Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қауымнан шығару — сүйіспеншіліктің белгісі

Қауымнан шығару — сүйіспеншіліктің белгісі

“ҰЛЫМНЫҢ қауымнан шығарылғаны хабарланғанда, мен үшін бүкіл дүние қараң қалғандай болды,— дейді Джулиан деген отағасы.— Тұңғышым болғандықтан, екеуміз бір-бірімізге қатты бауыр басқан едік. Бірге атқаратын ісіміз де көп болатын. Ол жақсы бала еді, бірақ кенеттен ерсі қылықтар жасауды шығарды”. Джулиан әйелінің жиі көз жасына ерік бергенде, қалай жұбатарын білмей дал болатынын айтты. Ол: “Көкейімізден: — Қай жерден қателік жібердік екен?— деген сұрақ кетпеді”,— деді.

Қауымнан шығару осыншама қайғы-мұңға батырса, қалайша оны сүйіспеншіліктің белгісі деуге болады? Мұндай қатаң шара Жазбаларға негізделген бе? Мәсіхші нақты қандай жағдайларда қауымнан шығарылады?

ҚАУЫМНАН ШЫҒАРЫЛУҒА СЕБЕП БОЛАТЫН ЖАЙТТАР

Шомылдыру рәсімінен өткен Куәгер негізгі екі себеппен қауымнан шығарылады. Біріншісі — ауыр күнә жасаса, екіншісі — күнәсіна өкінбесе.

Әрине, Ехоба бізден кемелді болуды күтпейді, әйтсе де оның өз қызметшілеріне қоятын талаптары бар. Мысалы, ол азғындық, пұтқа табынушылық, ұрлық, тонаушылық, кісі өлтіру, бақсы-балгерлік сияқты ауыр күнә жасамауды талап етеді (Қор. 1-х. 6:9, 10; Аян 21:8).

Ехобаның тазалыққа қатысты талаптары ойға қонымды әрі бізді қорғайды. Бәріміздің де тату, сенім артуға болатын адамдардың арасында өмір сүргіміз келеді ғой. Киелі кітаптағы талаптарға сай өмір сүруді уәде етіп, Ехобаға бағышталғанда, біз осындай адамдардың арасына келіп қосылдық.

Мәсіхші әлсіздікке беріліп, ауыр күнә жасап қойса ше? Тарих бойында Ехобаның ауыр күнә жасап қойған қызметшілері болған, бірақ сол адал кісілерден ол біржола бас тартпаған. Мұның айқын дәлелі — Дәуіт патша. Ол азғындық жасап, артынан кісі өлтірген, сөйтсе де Натан пайғамбар оған: “Ехоба күнәңді кешіреді”,— деді (Сам. 2-ж. 12:13).

Дәуіт шын жүректен өкінгендіктен, Құдай оны кешірді (Зәб. 32:1—5). Иә, адам жасаған күнәсіна өкінбесе немесе жаман жолдан қайтпаса ғана қауымнан шығарылады (Ел. іс. 3:19; 26:20). Сот комитетіндегі ақсақалдар адамның шынымен өкінгенін көрмесе, оны қауымнан шығаруға міндетті.

Бір қарағанда, мұндай шара тым қатаң, тіпті мейірімсіз болып көрінуі мүмкін, әсіресе жақын адамымыз қауымнан шығарылса. Десе де Ехобаның Сөзі қауымнан шығарудың сүйіспеншіліктің белгісі екеніне көзімізді жеткізеді.

ҚАУЫМНАН ШЫҒАРУДЫҢ ИГІЛІГІ

Иса “даналық істерімен дәлелденетінін” айтқан (Мат. 11:19). Күнәсіна өкінбеген адамды қауымнан шығарудың нәтижесі игілікті болады. Үш жағдайды қарастырып көрейік:

Ехобаның есімі даңқталады. Біз Ехобаның атымен аталамыз, сондықтан жүріс-тұрысымыз оның есіміне кір келтіреді не даңқтайды (Ишая 43:10). Баласының ісі әкесін масқара қылатыны не даңқын асыратыны сияқты, жұрттың Ехобаға деген көзқарасы оның есімімен аталатын халықтың іс-әрекетіне байланысты болады. Мысалы, Езекиелдің заманында жұрт яһудилердің іс-әрекетін Ехобаның есімімен байланыстырған (Езек. 36:19—23). Бүгінгі күні де жұрт Куәгердің жүріс-тұрысын Ехобаның есімімен байланыстырады. Сондықтан егер біз Құдайдың талаптарына сай өмір сүрсек, оның есімін даңқтаймыз.

