Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сергек бол, Шайтан сені жалмағысы келіп жүр!

Сергек бол, Шайтан сені жалмағысы келіп жүр!

“Сергек болыңдар! Өйткені жауларың Ібіліс ақырған арыстандай айналаны шарлап, кімді жалмасам деп жүр” (ПЕТ. 1-Х. 5:8).

1. Бір рухани жаратылыстың қалай Шайтанға айналғанын түсіндір.

КЕЗІНДЕ Ехобаға адал болған бір жаратылыс адамдар маған бас ұрса екен деп көксей бастады. Ол бұл ойынан арылмай, қайта, дамыта түсіп, ақырында күнә жасады (Жақ. 1:14, 15). Бұл рухани жаратылыстың “шындықтан тайып кеткен” Шайтан екені бізге мәлім. Шайтан Ехобаға қарсы шығып, “өтіріктің әкесіне” айналды (Жох. 8:44).

2, 3. “Шайтан”, “Ібіліс”, “жылан”, “айдаһар” деген атаулардан Ехобаның қас жауы туралы не білеміз?

2 Бүлік шығарғаннан бері Шайтан — Ехобаның қас жауы. Ол — адам баласының да досы емес. Шайтанға қандай атаулар берілгенінен оның қаншалықты бұзылғанын көреміз. Мысалы, “Қарсылас” дегенді білдіретін “Шайтан” сөзі оның Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдамайтынын, қолдамақ түгілі қарсы әрекет ететінін білдіреді. Оның жатса да, тұрса да ойлайтыны — Ехобаның бүкіләлемдік билігін тұғырынан тайдыру.

3 Аян 12:9-да Шайтан “Жалақор” дегенді білдіретін “Ібіліс” деп аталған. Бұл оның Ехобаны өтірікші деп, даттағанын есімізге салады. “Ежелгі жылан” дегенде, Едем бағында Хауа ананы алдау үшін, Шайтанның жыланды қолданғаны ойымызға келеді. Ал “алып айдаһар” дегенді естігенде, зәре-құтыңды ұшыратын құбыжық елестейді. Бұл атау Ехобаның еркіне тосқауыл болу мен оның халқын жоюды көксейтін айбар шашқан Шайтанды тура сипаттайды.

4. Бұл мақалада не талқыланады?

4 Біздің мінсіздігімізге қауіп төндіріп тұрған бірден-бір тұлғаның Шайтан екені айдан анық. Сондықтан Киелі кітапта мынадай ескерту жазылған: “Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар! Өйткені жауларың Ібіліс ақырған арыстандай айналаны шарлап, кімді жалмасам деп жүр” (Пет. 1-х. 5:8). Осыны ескере отырып, өзімізді қорғау үшін, Ехоба мен оның халқының арсыз жауы Шайтанға тән үш қасиетті қарастырайық.

ШАЙТАННЫҢ КҮШІ

5, 6. а) Періштелердің “құдіреті зор” екенін көрсететін мысал келтір. ә) Қай мағынада Шайтан “өлімге ұшырата алады”?

5 Жазбаларда рухани жаратылыстар, яғни періштелер, “құдіреті зор” деп суреттелген (Зәб. 103:20). Олардың ақыл-санасы адамдардікінен әлдеқайда жоғары, күші де анағұрлым басым. Бірақ адал періштелер күштерін игілікке қолданады. Мысалы, бірде Ехобаның жалғыз періштесінің өзі жау әскерінің, ассириялықтардың, 185 000 сарбазын қырып салған. Бұлай ету бір адамның қолынан келмес еді, тіпті бүкіл әскер үшін де оңай болмас еді (Пат. 2-ж. 19:35). Тағы бір жағдайда бір періште ерен күші мен тапқырлығын Исаның елшілерін түрмеден босату үшін қолданған. Ол күзетте тұрған сақшыларды айналып өтіп, есіктерді ашады да, елшілерді алып шығып, есіктерді қайтадан жауып кетеді. Осының бәрін сақшылар өз орындарында тұрғанда істейді! (Ел. іс. 5:18—23).

