Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

Әке, Ұл және Киелі рух жайындағы шындық

Әке, Ұл және Киелі рух жайындағы шындық

ҮШТІК ІЛІМІНЕ сенетіндер Құдай үш тұлғадан — Әке, Ұл және Киелі рухтан — тұрады деп үйретеді. Олардың айтуынша, осы үш тұлға барлық жағынан бір-біріне тең, үшеуі де құдіретті әрі ешқайсысының бастамасы жоқ. Сондықтан осы ілімге сәйкес, Әке де, Ұл да, Киелі рух та — Құдай, сөйте тұра Құдай жалғыз.

Үштікке сенетіндердің көбісі өз ілімдерін түсіндіріп бере алмайтындарын мойындайды. Соған қарамастан олар бұл Киелі кітаптың ілімі деген ойда болуы мүмкін. Бір көңіл қоярлық жайт — “Үштік” деген сөз Киелі кітапта бірде-бір рет кездеспейді. Ал онда осы ілімге нұсқайтын ойлар бар ма? Бұл сұраққа жауап алу үшін Үштік ілімін қолдайтындар жиі келтіретін тармақты қарастырып көрейік.

“СӨЗ ҚҰДАЙ ЕДІ”

Жохан 1:1-де: “Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай еді”,— делінген (“Жаңа өмір” баспасы). Кейінірек дәл осы тарауда елші Жохан “Сөздің” Иса екенін анық көрсетті (Жохан 1:14). Алайда “Сөз” Құдай деп аталғандықтан, кейбіреулер Ұл мен Әке бір Құдайды құрайды деген тұжырым жасайды.

Киелі кітаптың осы бөлігінің о баста грек тілінде жазылғанын ұмытпалық. Кейінірек ол түрлі тілдерге аударылған. Бірақ “Сөз Құдай еді” деген тіркесті аудармашылардың бәрі қолданбаған. Не себепті? Көне грек тілін білген олар аталмыш тіркес басқаша аударылуы керек деген шешімге келген. Сонда қалай аударылу керек? Келесі мысалдарға көңіл аударып көрейік: “Сөз құдай болған” (The New Testament in an Improved Version). “Сөз Құдаймен бірге болған әрі [олардың] болмыстары бірдей болған” (The Translator”s New Testament). Осы аудармаларға сай, Сөз — Құдайдың өзі емес *. Сөз Ехобаның жаратылыстарының арасында жоғары дәрежеге ие, сондықтан ол “құдай” деп аталады. Мұндағы “құдай” деген сөз “зор күш иесі” дегенді білдіреді.

ҚОСЫМША МӘЛІМЕТТЕРДІ ҚАРАСТЫР

Адамдардың бәрі көне грек тілін біле бермейді. Олай болса, елші Жоханның сөздерінің астарында не жатқанын қалай білуге болады? Мынадай мысалды қарастырып көрейік: мұғалім оқушыларға бір тақырыпты түсіндіріп береді. Бірақ оның айтқандарын оқушылардың әрқайсысы өзінше түсініп алады. Олардың мұндай жағдайда не істеулеріне болар еді? Дау жоқ, мұғалімнен көбірек мәлімет сұрап, оны қарастырғандары тақырыпты жақсырақ түсінулеріне көмектесер еді. Сол сияқты Жохан жазған ізгі хабардан Иса жайлы көбірек мәлімет алсаң, Жохан 1:1-дегі сөздерді түсінесің. Қосымша мәліметтерді қарастырғаның дұрыс қорытынды жасауыңа көмектеседі.

