Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Азға қанағат ету

Азға қанағат ету

 Пандемия, табиғи апаттар, саяси толқулар мен соғыстар ел экономикасына әсер етпей қоймайды. Осындай экономикалық дағдарыстың кесірі сізге де тиіп, қаржы тапшылығын көріп жүрсіз бе? Бұл мақалада Киелі кітаптағы кейбір кеңестер түсіндіріледі. Олар сізге қолда бар қаражатты жеткізе білуге көмектеседі.

1. Жаңа жағдайға икемделіңіз

 Киелі кітап кеңесі: “Молшылықта не мұқтаждық көріп өмір сүрудің құпиясын біліп алдым” (Філіпіліктерге 4:12).

 Жаңа жағдайға неғұрлым тез көндіксеңіз, өзіңізге де, отбасыңызға да оны көтеру соғұрлым оңай болады.

 Мемлекет я басқа да ұйымдар тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатқанын біліп жүріңіз. Сосын оны алу үшін тез әрекет етіңіз, әйтпесе үлгермей қалуыңыз мүмкін.

2. Отбасыңызбен бірлесе әрекет етіңіз

 Киелі кітап кеңесі: “Ақылдаспаған жерде жоспар іске аспайды, Кеңесші көп болса, ол жүзеге асады” (Нақыл сөздер 15:22).

 Осы мәселе жайында жұбайыңызбен, бала-шағаңызбен ашық сөйлесіңіз. Сонда олар жағдайды түсініп, қабылданатын шешімдерге қолдау көрсетуге дайын болады. Отбасындағы әркім ысырапшыл емес, үнемшіл болса, онда қаражаттарыңыз біраз уақытқа жетеді.

3. Қаржы жоспарын құрыңыз

 Киелі кітап кеңесі: “Ол... алдымен отыра қалып, кететін шығынды есептеп алады” (Лұқа 14:28, “Жаңа өмір” баспасы).

 Сізге қазір аз ақшамен күнелтуге тура келіп жатқандықтан, әсіресе қазір әрбір тиыныңыз қайда кетіп жатқанын білгеніңіз аса маңызды. Ол үшін бюджет құрып, енді алатын еңбекақыңызды жазып қойыңыз. Сосын осы жағдайға дейін ай сайын ақшаңызды не нәрсеге жұмсап келгеніңізді жазып қойыңыз. Бұл тізімге күтпеген жағдайға алып қоятын ақшаны да кіргізіңіз.

 Кәдеге жарар: Шығындарыңызды жазғанда, кішігірім заттарды да жазуды ұмытпаңыз. Оларға қанша ақша кететінін көргенде, сіз таңғалуыңыз мүмкін. Мысалы, бір ер адам өз шығындарын санаса, сағыздың өзіне жыл сайын бірнеше жүз доллар жұмсаған екен!

4. Маңызды шығындарды анықтаңыз

 Киелі кітап кеңесі: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер” (Філіпіліктерге 1:10).

 Кірісіңіз бен шығысыңызды салыстырып көріңіз. Қазіргі табысыңызды ескере отырып, қай шығыныңызды азайта алатыныңызды, ал қайсысынан мүлдем бас тарта алатыныңызды ойлап көріңіз. Мысалы:

  •   Көлік. Бір үйде бірнеше көлік болса, соның біреуін сата аласыз ба? Ал көлігіңіз қымбат болса, оны үнемдірек көлікке ауыстыра аласыз ба? Я болмаса көліктің орнына автобуспен не велосипедпен жүре алатын шығарсыз? Немесе көлігіңізді сатып жіберерсіз?

  •   Көңіл көтеру. Сіз аз уақытқа болса да, ақылы спутниктік я кабельдік телевизиядан бас тарта аласыз ба? Не болмаса олардың арзандау түрлерін іздеп көрерсіз?

  •   Коммуналдық қызметтер. Отбасыңызбен отырып, суды, электр жарығын және жанармайды қалай үнемдеуге болатынын талқылап көріңіздер. Жарықты өшіріп жүру, жуынғанда суды ағызып тұрмау болмашы боп көрінетін шығар, алайда осыған әдеттенсеңіздер, ақшаны айтарлықтай үнемдей аласыздар.

  •   Ас-ауқат. Кафеде тамақтанбай, үйде пісіріп жеңіз. Қандай тамақ жейтіндеріңізді алдын ала ойластырып алыңыз. Азық-түлікті аздан емес, мүмкін болса, көбірек сатып алыңыз. Тамақты да молырақ жасаңыз. Артылған азық-түлікті тастамай, кәдеңізге жаратыңыз. Азық-түлікке барған кезде қызыққан нәрсені сатып алмас үшін, нақты бір тізім жасап барыңыз. Арзанға түсу үшін сол мезгілде пісетін жемістер мен көкөністерді алыңыз. Зиянды тамақтарға шығындалмаңыз. Жеміс-жидек пен көкөністі өздеріңіз де отырғызсаңыздар болады.

  •   Киім. Киім-кешекті тек ескірген кезде ғана сатып алыңыз, сәннің артынан қумаңыз. Киімдерді жыл мезгілінің соңында болатын жаппай сатылым кезінде алыңыз. “Секонд-хэнд” дүкендерінде де жақсы киімдер табуға болады. Жуылған кірді кептіру машинасына салғанша, күнге жайып қойыңыз, бұл да ақшаны үнемдейді.

  •   Сатып алатын заттар. Бір нәрсе сатып алмас бұрын: “Бұған шамам келе ме? Бұл зат маған шынымен керек пе?”— деп ойланып көріңіз. Тұрмыстық техникаларды, электронды құрылғыларды және көлікті ауыстырмай, әзірше қолда барды пайдалана тұра аласыз ба? Қайта, үйдегі қолданбайтын, керек емес заттарды сатып жіберіңіз. Сонда артық заттан арыласыз, қалтаңызға да ақша түседі.

 Кәдеге жарар: Аяқ астынан табысыңыздан тарылып қалсаңыз, онда зиян әрі қымбатқа түсетін әдеттерді тастаймын деп шешетін шығарсыз: мысалы, темекі тартпауды, құмар ойындарды ойнамауды және спирттік ішімдікті көп ішпеуді. Осының арқасында ақшаңыз да үнемделеді, денсаулығыңыз бен өміріңіз де жақсарады.

5. Құдай Сөзіне жүгініңіз

 Киелі кітап кеңесі: “Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты” (Матай 5:3).

 Киелі кітапта ақшаға қатысты мынадай сөздер жазылған: “Ақша адамды қорғайтындай, даналық та оны қорғайды. Бірақ даналық пен білімнің артықшылығы — өз иесінің өмірін сақтайды” (Уағыздаушы 7:12). Сол даналықты Киелі кітаптан табуға болады. Соны тапқан адамдар ақшаны көп уайымдамауды үйренген (Матай 6:31, 32).