6 Адал періштелер күштерін игілікке қолданса, Шайтан зұлымдық жасау үшін қолданады. Ал оның ықпалы мен күші аз емес. Киелі кітапта ол “осы дүниенің билеушісі”, “осы дүниенің құдайы” деп аталған (Жох. 12:31; Қор. 2-х. 4:4). Шайтан Ібіліс тіпті “өлімге ұшырата алады” (Евр. 2:14). Бұл адамдарды ол өзі өлтіреді дегенді білдірмейді. Ол мұны қан судай ағып жатқан дүниесі арқылы істейді. Бұған қоса, Хауа ана алданып, ал Адам ата Құдайға бойсұнбағандықтан, күнә мен өлім адамзаттың айықпас кеселі болып отыр (Рим. 5:12). Осы мағынада Шайтан адамдарды “өлімге ұшырата алады”. Иә, Иса айтқандай, ол — кісі өлтіруші (Жох. 8:44). Шайтан — расында да күшті жау!

7. Жындар күшті екендерін қалай көрсетеді?

7 Біз Шайтанға қарсы тұрғанда, оған ғана емес, бүкіләлемдік дауда оның жағына шыққандардың бәріне де қарсы тұрамыз. Ал оның бүлігіне қосылған рухани жаратылыстардың, яғни жындардың, саны аз емес (Аян 12:3, 4). Адамдарды қан қақсатып қинайтын олар зор күш иелері екендерін талай дәлелдеген (Мат. 8:28—32; Мар. 5:1—5). Сондықтан зұлым періштелердің де, “жындардың әміршісінің” де қаншалықты күшті екенін ұмытпайық (Мат. 9:34). Бұл күресте Ехобаның көмегінсіз біз ешқашан жеңіске жете алмаймыз.

ШАЙТАННЫҢ ЖАУЫЗДЫҒЫ

8. а) Шайтанның мақсаты қандай? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Сеніңше, Шайтанның жауыздық рухы мына дүниеге қаншалықты тараған?

8 Елші Петір Шайтанды “ақырған арыстанға” теңеген. Бір еңбекте айтылғандай, “ақырған” деп аударылған грек сөзі “қатты ашыққан жыртқыштың ыңырануын” білдіреді. Бұл Шайтанның жауыздығын тура сипаттайды емес пе?! Шайтан бүкіл дүниенің өз билігінде болғанына қарамай, жалмай беруді көксейді (Жох. 1-х. 5:19). Ол үшін мына дүние — небәрі жүрек жалғайтын “тіскебасар”. Ал оның мәзіріндегі “негізгі ас” — майланғандардың тамтығы мен оларға қолдау көрсетіп жүрген “басқа қойлар” (Жох. 10:16; Аян 12:17). Шайтанның мақсаты — Ехобаның халқын жалмау. Оның қаншалықты жауыз екені бірінші ғасырдан бері шынайы мәсіхшілердің басына түсіріп жатқан қуғын-сүргіннен көрінеді.

9, 10. а) Ехобаның Исраил халқына қатысты еркіне Шайтан қалай кедергі жасауға тырысты? (Мысалдар келтір.) ә)  Исраилді нысанасына алуға Шайтанның қандай келелі себебі болды? б) Сеніңше, Ехобаның қызметшілері ауыр күнә жасап қойса, Ібіліс не істейді?

9 Құдайдың еркіне қарсы шығуға тырысқан Шайтан жауыздығын басқаша да көрсетті. Аш арыстан жемтігін аямайды, оны шімірікпестен өлтіре салады, одан кейін де селт етпейді. Шайтан да жалмағысы келгендерді еш аямайды. Сондай жағдайлардың кейбірін, айталық, исраилдіктер азғындық пен ашкөздік сияқты күнәға берілгенде, жақын маңда Шайтан Ібілістің бой тасалап жатқанын елестетіп көрші. Мысалы, Зимри жасаған азғындығының, ал Гехези ашкөздігінің ащы салдарын тартқанда, жеңісіне мәз болып, ақырған арыстанды көз алдыңа елестете аласың ба? (Мұс. 4-ж. 25:6—8, 14, 15; Пат. 2-ж. 5:20—27).

Ехобаның қызметшілерінің бірі күнә жасап қойса, Шайтан қуанады (10-абзацты қара)

10 Шайтанның ежелгі Исраил халқын нысанасына алуға келелі себебі бар еді. Өйткені сол халықтан Шайтанның басын мыжып, Ехобаның бүкіләлемдік билігін ақтайтын Мәсіх шықпақ еді (Мұс. 1-ж. 3:15). Шайтан оларды күнәға батырып, Құдайдың ықыласынан айыруды көздеді, әрі ойын аса жауыздықпен жүзеге асырды. Ібілістің Дәуіт азғындық жасағанда, қынжылғанын немесе Мұса Уәде етілген жерге кіру мүмкіндігінен айырылғанда, оған жаны ашығанын елестетудің өзі қиын. Керісінше, Құдайдың қызметшілері ауыр күнә жасап қойса, оның төбесі көкке жетеді. Себебі осындай жеңістерін ол Ехобаны қорлау үшін қолданады (Нақ. с. 27:11).

