Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

87-ТАРАУ

Иса Құтқарылу мейрамын соңғы рет атап өтті

Иса Құтқарылу мейрамын соңғы рет атап өтті

Яһудилер Құтқарылу мейрамын жыл сайын нисан айының 14-інші күні тойлайтын. Бұл мейрам Ехоба оларды Мысырдағы құлдықтан босатып, Уәде етілген жерге алып келгенін еске салып тұратын. Б. з. 33 жылы Иса мен оның елшілері Құтқарылу мейрамын Иерусалимдегі бір үйдің жоғарғы бөлмесінде тойлады. Тамақтанып болғаннан кейін Иса шәкірттеріне: “Араларыңдағы біреу мені сатып кетеді”,— деді. Елшілер аң-таң болып, одан: “Ол кім?”— деп сұрады. Сонда Иса: “Мына нанды кімге берсем, сол адам”,— деді. Сосын қолындағы бірүзім нанды Яһуда Исқариотқа берді. Сол кезде Яһуда бірден орнынан тұрып, бөлмеден шығып кетті.

Содан кейін Иса дұға етті де, нанды сындырып, қасындағы елшілеріне берді. Ол: “Мынадан жеңдер. Бұл сендер үшін берілетін денемді білдіреді”,— деді. Сосын қолына шарап алып, дұға етті де, оны елшілеріне берді. Иса былай деді: “Мына шараптан ішіңдер. Бұл адамдардың күнәсі кешірілу үшін берілетін қанымды білдіреді. Сендер менімен бірге көкте патшалық етесіңдер деп уәде беремін. Мені еске алу үшін жыл сайын осылай істеп тұрыңдар”. Әлі күнге дейін Исаның шәкірттері жыл сайын сол кешті атап өту үшін жиналып тұрады. Бұл кездесу қазір “Иеміздің кешкі асы” немесе “Еске алу кеші” деп аталады.

Кешкі астан кейін елшілер араларындағы ең маңыздысы кім екенін айтып, дауласа бастады. Сонда Иса: “Араларыңда кім өзін кіші санап, маңыздымын деп ойламаса, сол адам ең ұлы болады”,— деді.

Иса сөзін былай деп жалғастырды: “Сендер менің достарымсыңдар. Әкемнен естігендерімнің бәрін сендерге айттым. Жақында мен көктегі Әкеме кетемін, ал сендер осында қаласыңдар. Менің шәкірттерім екендеріңді жұрттың бәрі бір-біріңді жақсы көргендеріңе қарап білетін болады. Мен сендерді қалай сүйсем, сендер де бір-біріңді солай сүйіңдер”.

Соңында Иса дұға етіп, Ехобадан барлық шәкірттерін қорғап жүруін және оларға ынтымақ-бірлікте еңбектенуге көмектесуін өтінді. Сондай-ақ ол Ехобаның есімінің киелі тұтылуы жайлы дұға етті. Сосын Иса мен елшілері Ехобаға мадақ әндерін айтты да, үйден шығып кетті. Исаның тұтқындалатын уақыты жақындап қалған еді.

“Қорықпа, кішкене отар, себебі Әкелерің сендерге Патшалықты беруді ұйғарды” (Лұқа 12:32).