіндер үшін неткен жұбаныш! Зұлымдар болса қайта тұрғылары келмейді. Олар Құдайдың киелі рухының және оның қызметшілерінің көмегін не өздері іздемейді, не ұсынса қабылдамайды. Ал Ехобаның “тәлімін сүйетіндер” өмір үшін жарыстан мүлдем шығып кететіндей ештеңеге сүрінбейді (Забур 118:165 оқы).

7, 8. Қалайша адам “құлап қалса” да, Құдайдың ықыласына ие бола алады?

7 Кейбіреулер әлсіздіктерінің кесірінен кішігірім күнә жасап қоюы, тіпті бірнеше рет қателесуі мүмкін. Алайда олар “қайта тұра” беретін болса, яғни шын жүректен өкініп, қызметті әрі қарай адалдықпен жалғастыруға тырысса, Ехобаның көзінде әділ болып қала береді. Біз мұны Құдайдың өкінген исраилдіктерге қалай қарағанынан көре аламыз (Ишая 41:9, 10). Жоғарыда келтірілген Нақыл сөздер 24:16-да сүрініп “құлауға” емес, құласақ “қайта тұрып”, Ехобаның рақымына ие болуға баса назар аударылады (Ишая 55:7 оқы). Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх бізге сенімді екенін білдіре отырып, “қайтып тұруға” мейірімділікпен талпындырады (Заб. 85:5; Жох. 5:19).

8 Марафон жарыскері сүрініп не құлап қалған жағдай да, уақытты жоғалтпай тездетіп әрекет етсе, оның қайта тұрып, жарысты аяқтауға уақыты болуы мүмкін. Ал біз өмір үшін жарыстың аяқталатын “күні мен сағатын” білмейміз (Мат. 24:36). Бірақ біз неғұрлым аз сүрінсек, соғұрлым бір қалыпты жылдамдықпен жүгіріп, жарыстан шығып кетпей мәреге жете аламыз. Олай болса, сүрінбеу үшін не істей аламыз?

ЖАРЫСТА СҮРІНДІРЕТІН НӘРСЕЛЕР

9. Біз қандай сүріндіретін нәрселерді қарастыратын боламыз?

9 Қазір бізді сүріндіруі мүмкін бес нәрсені қарастырып көрейік. Олар — әлсіздіктеріміз, тән құмарлықтары, бауырластардың әділетсіз әрекеттері, қиындықтар не қуғын-сүргін және өзгелердің кемшіліктері. Алайда сүрініп қалсақ, Ехобаның асқан шыдамды екенін есте ұстайық. Ол бізді өзіне адал емес деп қарастыруға асықпайды.

10, 11. Дәуіт қандай әлсіздігімен күресті?

10 Әлсіздіктерімізді жарыс жолында жатқан тастарға теңеуге болады. Дәуіт патша мен елші Петірдің бастан кешкен оқиғаларын қарастыра отырып, адам бойында болатын екі әлсіздікке — ұстамдылықтың жетіспеуі мен адам алдындағы қорқынышқа — назар аударамыз.

11 Дәуіт патшаға кейде ұстамдылық жетіспеген. Бұл оның Барсабиямен байланысты іс-әрекеттерінен көрінеді. Сондай-ақ Набалдың дөрекі жауап бергенін естігенде, Дәуіт қызбалыққа салынды. Бірақ осындай әлсіздігі болса да, Дәуіт ешқашан Ехобаға ұнамды болуға тырысудан қайтпаған. Басқалар көмектескенінің арқасында ол рухани күйін қалпына келтіре алды (Пат. 1-ж. 25:5—13, 32, 33; Пат. 2-ж. 12:1—13).

12. Қалайша Петір сүрініп қалғанына қарамастан жарыстан шығып кетпеді?

12 Петір Иса мен Ехобаға адал болып қалды. Алайда кей кездері ол адам алдындағы қорқынышқа бой алдырып, сүрініп қалатын. Мысалы, ол көпшіліктің алдында Ұстазынан бір емес, үш рет танған (Лұқа 22:54—62). Кейінірек сүндеттелген яһуди мәсіхшілерін басқа ұлт адамдарынан артық көргенімен Петір мәсіхшіге лайықсыз әрекет етті. Алайда елші Пауыл қауымда алалаушылық болмау керектігін анық түсінген. Сондықтан Петірдің бұрыс көзқарасы бауырластарға зардабын тигізбес үшін, Пауыл оның бұрыс әрекет жасағанын бетіне айтты (Ғал. 2:11—14). Сонда Петір намыстанып, өмір үшін жарыстан шығып кетті ме? Жоқ, ол Пауылдың кеңесінің үстінен ой жүгіртіп, көзқарасын өзгертті және жарысты жалғастырды.