11. Шайтан Сараны қандай мақсатпен нысанасына алған болуы мүмкін?

11 Шайтан әсіресе Мәсіх дүниеге келетін әулетті жек көрді. Мысалы, Ехоба Ыбырайымға одан “ұлы халық” шығаратынын айтқанынан кейін көп ұзамай не болғанын қарастырып көрейік (Мұс. 1-ж. 12:1—3). Ыбырайым мен Сара Мысырға келгенде, перғауын Сараны өзінің әйелі етпек болып, сарайына алдыртады. Бірақ жағдайға Ехоба араласып, Сараның абыройы таза сақталады (Мұсаның 1-жазбасы 12:14—20 оқы). Ысқақ дүниеге келмес бұрын, Герар жерінде де осыған ұқсас жағдай орын алады (Мұс. 1-ж. 20:1—7). Сол оқиғалардың артында Шайтан тұрды ма? Ол өркендеген Ур қаласын тастап, шатырларда тұрып жатқан Сара перғауын мен Әбумәліктің сәулетті сарайларын көріп, азғырылады деп үміттенді ме? Әлде Сара күйеуі Ыбырайым мен Ехобаға опасыздық жасап, сол патшалардың біріне тұрмысқа шығады деп ойлады ма? Киелі кітапта бұл туралы ештеңе айтылмаған. Бірақ Сара уәде етілген ұрпақтың түп анасы болуға лайықсыз болып қалса, Шайтан бұған қуанар еді. Сол адал әйелдің некесі ойран болып, абыройы төгіліп, Ехобамен қарым-қатынасы үзілгеніне Шайтан өзін титтей де айыпты сезінбес еді. Ол неткен жауыз десеңші!

12, 13. а) Иса дүниеге келгенде, Шайтанның жауыздығы қалай көрініс тапты? ә) Ехобаны жақсы көріп, оған қызмет етуге тырысып жүрген жастарға Шайтан қалай қарайды?

12 Ыбырайымнан кейін бірнеше ғасырдан соң, дүниеге Иса келді. Шайтан оған сүйкімді, томпиған бала екен деп сүйсініп қарады ма? Жоқ, себебі ол бұл нәрестенің өскенде уәде етілген Мәсіх болатынын білді. Шынында да, Иса “Ібілістің істерін талқандайтын” Ыбырайымның ұрпағының басты мүшесі еді (Жох. 1-х. 3:8). Шайтан сәбиді өлтіру тым шектен шыққандық қой деп ойлады ма? Оған адамгершілік қасиеті тән емес. Сондықтан ол нәресте кезінде Исаның көзін құрту үшін шұғыл әрекетке кірісті. Қалай?

13 Жұлдызжорамалшылар “яһудилердің жаңа туылған патшасын” іздеп келгенде, Ирод патша ашуға булығып, баланы өлтіруді шешті (Мат. 2:1—3, 13). Содан ол Бетлехем мен оның төңірегіндегі екі жасқа толған және одан кіші ұл балалардың бәрін өлтіруді бұйырды (Матай 2:13—18 оқы). Бірақ Иса бұл қырғыннан аман қалды. Осы жағдайдан қас жауымыз Шайтан жайлы не білеміз? Ол үшін адам өмірі көк тиынға да тұрмайды. Оның тіпті кішкентай балаларға да аяушылығы жоқ. Шайтан — нағыз “ақырған арыстан”. Ендеше, оның қаншалықты жауыз екенін ешқашан естен шығармайық!

ШАЙТАННЫҢ АЛДАМПАЗДЫҒЫ

14, 15. Қалай Шайтан сенбейтіндердің “саналарын соқыр қылып қойған”?

14 Шайтан алдап-арбау арқылы ғана адамдарды сүйіспеншілікке толы Құдайдан алыстата алады (Жох. 1-х. 4:8). Осының кесірінен олар “рухани мұқтаждықтарын мойындай” бермейді (Мат. 5:3 сілт.). Ол “Мәсіх туралы салтанатты ізгі хабардың нұрын көре алмаулары үшін”, сенбейтіндердің саналарын соқыр қылып қойған (Қор. 2-х. 4:4).

