Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ҚҰДАЙ ЖЕКЕ СІЗГЕ КӨҢІЛ БӨЛЕ МЕ?

Құдай сізді түсінеді

Құдай сізді түсінеді

“Жаратқан Ие, мені сынап тексердің, Сен мені толығынан танып білесің” (ЗАБУР 138:1).

“Ұрық күйімде мені көзіңмен көрдің” (ЗАБУР 138:16).

НЕГЕ КЕЙБІРЕУЛЕР БҰҒАН КҮМӘНДАНАДЫ? Көпшіліктің ойынша, біз Құдайдың алдында бар болғаны күнәкар, оның назар аударуына татымайтын адамдармыз. Жан күйзелісіне ұшыраған Кендра есімді әйел Құдайдың талаптарын кемелді түрде орындай алмағандықтан, өзін кінәлі сезінген. Содан ол былай деді: “Мен дұға етуді қойдым”.

ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ НЕ ДЕЛІНГЕН? Ехоба Құдай тек кемшіліктерімізді ғана байқамайды, ол болмысымыздың шын мәнінде қандай екенін біледі. Киелі кітапта: “Неден жаратылдық, соны түгел біледі, топырақтан екеніміз оның есінде”,— делінген. Бұған қоса, Құдай “бізді күнәмізге қарап жазаламайды”, қайта, ісімізге өкінсек, мейірім танытады (Забур 102:10, 14).

Алғашқы мақалада айтылған Исраил патшасы Дәуітті алайық. Ол Құдайға былай деп сиынған: “Ұрық күйімде мені көзіңмен көрдің, солардың бәрі кітабыңда жазулы тұрған еді... Уа, Құдай, жүрегімнің түкпірлерін тексере гөр” (Забур 138:16, 23). Иә, кейде ауыр күнәлар жасаған болса да, Дәуіт Ехоба Құдайдың оның жүрегін тексеріп, өкінгенін көре алатынына сенімді болған.

Ехоба Құдай сізді кез келген адамнан да жақсы түсінеді. Киелі кітапта: “Пенде назарын адамның бет-жүзіне аударады, ал Жаратқан Ие оның жүрегіне көз салады”,— деп жазылған (Патшалықтар 1-жазба 16:7). Құдайға сіздің туа біткен ерекшеліктеріңіз, қандай тәрбие алғаныңыз, өскен ортаңыз бен болмысыңыздың қыр-сыры мәлім. Кейде шалыс қадам бассаңыз да, жақсы адам болу үшін күш салып жатқаныңызды Құдай байқайды әрі бағалайды.

Қалайша Құдайдың болмысыңызды жақсы білетіні сізге жұбаныш бола алады?