Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

15-САБАҚ

Ақсақалдар қауымда қандай қызмет атқарады?

Ақсақалдар қауымда қандай қызмет атқарады?

Финляндия

Тәлім беру

Бақташылық сапар

Куәлік беру

Біздің ұйымымызда ақылы қызмет атқаратын діни қызметкерлер жоқ. Алайда, алғашқы мәсіхшілердің қауымындағыдай, отарға теңелетін Құдай “қауымын бағу” үшін лайықты ер кісілер бақылаушылар ретінде тағайындалады (Елшілердің істері 20:28). Рухани толысқан бұл бақылаушылар, яғни ақсақалдар, қауымда жетекшілік етеді. Олар қауымды “ықтиярсыз емес, шын көңілмен, қандай да бір пайда көздеп емес, бар ынта-жігермен бағады” (Петірдің 1-хаты 5:1—3). Ақсақалдар біздің игілігіміз үшін қандай істер атқарады?

Олар бізге қамқорлық көрсетеді. Ақсақалдар қауым мүшелеріне Құдай Сөзіне негізделген басшылық беріп, оларды рухани жағынан қорғайды. Өздеріне осындай жауапты міндет жүктелгенін түсінетіндіктен, ақсақалдар Құдайдың отарына үстемдік етпейді. Қайта, олар біздің қуанышты болып жүруіміз үшін қам жасайды (Қорынттықтарға 2-хат 1:24). Шопанның әрбір қойына барынша қамқорлық көрсететіні сияқты, ақсақалдар да қауымның әрбір мүшесіне көңіл бөлуге тырысады (Нақыл сөздер 27:23).

Олар бізге Құдай еркін орындауды үйретеді. Сенімімізді нығайту үшін ақсақалдар апта сайын өтетін қауым кездесулерінде тәлім береді (Елшілердің істері 15:32). Сондай-ақ бұл адал ер кісілер бізбен бірге уағызға шығу арқылы және оны қалай тиімдірек атқаруға болатынын үйрету арқылы уағыз ісінде де басшылық береді.

Олар әрбірімізді нығайтып, жігерлендіреді. Әрқайсымызға рухани жағынан қолдау көрсету үшін жергілікті ақсақалдар Патшалық сарайында не үйімізге келіп, бізбен әңгімелесуі мүмкін. Мұндайда олар өз көмектерін ұсынады әрі Киелі жазбалардағы жұбаныш сөздерімен бөліседі (Жақып 5:14, 15).

Қауымдағы міндеттерін атқарумен қатар, ақсақалдардың көбісі жұмыс істейді. Олардың уақыт пен көңіл бөлуді қажет ететін отбасылары да бар. Аянбай еңбек ететін бұл бауырластардың құрметімізге лайық екені сөзсіз (Салоникалықтарға 1-хат 5:12, 13).

  • Ақсақалдар қауымда қандай қызмет атқарады?

  • Ақсақалдар әрбірімізді қалай қамқорлайды?