13. Қалайша денсаулықтың нашарлауы сүріндіруі мүмкін?

13 Бізді сүріндіруі мүмкін әлсіздіктің  ендігі бір түрі — денсаулықты шектен тыс уайымдау. Бұл адамның рухани өсуін баяулатуы, тіпті тепе-теңдіктен айыруы және қажытып жіберуі мүмкін. Мысалы, бір жапондық әйел бауырлас шомылдыру рәсімінен өткеніне 17 жыл болғанда қатты ауырып қалды. Денсаулығын тым көп уайымдағаны оны рухани әлсіретіп жіберді. Уақыт өте ол уағыздауды қойды. Сонда оған екі ақсақал барды. Ақсақалдардың айтқан жылы сөздері оған жігер берді, сөйтіп, ол қайтадан қауым кездесулеріне бара бастады. Ол былай деп есіне алады: “Бауырластар мені құшақ жая қарсы алғанда жылап жібердім”. Бұл әйел бауырласымыз өмір үшін жарысқа қайта оралды.

14, 15. Күнә жасауға азғырылғанда, адам қандай шұғыл әрекет жасауы керек? Мысал келтір.

14 Көп адам тән құмарлықтарына сүрінген. Тәннің істерін жасауға азғырылған кезде ой-сана, өнегелік және рухани тазалықты сақтау үшін бізге батыл әрекет ету керек. Бізді сүріндіруі мүмкін кез келген нәрсені, бұл тіпті көзіміз не қолымыз болсын, бейнелеп айтқанда, “лақтырып тастау” керектігіне қатысты Исаның кеңесін есіңе алшы. Бұған кейбіреулердің жарыс жолынан шығып кетуіне себеп болған азғын ойлар мен әрекеттердің де жататыны сөзсіз (Матай 5:29, 30 оқы).

15 Мәсіхші отбасында өскен бір бауырлас есін білгелі еркекқұмар болғанын айтып берді. Ол өзін елден ерекше сезініп, еш жерге сыймай жүрді. Жасы 20-ға келмей жатып ол жалпы ізашар және қызмет көмекшісі болып тағайындалды. Бірақ кейіннен ол қатты сүрінді. Ақсақалдар оны Жазбаларға сай жөнге салып, көмек берді. Дұға ету, Құдай Сөзін зерттеу және бар назарын өзгелерге көмектесуге аудару арқылы ол қайтадан аяққа тұрып, рухани жарысты жалғастырды. Содан бері көп жыл өтсе де, ол былай деп мойындайды: “Кейде маған жаман ойлар келеді, бірақ мен оларға бой алдырмауға тырысамын. Түсінгенім, Ехоба шектен тыс сыналуымызға жол бермейді. Демек, Құдай мұны жеңе алатыныма сенімді”. Бауырласымыз тағы да былай дейді: “Қазіргі күресімнің қарымтасын жаңа дүниеде көремін. Мен сол кезді қатты аңсаймын! Ал ол күн келгенше мен талмай күресемін”. Бұл бауырласымыз жарыстан шығып кетпеуге белін бекем буған.

16, 17. а) Әділетсіздіктің құрбаны болдым деп ойлаған бауырласқа не көмектесті? ә) Сүрініп қалмас үшін біз не нәрсені есте ұстауымыз керек?

16 Бауырластардың әділетсіз әрекеттері де бізді сүріндіруі мүмкін. Бұрын ақсақал болған Франциядағы бір бауырлас әділетсіздіктің құрбаны болдым деп ойлап, қатуланып кетеді. Нәтижесінде ол бауырластармен араласуды және уағыздауды доғарады. Болған жағдайды қалай қабылдағанын айтып бергенде, өзіне келген екі ақсақал сөзін бөлмей, оны жанашырлықпен тыңдады. Ақсақалдар оны жүгін Ехобаға артуға талпындырып, ең бастысы, Құдайға ұнамды болу екеніне назар аударды. Әлгі бауырлас кеңесті қабыл алып, көп ұзамай қауым істеріне белсене қатыса бастады. Осылайша ол жарыс жолына қайта оралды.