Мысалы, аталмыш Ізгі хабардың 1-ші тарауының 18-ші тармағына көңіл бөлші: “Құдайды ешкім ешқашан көрген емес”. Бірақ адамдар Исаны, яғни Ұлды, көрген, сондықтан Жохан былай деген: “Сөз адам болып, арамызда өмір сүрді. Біз оның салтанатын, жалғыз ұлдың әкесінен алған салтанатын, көрдік” (Жохан 1:14). Осы сөздерді ескерсек, Ұл мен Құдіреті шексіз Құдайдың бір тұлға болуы мүмкін бе? Сондай-ақ Жоханның айтуынша, Сөз “Құдайда болған”, немесе Құдаймен бірге болған. Бірақ қалайша әлдебіреу өзге тұлғамен бірге бола тұра, сол тұлғаның өзі бола алады? Оның үстіне, Жохан 17:3-те жазылғандай, Иса өзі мен көктегі Әкесінің арасында айырмашылық бар екенін анық көрсеткен. Ол Әкесін “жалғыз шынайы Құдай” деп атаған. Ізгі хабарының соңына таман Жохан мынадай қорытынды жасаған: “Ал бұлар Исаның Мәсіх, Құдайдың Ұлы, екеніне сенулерің үшін жазылды” (Жохан 20:31). Байқасаң, Иса мұнда Құдай емес, Құдай Ұлы деп аталған. Жоханның Ізгі хабарындағы осы қосымша мәліметтен Жохан 1:1-ді қалай түсінуіміз керек екені көрінеді. Иса, яғни Сөз, жоғары дәрежеге ие деген мағынада “құдай”, бірақ оның дәрежесі Құдіреті шексіз Құдайдікімен тең емес.

МӘЛІМЕТТЕРДІҢ ДӘЛДІГІНЕ КӨЗ ЖЕТКІЗ

Мұғалім мен оқушылар туралы мысалға қайта оралайықшы. Тіпті мұғалім қосымша мәлімет келтіргеннен кейін де, кейбір оқушылар әлі де күмәнданады делік. Олардың не істеулеріне болады? Басқа бір мұғалімнің көмегіне жүгінулеріне болады. Егер оның айтқандары бірінші мұғалімнің сөздерінің растығын дәлелдесе, оқушылардың басым көпшілігінің күмәні сейілері сөзсіз. Сол сияқты Киелі кітап жазушысы Жоханның Иса мен Құдіреті шексіз Құдай жайлы айтқан сөздерінің астарында не жатқанына сенімді болмасаң, бұған қатысты Киелі кітаптың басқа кітабында не делінгенін қарастырып көруіңе болады. Мысалы, Матай кітабында Исаның осы дүниенің ақыры жайлы айтқан сөздері келтірілген. Ол жерден біз былай деп оқимыз: “Сол күн мен сағатты ешкім — көктегі періштелер де, Ұл да — білмейді, тек Әкем ғана біледі” (Матай 24:36). Осы сөздер Исаның Құдіреті шексіз Құдай емес екенін қалай растайды?

Исаның айтуынша, Әкесі Ұлынан көп нәрсе біледі. Ал Иса мен Құдіреті шексіз Құдай бір тұлға болса, Әкесі білетін нәрселер оған беймәлім болмас еді ғой. Демек, Ұл мен Әкенің тең болуы мүмкін емес. Сөйтсе де кейбіреулер: “Исаның екі түрлі болмысы болған. Бұл жерде ол адам ретінде сөйлеген”,— деп жатады. Мейлі, солай-ақ болсын, онда киелі рух жөнінде не деуге болады? Егер киелі рух та Әке сияқты Құдай болса, неге Иса Әкенің білетіні киелі рухқа да белгілі екенін айтпаған?

Киелі кітапты зерттеуді жалғастыра берсең, Әке, Ұл және киелі рух жайындағы шындықты растайтын басқа да көптеген тармақтарды кездестіресің (Зәбүр 90:2; Елшілердің істері 7:55; Қолостықтарға 1:15).

^ 3-абзац Жохан 1:1-ге қатысты қосымша мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған 2008 жылдың 1 қарашадағы “Күзет мұнарасының” (ор.) 24, 25-беттерінен табуға болады.