Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-СҰРАҚ

Сырт көрінісіме неге көңілім толмайды?

Сырт көрінісіме неге көңілім толмайды?

БҰЛ СҰРАҚТЫҢ МАҢЫЗЫ

Өмірде айнадан көретін сырт көрінісіңнен әлдеқайда маңызды жайттар бар.

СЕН НЕ ІСТЕР ЕДІҢ?

Мына жағдайды елестетіп көрші: Джулия айнаға қараған сайын, көңіл күйі түсіп кетеді. “Арықтамасам болмайды”,— деп қояды ол өз-өзіне. Ата-анасы мен достары оны толық деп санамаса да, Джулия олармен еш келіспейді.

Екі ғана келіге арықтау үшін Джулия бір ақылға қонымсыз әрекетке бармақ. Оның сондағы ойы — бірнеше күн бойы мүлдем нәр татпау.

Сен де Джулиянікіндей ойда болсаң, не істеуіңе болады?

ТОҚТА ДА, ОЙЛАН!

Сенің сырт көрінісің жайлы ой-пікірің қисық айна сияқты болуы мүмкін

Әрине, сырт көрінісіңді ойлап, қам жегенде тұрған ештеңе жоқ. Киелі кітапта кейбір адамдардың сырт келбетіне қатысты мақтау сөздер жазылған. Олардың арасында Сара, Рахила, Әбигел, Жүсіп пен Дәуіт сияқты адамдар бар. Тіпті Әбиша есімді қыздың “ерекше сұлу” болғаны айтылған (Патшалар 1-жазба 1:4).

Бірақ бүгінде көп жастардың есіл-дерті сырт көріністеріне ауып кеткені алаңдатады. Мұның арты жақсылыққа апармасы анық. Келесідей деректерге көз жүгіртейік:

  • Құрама Штаттарда жүргізілген бір зерттеуге сай, қыздардың 58 пайызы өздерінің артық салмақтары бар екенін айтқан. Бірақ, шын мәнінде, олардың 17 пайызының ғана осы сөздері расталды.

  • Басқа бір зерттеуге сай, ешқандай артық салмақтары жоқ әйелдердің 45 пайызы өздерін толық адамдардың қатарына жатқызған!

  • Арықтауды ойлаған кейбір жастар анорексия деген аурудың құрбанына айналды. Ас қорыту жүйесіндегі бұл бұзылыс адамның амалсыз аш жүруіне әкеп соғады әрі бұл ауру өмірге қауіпті.

Егер сен анорексиядан я басқа ас қорыту ауруынан зардап шегіп жүрсең, көмек іздегенің жөн. Алдымен, ата-анаңа я басқа сенімді ересек адамға осы жайлы айтқаның жақсы. Киелі кітапта: “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер”,— делінген (Нақыл сөздер 17:17).

ҚОЛЫҢНАН КЕЛЕТІН ЕҢ ЖАҚСЫ ӨЗГЕРІС!

Шын мәнісінде, адамды көрікті я ұсқынсыз ететін — оның ішкі жан-дүниесі. Дәуіт патшаның ұлы Абессаломды алайық. Ол жайлы Киелі кітапта былай делінген:

“Бүкіл Исраилде көркі үшін Абессаломдай мақталған жігіт жоқ еді. Оның тұла бойында мін жоқ болатын” (Самуилдің 2-жазбасы 14:25).

Дегенмен бұл жас жігіт өркөкірек, атаққұмар әрі сатқын болып шықты! Сондықтан Киелі жазбалар оны жағымсыз адам ретінде суреттейді. Бүгінде біз оны ұятсыз, сатқын әрі жеккөрініш көкірегін тескен қатыгез адам ретінде танимыз.

Сол себептен де Киелі кітапта келесідей жақсы ақыл-кеңес айтылған:

“Жаңа болмысқа ие болыңдар” (Қолостықтарға 3:10).

“Сендердің көріктерің... сыртқы әшекейлер емес, қайта, жан-дүниелеріңдегі... биязы да жұмсақ мінездерің болсын!” (Петірдің 1-хаты 3:3, 4).

Әрине, әдемі де сымбатты болып көрінуге тырыссаң, онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ адамның жан дүниесі сырт көрінісінен әлдеқайда маңызды екенін ұмытпа. Түптеп келгенде, сені тартымды етіп көрсететін — шыныққан шымыр денең я келісті келбетің емес, жақсы қасиеттерің. Филисия есімді қыз былай дейді: “Сұлулық бірден назарды аулайды. Алайда бірінші кезекте адамның есінде қалатыны — сенің тамаша болмысың мен тартымды қасиеттерің”.

СЫРТ КЕЛБЕТІҢЕ НАЗАР САЛАЙЫҚ

Сырт келбетіңе жиі көңілің толмай ма?

Сырт келбетіңдегі қандай да бір кемістікті түзету үшін ота жасату я қатаң емдәм (диета) ұстану жайлы ойланғансың ба?

Мүмкіндігің болса, қай жеріңді өзгерткің келер еді? (бірнешеуін таңдасаң болады)

  • БОЙЫҢ

  • САЛМАҒЫҢ

  • ШАШЫҢ

  • ДЕНЕ БІТІМІҢ

  • БЕТ ӘЛПЕТІҢ

  • ТЕРІҢНІҢ ТҮСІ

  • ТАҒЫ БАСҚА

Алғашқы екі сұраққа “иә” деп жауап берсең және үшінші сұрақтағы жауаптардың үшеуін я одан да көбін таңдасаң, онда мынаны есте ұста: өзгелер сен жайлы өзің ойлағандай жаман пікірде емес. Абай болмасаң, сырт көрінісіңді тым қатты уайымдап, ақылға қонымсыз әрекетке барып қоюың мүмкін (Самуилдің 1-жазбасы 16:7).