15 Шайтанның ең тиімді құралдарының бірі — жалған дін. Ол адамдардың ата-бабаларына, табиғатқа, жануарларға — қысқасы, “өзіне қалтқысыз берілуді талап ететін” Ехобадан басқа кез келген нәрсеге құлшылық еткенін қалайды (Мұс. 2-ж. 20:5). Тіпті Құдайға дұрыс сиынып жүрміз деп ойлайтындардың көбі жалған ілімдер мен пайдасыз салт-жоралардың шырмауында. Олар Ишаяның заманындағы исраилдіктер сияқты аянышты күйде. Ехоба оларға былай деген: “Қарын тойдырмайтын тамақ үшін несіне ақша төлейсіңдер? Қанағаттандырмайтын нәрсе үшін несіне тер төгесіңдер? Мені мұқият тыңдаңдар да, жақсы тамақ жеңдер, Сонда шынымен нәрлі тағам жеп, рақаттанасыңдар” (Ишая 55:2).

16, 17. а) Неге Иса Петірді “Шайтан” деп атады? ә) Бізді босаңсыту үшін, Шайтан не істеуі мүмкін?

16 Шайтан Ехобаның құлшынысты қызметшілерін де торына түсіруі мүмкін. Мысалы, Иса шәкірттеріне өзінің өлтірілетінін айтқанда не болғанын қарастырып көрейік. Елші Петір оны былайырақ алып шығып, еш арам ойсыз: “Ием, өзіңізді аяңыз. Мұндай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!”— деді. Бірақ Иса: “Менен аулақ кет, Шайтан!”— деп, оны тыйып тастады (Мат. 16:22, 23). Неге Иса Петірді “Шайтан” деп атады? Өйткені ол алда не болатынын білді: оның өз өмірін төлем құрбандығы ретінде беріп, Ібілістің өтірікші екенін дәлелдейтін уақыты жақындап қалған еді. Адамзат тарихындағы сол бір шешуші кезең Иса үшін өзін “аяйтын” уақыт емес еді. Ол босаңсыса, Шайтанның бақытында шек болмас еді.

17 Заманның ақыры таяп қалғандықтан, біз де қиындығы көп, шешуші кезеңде өмір сүрудеміз. Шайтан біздің де өзімізді “аяп”, осы дүниеде өз орнымызды табуға тырысып, босаңси бастағанымызды қалайды. Бұған жол бермейік, қайта, сергек бола түсейік! (Мат. 24:42). Дүниенің соңы жуық арада келе қоймайды не мүлдем келмейді дегенге саятын Шайтанның алдамшы насихатына сеніп қалмайық.

18, 19. а) Қалай Шайтан өзімізге қатысты ойымызды бұрмалап, бізді алдағысы келеді? ә) Әрдайым сергек болуымызға Ехоба қалай көмектеседі?

18 Шайтанның бізді алдау үшін қолданатын тағы бір айласы бар. Ол бізді Құдайдың сүйіспеншілігі мен кешіріміне лайықсыз екенімізге сендіргісі келеді. Бірақ бұл — қып-қызыл өтірік. Өзің ойлап көрші, Құдайдың сүйіспеншілігіне шындығында кім лайықсыз? Шайтан. Ал кешірімге ше, шындығында кім лайықсыз? Бұл да — Шайтанның өзі. Ал бізге келер болсақ, Киелі кітапта: “Құдай әділетсіз емес. Ол... өзінің есіміне деген сүйіспеншіліктерің мен еңбектеріңді ұмытпайды”,— делінген (Евр. 6:10). Иә, Ехоба өзіне ұнамды болуға тырысып жүргенімізді бағалайды, әрі оның жолындағы қызметіміз бекер емес (Қорынттықтарға 1-хат 15:58 оқы). Олай болса, алдампаз Шайтанның тұзағына түсіп қалмайық.

19 Өзіміз көргендей, Шайтан күшті, жауыз әрі алдампаз. Ол — осал жау емес, ендеше оны қалай жеңуге болады? Ехоба бізді қорғансыз қалдырған жоқ. Құдай Сөзінде Шайтанның қолданатын тәсілдері жазылған, сондықтан біз оның “айла-амалдарын жақсы білеміз” (Қор. 2-х. 2:11). Оларды айыра білсек, анағұрлым сақ әрі сергек жүреміз. Алайда Шайтанның айла-амалдарын біліп қана қою жеткіліксіз. Киелі кітапта: “Ібіліске қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді”,— делінген (Жақ. 4:7). Келесі мақаладан қалай Шайтанға қарсы тұрып, оны жеңе алатынымызды көрейік.