Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ажырасқаннан кейінгі өмір

Ажырасқаннан кейінгі өмір

“Мен өзімді шырқау биіктен құлағандай сезіндім. Өмірде бәрі жақсы болып келеді де, ойламаған жерден күрт өзгереді”,— дейді бір жыл бұрын ажырасқан МҰРАТ *.

“Күйеуім қызымызбен жасты бір әйелмен көңілдес болды. Ажырасқаннан кейін оның дөрекі мінезінен құтылғаныма қуандым, бірақ өзімді түкке тұрғысыз және намысым тапталғандай сезіндім”,— дейді 17 жыл бұрын ажырасқан НАҒИМА.

Кейбір адамдар өмірін жақсы жаққа өзгерткісі келіп, ажырасып жатса, басқалары некесін сақтап қалғысы келеді, бірақ жұбайын өзімен бірге қалуға көндіре алмайды. Десе де көбісі ажырасқаннан кейінгі өмірдің өздері ойлағаннан да қиын болып шыққанын айтады. Егер сіз жақында ажырасқан болсаңыз, бұл өміріңіздегі ең қиын жағдайлардың бірі болып жатқан шығар. Олай болса, Киелі кітапта жазылған пайдалы кеңестердің кейбірін қарастырайық. Бұл кеңестер сізге ажырасқаннан кейін туындайтын қиындықтармен күресуге көмектеседі.

1-ҚИЫНДЫҚ: ЖАҒЫМСЫЗ СЕЗІМДЕРМЕН КҮРЕСУ

Қаражатқа, баланы бағып-қағуға байланысты қиындықтар мен жалғыздық сезімі еңсеңізді басып, ұзақ уақытқа дейін маза бермей қоюы мүмкін. Джудит Уоллерстайн есімді психологтың айтуынша, ажырасудан кейінгі жылдары кейбір адам өзін ешкімге керек еместей және өзіне сатқындық жасалғандай сезініп жүреді, әрі “өмір әділетсіздікке, ащы сәттерге және жалғыздыққа толы” деп ойлайды.

СІЗ НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

  • Көз жасқа ерік беріңіз. Сіз әлі де жақсы көретін жұбайыңызды сағынуыңыз мүмкін. Тіпті қарым-қатынастарыңызда біраз қиындықтар туындаған болса да, некеңіз сіз күткендей қуаныш әкелмегеніне қайғыратын шығарсыз (Нақыл сөздер 5:18). Киелі кітапта “Өз кезеңдері бар қайғырып жылаудың” делінгендей, жылаудан қысылмаңыз (Уағыздаушы 3:1, 4).

  • Оқшауланудан аулақ болыңыз. Жылап алуыңыз үшін оңаша қалғыңыз келетін шығар, алайда ұзақ уақыт бойы оқшаулану дұрыс емес (Нақыл сөздер 18:1). Достарыңызбен араласқанда жігерлендіретін әңгіме айтуға тырысыңыз, себебі бұрынғы жұбайыңызды жамандау, тіпті бұны орынды деп тапсаңыз да, адамдардың сізден қашық жүруіне түрткі болуы мүмкін. Егер ажырасудан кейін көп ұзамай сізге қандай да бір маңызды шешім қабылдау керек болса, жағдайға дұрыс баға бере алатын әрі сенім арта алатын адамның көмегіне жүгініңіз.

  • Денсаулығыңызды күтіңіз. Ажырасумен байланысты уайым денсаулыққа кері әсер етіп, қан қысымының жоғарылауы мен бас сақинасы сияқты ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін. Сол себепті жақсы тамақтанып, жаттығулар жасаңыз және жеткілікті мөлшерде ұйықтаңыз (Ефестіктерге 5:29).

  • Бұрынғы жұбайыңызға ашу тудыратын не қажетсіз деп тапқан нәрселерден арылыңыз, бірақ маңызды құжаттарды сақтап қойыңыз. Ал үйлену тойының суреттері сияқты заттарды көру сізге ауыр тисе, оларды қорапқа салып, балаларыңызға естелік үшін сақтап қойыңыз.