Егер азғын өмір кешетін болсақ, Құдайдың киелі есіміне кір келтіреріміз анық. Елші Петір мәсіхшілерге мынадай кеңес берген: “Тілалғыш балалардай болып, Құдайды білмей тұрған кездеріңдегі қалауларың бойынша өмір сүруді қойыңдар. Қайта, өздеріңді шақырған Киелі Құдай сияқты, сендер де барлық іс-әрекеттеріңде киелі болыңдар. Өйткені Жазбада: — Киелі болыңдар, себебі мен киелімін,— делінген ғой” (Пет. 1-х. 1:14—16). Таза да мінсіз жүріс-тұрысымыз Құдай есімінің даңқын арттырады.

Ал Ехоба куәгерінің бірі жамандық жасап жүрсе, мұнысы достары мен таныстарынан жасырын қалмайды. Мұндай адамның қауымнан шығарылуы Ехобаның халқы Жазбалардағы қасиетті болуға қатысты талаптарға сай өмір сүретін таза халық екенін паш етеді. Мысалы, бірде Швейцариядағы Патшалық сарайына бір кісі келіп, қауымның мүшесі болғысы келетінін айтты. Оның ет жақын туысы азғындық жасағаны үшін қауымнан шығарылған екен. Сондықтан ол “әдепсіз жүріс-тұрысқа төзбейтін” ұйымның мүшесі болғысы келетінін айтты.

Қауым таза сақталады. Елші Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерге араларында әдейі күнә жасайтындардың болмауын қадағалауды ескертті. Ол бұндай адамның әсерін бүкіл қамырды көтеретін ашытқыға теңеп: “Азғана ашытқы бүкіл қамырды ашытады”,— деді. Пауыл: “Зұлым адамды араларыңнан аластатыңдар”,— деген кеңес берді (Қор. 1-х. 5:6, 11—13).

Пауыл сөз еткен “зұлым адам” шімірікпестен азғындық жасай берсе керек. Ал қауым мүшелері оның қылығын ақтай бастағанға ұқсайды (Қор. 1-х. 5:1, 2). Мұндай ауыр күнәға көз жұмылса, басқа мәсіхшілер өздері тұратын азғындыққа белшесінен батқан қаланың өмір салтынан еш ағаттық көрмес еді. Әдейі жасалған мұндай ауыр күнәға жеңіл-желпі қарау Құдайдың талаптарына деген немкеттілікке талпындырады (Уағ. 8:11). Оның үстіне, өкінбейтін күнәкарлар басқалар үшін “су астындағы қауіпті жартастар” сияқты болып, сенімнен тайдыруы мүмкін еді (Яһд. 4, 12).

Күнә жасаған адам есін жиюы мүмкін. Исаның адасқан ұл туралы әңгімесін бәріміз білеміз. Әңгімедегі жігіт әкесінің үйінен кетіп, алған еншісін ысырап қылады. Ол әке үйінен тысқары өмірдің суық та қатыгез екенін басы тасқа тигенде біледі. Ақырында жігіт есін жиып, қылығына өкінеді де, отбасына оралуды шешеді (Лұқа 15:11—24). Ұлының өзгергеніне қуанған сүюші әкені Исаның қалай суреттегені Ехобаның сезімін түсінуімізге көмектеседі. Әкеміз Ехоба бізді: “Мен зұлым адамның өлгеніне қуанбаймын, қайта, теріс жолдан қайтып, өмір сүргеніне қуанамын”,— деп сендіреді (Езек. 33:11).

