Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ИНДОНЕЗИЯ

Көбірек миссионерлердің келуі

Көбірек миссионерлердің келуі

1964 жылдың 9 шілдесінде Индонезияның Әділет департаменті Киелі кітапты зерттеушілердің бірлестігін (Ехоба куәгерлерінің заңды корпорациясы) ресми түрде тіркеуден өткізді. Алайда бауырластар діни сенім бостандығының рақатын толық көру үшін, Діни істер департаментінің тіркеуінен де өту керек еді. Бұл мекеме болса Ехоба куәгерлерін ата жауындай көретін протестанттардан тұратын Христиан қоғамдастығының бас басқармасымен қоян-қолтық жұмыс жасайтын.

Бір күні бір бауырлас Діни істер министірлігімен жұмыс істейтін бастықпен кездесіп қалады. Ауылдас болып шыққан бұл екеуі өздерінің диалектісінде арқа-жарқа болып әңгімелеседі. Бауырлас Ехоба куәгерлері Христиан қоғамдастығының бас басқармасының тарапынан қиыншылықтар көріп жүргенін айтқанда, әлгі бастық үш бауырластың министрдің өзімен кездесуін ұйымдастырады. Министр адамгершілігі мен түсінігі мол мұсылман кісі екен. 1968 жылдың 11 мамырында ол ресми түрде Ехоба куәгерлерін дін ретінде мойындап, Индонезияда уағыздауға құқықтарын бекітетін жарлық шығарады.

Оның үстіне, әлгі бастық шетелдік Куәгерлерге миссионерлік виза алуға көмектесуге ниет білдірді. Ал Христиан қоғамдастығының бас басқармасы бұдан бейхабар қалды. Осылайша осы әділетті адамның арқасында келесі жылдары елге 64 миссионер кіре алды.

1968 жылы 300-дей миссионер мен арнайы ізашар және 1200-ден астам жариялаушы ізгі хабарды Индонезия елінің түкпір-түкпіріне жеткізе бастады. Жергілікті бауырластар миссионерлерден көпке үйренді. Осының арқасында олар жылдам рухани өсті. Мұның бәрі өте уақтылы болды, өйткені Құдай халқының басына қара бұлт төне бастаған еді.

Дінбасыларына “Жаңа жылға сыйлық”

Ехоба куәгерлеріне тыйым салуды көксеген Христиан қоғамдастығының бас басқармасы 1974 жылы қайтадан әрекетке кірісті. Осы департаменттің бас директоры Діни істер департаментінің облыстық бөлімшелеріне хат жазып, Ехоба куәгерлері ресми түрде тіркелмеген деген лақап таратты. Ол жергілікті билік иелерінің Ехоба куәгерлерін кез келген “келеңсіздік” үшін түрткілей бергенін қалады. Сайып келгенде, оның көздегені Ехобаның халқын қудалау еді. Шенеуніктердің көбісі бұл хатты елемеді. Бірақ мүмкіндікті пайдаланып, қауым кездесулеріне және үйме-үй уағызға тыйым салған шенеуніктер де болды.

1976 жылдың 24 желтоқсанында газетте Ехоба куәгерлеріне тыйым салынғаны хабарланды

Сол уақыттарда Дүниежүзілік шіркеулер кеңесі (ДШК) Джакартада халықаралық жиын өткізуді жоспарлап жатқан. Бұл жергілікті мұсылмандардың қитығына тиді. Діни толқу үдеп бара жатқандықтан, ДШК жиынды өткізбеуді шешті. Дегенмен мәсіхшілердің жұртты өз дініне тартуы өзекті мәселеге айналып, саясаткерлер мазасыздана бастады. Осы мүмкіндікті пайдаланған шіркеу дінбасылары Ехоба куәгерлерінің уағыз ісіне шағымдана түсіп, бар айыпты соларға таққысы келді. Осының кесірінен Куәгерлерді сынға алған шенеуніктер көбейді.

1975 жылдың желтоқсанында, діни толқу әлі өршіп тұрғанда, Индонезияның әскери қолы Португалияның бұрынғы отары Шығыс Тиморға (қазір Тимор-Лесте) басып кірді. Жеті айдан кейін Шығыс Тимор Индонезияның құрамына кірді, ал бұл халықтың патриоттық рухын көтерді. Бауырластар бейтараптық сақтап, әскерде қызмет етуден және туды дәріптеуден бас тартты. Бұл өз кезегінде әскери басшылардың ашуын келтірді (Мат. 4:10; Жох. 18:36). Оның үстіне, дінбасылары жағдайды пайдаланып, үкіметті Куәгерлерге қарсы арандатуға тырысып бақты. Ақыры, 1976 жылы желтоқсан айының ортасында дінбасылары “Жаңа жылға сыйлық” алды: үкімет Ехоба куәгерлеріне тыйым салды.