17 Барлық мәсіхшілер Иса Мәсіх қауымның Басы екенін есте ұстаулары және кемелсіз адамдардың әрекеттеріне аса мән бермеулері керек. “Көздері жалындаған оттай” болғандықтан, Иса кез келген жағдайға дұрыс баға бере алады. Ол бізге қарағанда әлдеқайда көп нәрсені көреді (Аян 1:13—16). Мәселен, қауымдағы қандай да бір әрекеттің бізге әділетсіздік болып көрінгені жай ғана жағдайды дұрыс түсінбегеніміздің не бұрыс тұжырым жасағанымыздың салдары болуы мүмкін. Ал проблемалар шын мәнінде орын алып жатса, Иса оларды дұрыс деп тапқан уақытта және дұрыс деп тапқан жолмен шешеді. Ендеше, ешкімге әрекеттерімен не шешімдерімен бізді сүріндіруге жол бермейік.

18. Біз қиындықтарға не қуғын-сүргінге қалай төтеп бере аламыз?

 18 Қиындықтар не қуғын-сүргін және өзгелердің кемшіліктері де бізді сүріндіруі мүмкін. Тұқым сепкен диқан туралы астарлы әңгімесінде Иса кейбіреулердің Патшалық туралы сөз үшін “қиындықтар мен қуғын-сүргінге” кезіккенде сүрінетінін айтқан. Қуғын-сүргін отбасы мүшелерінің, көршілердің не билік басындағылардың тарапынан болсын, ол “тамыр жаймаған”, яғни сенімі әлсіз адамдарды сүріндіруі мүмкін (Мат. 13:21). Алайда біз Ехобаға етене жақын болып қала берсек, Патшалықтың дәні жүрегімізге терең тамыр жайып, сеніміміз нығаяды. Сондықтан қиындықтардан бас көтермей қалғанда, “мақтауға тұратын нәрселер” жөнінде дұға ете отырып ой жүгіртуге тырыс (Філіпіліктерге 4:6—9 оқы). Ехоба бізге қиындықтарға төтеп беріп, жарысты сүрінбей өтуге қажетті күш береді.

Жарысты аяқтауыңа еш нәрсе кедергі жасамасын!

19. Біреулердің әрекеттеріне бола сүрінбеуімізге не көмектеседі?

19 Өкініштісі, кейбіреулер өзгелердің кемелсіздіктерінің кесірінен жарыс жолынан шығып кеткен. Немесе адам өзгелер оның ар-ұжданы айыптайтын істерді істегендіктен сүрінуі мүмкін (Қор. 1-х. 8:12, 13). Біреудің бізді ренжіткеніне бола шындықты тастап кеткеніміз дұрыс бола ма? Киелі кітап бізді өзгелерді соттауды қоюға, тіпті ренжуге негіз бар деп ойлаған кезде де кешірімді болуға шақырады (Лұқа 6:37). Осындай кезде өзіңнен былай деп сұрашы: “Мен басқаларды жеке көзқарасыма сүйеніп соттаймын ба? Бауырластардың кемелсіздігіне бола шындықты тастап кетемін бе?” Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз өзгелердің әрекеттеріне бола өмір үшін жарыстан шығып кетпеуге көмектеседі.

ҚАЖЫРЛЫҚПЕН ЖҮГІРІП, ЕШ СҮРІНБЕ

20, 21. Сен өмір үшін жарыста не істеуге бел будың?

20 Сен “мәреге жетуге” беліңді бекем будың ба? (Тім. 2-х. 4:7, 8). Онда жеке зерттеу жүргізуің қажет. Сені не нәрсе сүріндіруі мүмкін екенін анықтау үшін Киелі кітап пен әдебиеттерді зертте және ой жүгірт. Қажетті күш-жігерге ие болу үшін Ехобадан киелі рух сұра. Есіңде болсын, өмір үшін жарыстағы жүгірушілердің қай-қайсысының да арагідік сүрінгені не құлағаны жеңіске жете алмайтынын білдірмейді. Ол түрегеліп, жарысты жалғастыра алады. Тіпті қателіктерінен сабақ алып, жарыста одан да жақсырақ жүгіре алады.

21 Киелі кітапта өмір үшін жүгіретіндер белсенді жарыскерлер ретінде суреттелген. Біз мәре сызығына автобусқа отырып жетпейміз. Біз өмір үшін жүгіруіміз керек. Жүгіру барысында Ехобадан келетін “тыныштық” бізді жел сияқты итеретін болады (Заб. 118:165). Құдай бізге қазірдің өзінде көмектесе беретініне, ал жарысты соңына дейін жүгіріп өтсек, болашақта мәңгі бақи батасын төгетініне сенімді болайық (Жақ. 1:12).