Өз отбасындай болып кеткен қауымынан шығарылған адам да неден айырылғанын түсінуі мүмкін. Күнәсінің нәтижесін көргенде, Ехобаның досы болып, оның халқының арасында жүргендегі бақытты күндерін есіне алғанда, адам есін жиюы ықтимал.

Бірақ бұлай болу үшін сүйіспеншілік пен табандылық қажет. Дәуіт былай деп жырлаған: “Мені әділ жан жазаласа, айнымас сүйіспеншілік танытқаны, Ол мені түзетсе, басыма май құйғанмен тең” (Зәб. 141:5). Мынадай мысалды қарастырып көрейік: қыста тауға шыққан альпинист әбден қалжырап, қан қысымы төмендеп, ұйқыға кете бастады делік. Егер ол қардың үстінде ұйықтап қалса, сол ұйықтағаннан қайта оянбайды. Серігі оны ұйықтатпас үшін құтқарушылар келгенше, қайта-қайта бетінен шапалақтап тұрады. Бұл оның бетін ауыртатын шығар, бірақ өмірін сақтап қалады. Сол сияқты Дәуіт әділ адамның “жылатып айтқан” кеңесі пайдалы болатынын түсінген.

Көп жағдайда қауымнан шығарылғаны шалыс қадам жасаған адамға сабақ болады. Жоғарыда сөз етілген Джулианның баласы он жылдай уақыттан кейін өмірін ретке келтіріп, қайта қауымға оралды. Қазір ақсақал болып қызмет ететін ол былай деп мойындады: “Қауымнан шығарылған соң, мен таңдаған жолымның соқпақтарына кезіктім. Мен қолыммен жасағанды мойныммен көтеруім керек еді” (Евр. 12:7—11).

ҚАУЫМНАН ШЫҒАРЫЛҒАНДАРҒА СҮЙІСПЕНШІЛІК ТАНЫТАЙЫҚ

Рас, қауымнан шығарылуды рухани апат деуге болады, бірақ бұл — орны толмас апат емес. Бұл шара өз мақсатына жету үшін бәріміздің де қосар үлесіміз бар.

Өкінген адам Ехобаға қайта бет бұру үшін көп күш салынады

Қауымнан шығаруға қатысты шешім қабылдау міндеті жүктелген ақсақалдар Ехобаның сүйіспеншілігіне еліктеуге тырысады. Адамға осындай жайсыз хабарды жеткізгенде, олар қауымға қайта қабылдану үшін қандай қадамдар жасау керектігін мейіріммен әрі анық етіп түсіндіреді. Ақсақалдар Ехобаға қалай қайта бет бұруға болатынын естеріне салу үшін, қауымнан шығарылғандардың өзгеруге тырысып жүргендерімен арагідік сөйлесіп тұрады *.

Отбасы мүшелері қауымнан шығаруға қатысты қабылданған шешімді сыйласа, қауымға да, шалыс қадам жасаған адамға да сүйіспеншілік танытады. Осы орайда Джулиан: “Мен ұлымнан бас тартқан жоқпын, бірақ оның өмір салты арақатынасымызға тосқауыл қойды”,— деді.

Қауым мүшелерінің шалыс қадам жасаған адаммен қатынасын үзіп, сөйлеспегені — сүйіспеншіліктің белгісі (Қор. 1-х. 5:11; Жох. 2-х. 10, 11). Осылай олар Ехобаның жөнге салу шарасының әсерін арттыра түседі. Бұған қоса, бауырластардың қауымнан шығарылған адамның отбасына сүйіспеншілік көрсетіп, қолдауына болады. Өйткені олардың қасіреті ауыр, олар өздерін бауырластардан аластатылғандай сезінбеулері керек (Рим. 12:13, 15).

Джулиан ойын былай түйіндеді: “Қауымнан шығарылу — Ехобаның талаптарына сай өмір сүруімізге көмектесетін қажетті шара. Жанға батса да, ақырында бұл шара игілікке жеткізеді. Егер баламның жаман қылығына көз жұмғанымда, ол ешқашан қайта бет бұрмас еді”.

^ 24-абзац “Күзет мұнарасының” (ор.) келесі санын қара: 1998 жыл, 1 қазан (13—18 беттер).