  • Жағымсыз ойлармен күресіңіз. Көзіне шөп салғандықтан күйеуімен ажырасқан Ольга былай дейді: “Мен өз-өзімнен “ол әйелдің менен несі артық?” деп сұраумен болдым”. Бірақ уақыт өте келе Ольга мұндай жағымсыз ойлар “рухты күйрететінін” түсінді (Нақыл сөздер 18:14).

    Көптеген адам өздерін мазалайтын мәселелерді қағаз бетіне түсіріп отырғандары ойларын ретке келтіріп, қадағалауға көмектескенін байқаған. Солай істеп жүрген болсаңыз, күресіп жүрген жағымсыз ойларды жағымды ойлармен алмастыруға тырысыңыз (Ефестіктерге 4:23). Соның екі мысалын қарастырып көрейік:

    Жағымсыз ой: Жұбайымның азғындық жасағанына өзім кінәлімін.

    Жағымды ой: Кемшіліктерім жұбайымның көзіме шөп салуына негіз бермейді.

    Жағымсыз ой: Жастық шағымды тырнағыма да татымайтын адамға құр бекер арнаппын.

    Жағымды ой: Өткен-кеткенді емес, алдағы нәрселерді ойласам бақыттырақ боламын.

  • Көңіліңізді түсіретін сөздерге мән бермеңіз. Достарыңыз бен туыстарыңыз игі ниетпен “Бәрібір де бұрынғы әйелің саған лайық емес еді” не “Құдай ажырасуды жек көреді” * деп айтқан сөздері сізге ауыр тиюі не сіздің жағдайыңызға қатысты емес болуы мүмкін. Осы орайда Киелі кітапта келесідей кеңес беріледі: “Жұрттың айтатын сөздерінің бәріне бірдей көңіл бөле берме!” (Уағыздаушы 7:21). Ажырасқанына екі жыл болған Мәриям былай дейді: “Жүректі ауыртатын сөздерге мән берудің орнына, мен бәріне Құдайдың көзімен қарауға тырысамын. Оның ойы біздікінен әлдеқайда жоғары ғой” (Ишая 55:8, 9).

  • Құдайға дұға етіңіз. Құдай өзіне мінажат ететіндерді бар уайымдарын, әсіресе үлкен қиындықтарға тап болғанда оған артуға шақырады (Петірдің 1-хаты 5:7).

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Өзіңізге жұбаныш болатын Киелі кітаптағы тармақтарды кішкентай қағаздарға жазып алып, оларды көзге көрінетін жерлерге жабыстырып қойыңыз. Жоғарыда келтірілген жазба орындарына қоса, ажырасқандардың көбісі келесі тармақтардан жұбаныш алады: Забур 26:10; 33:19; Ишая 41:10; Римдіктерге 8:38, 39.

Қиын кездерде Құдай Сөзінен жұбаныш алыңыз

2-ҚИЫНДЫҚ: БҰРЫНҒЫ ЖҰБАЙЫҢЫЗБЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫҢЫЗ

Некеде 11 жыл тұрған Джулиана былай дейді: “Күйеуіме “мені тастап кетпеші” деп жалынған едім. Соған қарамастан ол мені тастап, басқа әйелге кетіп қалды. Мен ол екеуіне қатты ашулы болдым”. Ажырасқандардың көбісі бұрынғы жұбайына жылдар бойы наразы болып жүреді. Десе де оларға кей  жағдайларда, әсіресе балалары болса араласуға тура келеді.

СІЗ НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

  • Бұрынғы жұбайыңызбен сөйлескенде сыпайы болуға тырысыңыз. Шешу керек мәселеге ғана назар аударып, ойыңызды қысқа да нұсқа етіп жеткізіңіз. Көбісі бұлай етудің жақсы қарым-қатынаста болуға көмектесетінін байқаған (Римдіктерге 12:18).

  • Ашу тудыратын сөздерден аулақ болыңыз. Әсіресе сізге дөрекі сөздер айтылып жатса, Киелі кітаптағы: “Есті адам байыппен сөйлер”,— деген кеңеске құлақ асыңыз (Нақыл сөздер 17:27). Егер келісімге келмей жатсаңыздар, “Айтқандарың жайлы ойлануым қажет, сосын сөйлесерміз” деп айтсаңыз болады.

