Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қарым-қатынасқа көрік берер кеңестер

Қарым-қатынасқа көрік берер кеңестер

Жаратушымыз бізге туған-туыстарымызбен, достарымызбен, жұмыстағы әріптестерімізбен қалай арақатынасымызды жақсартуға болатынын үйретеді. Оның құнды кеңестерінің пайдасын көптеген адам көрген. Қазір солардың кейбіреуіне тоқталып өтейік.

Кешірімді болыңыз

“Әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да,.. бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:13).

“Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ” жоқ болғандықтан, біз өзгелерді, ал өзгелер бізді ренжітіп жатады. Сол үшін біз бір-біріміздің кешірімімізге мұқтажбыз. Ал кешіру деген не? Ол бізді ренжіткен адамға іште өкпе-реніш сақтап қалмай, одан арылу. Сондай-ақ бұл — “жамандыққа жамандықпен қайтармау”, әрі адамның айыбын қайта-қайта бетіне баса бермеу (Римдіктерге 12:17). Бірақ кейде біреудің әрекеті жүрегімізді қатты жаралап, ойымыздан еш кетпей қояды. Ондай кезде не істеген дұрыс? Адамның өзімен оңашада құрметпен сөйлесіңіз. Сөйлескенде сіздің мақсатыңыз өзіңіздің дұрыстығыңызды дәлелдеу емес, онымен татуласу болу керек (Римдіктерге 12:18).

Кішік болып, сый-құрмет көрсетіңіз

“Кішіпейілділікпен басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар” (ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 2:3).

Біз кішіпейіл болып, адамдарға сый-құрмет көрсетсек, оларға бізбен араласқан ұнайды. Өйткені біздің басқаларға мейіріммен қарайтынымызды, сезімдерін ескеріп, жүрегін әдейі жараламайтынымызды біледі. Ал біз өзімізді басқалардан жоғары қойсақ немесе өз дегенімізде тұрып алатын болсақ, айналамыздағылармен сөзіміз жараспай, қарым-қатынасымыз қиындап кетеді. Ондай адаммен ешкім араласқысы келмейтіндіктен, доссыз қалуымыз мүмкін.

Бәріне бірдей қараңыз

“Құдай ешкімді алаламайды... Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 10:34, 35).

Жаратқан Ие барлық адамға бірдей қарайды. Ол ешкімді ұлтына, нәсіліне, тіліне, қоғамдағы дәрежесіне қарап бөліп-жармайды. Оның Сөзінде айтылғандай, “ол бір адамнан күллі халықтарды шығарды” (Елшілердің істері 17:26). Демек, түптеп келгенде, бәріміз бір-бірімізге бауырмыз. Біз әрбір адамға мейірбан болып, сыйлай білсек, олар да, өзіміз де қуанамыз. Жаратушымызды да қуантамыз.

Жұмсақ мінезді болыңыз

“Жұмсақтық қасиетіне бөленіңіз” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:12).

Мінезіміз жұмсақ болса, басқалар қасымызда өзін жайлы сезінеді. Олар бізбен емін-еркін тілдесіп, түзелетін жеріміз болса, оны еш қысылмай айтады. Себебі біздің ренжімей, жақсы қабылдайтынымызды біледі. Жұмсақ мінезді адам біреу оған ашуланғанда, сабырмен жауап береді. Сонда ашулы адам бірден сабасына түседі. Киелі жазбаларда: “Биязы жауап ашуды басар, Ауыр сөз ыза тудырар”,— делінген (Нақыл сөздер 15:1).

Пейіліңіз кең, алғысыңыз мол болсын

“Алғаннан гөрі берген бақытты” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 20:35).

Бүгінде тек қара басын ойлайтын “Шықбермес Шығайбайлар” көбейіп кеткен. Бірақ олар шын бақыттың көзі жомарттықта екенін біле бермейді (Лұқа 6:38). Неге біз жомарт жанды бақытты дейміз? Өйткені ол заттан гөрі адамды көбірек жақсы көреді. Сондықтан өзіне де жақсылық жасағандарға алғыс айтуды ұмытпайды (Қолостықтарға 3:15). Былай деп ойланып көріңізші: “Сізге қандай адамдармен араласқан ұнайды? Қолы тар, алғысты білмейтінмен бе, әлде қолы ашық, алғысты білетінмен бе?” Ендеше, қандай адамдарды ұнатсаңыз, өзіңіз де сондай болыңыз (Матай 7:12).