  • Бұрынғы жұбайыңызбен ортақ істерді бөлісіп алыңыз. Мысалы, медициналық құжаттарға, заң және қаражатпен байланысты істерді жеке-жеке атқарған жөн болар.

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Келесі жолы бұрынғы жұбайыңызбен сөйлескенде, не нәрсе өз дегендеріңізде тұрып алуға немесе өздеріңізді қорғаштап шығуға итермелейтінін анықтауға тырысыңыз. Қажет деп тапсаңыз, кейінірек сөйлесуге не мәселені электронды хат арқылы шешуге келісіп көріңіз (Нақыл сөздер 17:14).

3-ҚИЫНДЫҚ: БАЛАЛАРЫҢЫЗҒА ӨЗГЕРІСТЕРГЕ БЕЙІМДЕЛУГЕ КӨМЕКТЕСІҢІЗ

Ажырасқаннан кейін не болғанын есіне алып, Мария былай дейді: “Кіші қызым үнемі жылайтын әрі қайтадан төсекке жіберіп қоятын болды. Ал үлкен қызым сезімдерін жасырғысы келгенмен, оған да қиын болғанын сезетінмін”. Өкініштісі, балаларыңыз сіздің көмегіңізге аса мұқтаж болған кезде, оларға көмектесу үшін уақытыңыз я болмаса эмоциялық күшіңіздің жетіспейтінін сезетін шығарсыз.

СІЗ НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?

  • Балаларыңызды ойларын ашық айтуға талпындырыңыз. Тіпті балаларыңыздың “сөздері ағат” болса да, оларды өз сезімдерін жасырмауға талпындырыңыз (Әйүп 6:2, 3).

  • Балаңызға ауыртпалық түсірмеңіз. Сіз эмоциялық жағынан көмекке мұқтаж болсаңыз және сол көмекті балаңыз бере алатындай болып көрінсе де, одан мұндай үлкен мәселелерде көмек сұраған орынсыз әрі дұрыс емес (Қорынттықтарға 1-хат 13:11). Балаңызға айтпау керек нәрселермен бөлісіп, оны бұрынғы жұбайыңызбен араларыңыздағы делдал не хабаршы етпеңіз.

  • Балаңыздың күн тәртібін жақсылап жоспарлаңыз. Басқа жаққа көшпеген және бұрынғы күн тәртібін әрі қарай да ұстанған дұрыс болады. Бірақ ең маңыздысы — Киелі кітапты оқу мен отбасылық ғибадат сияқты рухани істермен айналыса беру керек (Заңды қайталау 6:6—9).

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Аптаның ішінде балаларыңызды жақсы көретініңізді және жұбайыңызбен ажырасқаныңызға олардың кінәлі емес екендеріне сендіріңіз. Олардың сұрақтарына жауап бергенде, бұрынғы жұбайыңызды кінәламаңыз.

Ажырасқаннан кейін өмір тоқтап қалмайды. Он алты жыл бойы некеде болған Мелисса былай дейді: “Ажырасқан кезімде “өмірімнің осындай болғанын қаламаған едім” деп ойладым”. Кезінде осылай ойлағанына қарамастан қазір оның өмірі мағыналы. Ол сөзін жалғап былай дейді: “Өткенді өзгертемін деген ойдан арылғаннан кейін өзімді сондай жеңіл сезіндім”.

^ абзац 2 Мақаладағы кейбір есімдер өзгертілген.

^ абзац 18 Құдай ажырасуды жек көреді. Алайда ерлі-зайыптылардың бірі азғындық жасаса, Құдай адал болып қалған жұбайына ажырасу-ажыраспауға қатысты шешім қабылдауға рұқсат береді (Малахи 2:16; Матай 19:9). Ехоба куәгерлері басып шығарған “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабының 219-бетіндегі “Ажырасу мен бөлек тұруға қатысты Киелі кітаптың көзқарасы” деген қосымшаны қараңыз.

ӨЗІҢІЗДЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРАП КӨРІҢІЗ:

  • Ажырасқаннан кейін көз жасыма ерік беріп, өз-өзіме келу үшін жеткілікті уақыт бөлдім бе?

  • Бұрынғы жұбайыма деген реніштен арылу үшін не істей аламын?