Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Тимгад. Құмға көмілген қала өз құпияларын ашуда

Тимгад. Құмға көмілген қала өз құпияларын ашуда

БАТЫЛ ЗЕРТТЕУШІ өз көзіне өзі сене алмады. Өйткені алдында Алжир шөл даласының құмына жартылай көмілген Римнің салтанат қақпасы тұрды. Бұл шотланд ғалымы Джеймс Брюс еді. Ол 1765 жылы аталмыш қақпаны тапқанда, римдіктердің Солтүстік Африкада тұрғызған ең үлкен елді мекенінің үстінде тұрғанын білмеді. Бұл ежелгі қаланың атауы Тамугади еді. Қазір оны Тимгад деп атайды.

Содан бір ғасыр өткен соң, 1881 жылы француз археологтары Тимгадтың жақсы сақталған қалдықтарын қазып, аша бастады. Олар қала сыртындағы жұтаң әрі шұрайсыз өлкеге қарамастан, оның тұрғындары өте жайлы да ауқатты өмір кешкен деген қорытындыға келді. Алайда римдіктерге осындай жерде колония тұрғызудың не қажеті болды? Осы ежелгі қала мен оның тұрғындарынан қандай сабақ ала аламыз?

ЖАСЫРЫН САЯСИ МАҚСАТ

Бірінші ғасырда римдіктер Солтүстік Африкаға өз билігін орнатпақ болғанда, кейбір көшпелі тайпалардың қатты қарсылығына кезікті. Қалайша римдіктер жергілікті тұрғындармен бейбіт қатынас орнатпақ болды? Алғашында, ІІІ Август легионының сарбаздары таулы өлкелерде (қазіргі Алжирдің солтүстігінде) бекіністі қостар мен қорғандар тұрғыза бастады. Ал кейіннен Тимгад қаласын тұрғызды, бірақ бұл жолы олардың мақсаты мүлдем басқа болды.

Тимгад қаласын соғудағы римдіктердің ресми мақсаты әскери қызметтен босаған сарбаздарды орналастыру болғанымен, шын мәнінде, олар жергілікті тайпалардың қарсылығын әлсіретуді көздеді. Олардың құрған жоспарлары сәтті болды. Қалаға тауарларын сатуға келген жергілікті халықты Тимгадтағы жайлы өмір қызықтыра бастады. Бұл қалада тек Рим азаматтарына ғана тұруға болатын. Сондықтан жергілікті тұрғындар өздеріне және балаларына Рим азаматтығын алу үшін, 25 жыл римдік легионда қызмет ету келісімшартына отыра бастады.

Рим азаматтығын алған Африканың кейбір тұрғындары оны місе тұтпай, Тимгадта да, римдіктердің өзге колониялық қалаларында да беделді лауазымдарға ие бола бастады. Римдіктердің жергілікті тұрғындарды ассимиляциялауға қатысты жасырын жоспары сәтті болғаны сонша — Тимгадтың негізі қаланғанынан небәрі жарты ғасыр өте салысымен-ақ, оның тұрғындарының басым көпшілігі Солтүстік Африканың жергілікті халқы болды.

РИМДІКТЕРДІҢ ЖҮРЕКТЕРДІ ЖАУЛАУЫ

Әдемі бағаналары мен үстелдері бар сауда-саттық орны

Қалайша римдіктер жергілікті тұрғындардың жүрегін тез жаулап алды? Олар римдік саясаткер Цицеронның қағидасына сай, қала тұрғындарының арасында теңдік орнатуға тырысты. Жер телімдері бұрын римдік әскерде қызмет еткен адамдар мен Африканың жергілікті тұрғындарының арасында теңдей бөлінді. Қаланың жоспары мұқият жасалды. Ол тар көшелермен бөлінген әрі ені мен ұзындығы 20 метрлік үйлерден тұрды. Қаладағы үйлердің осылайша тәртіппен әрі бірдей етіп салынуы тұрғындардың көңілінен шыққаны сөзсіз.

Сол уақыттағы көптеген римдік қалалардағыдай, бұл қаланың тұрғындары да сауда-саттық күндері соңғы жаңалықтарды есту үшін не ойындар ойнау үшін арнайы орынға жиналатын. Ал жақын маңдағы таулы шөлдерде тұратын адамдар өздерін күннің аптап ыстығында қала бағаналарының көлеңкесінде жүргендерін не көпшілікке арналған тегін моншалардағы сыбдырлап аққан судың маңында демалып жатқандарын, я болмаса жанға жай беретін субұрқақтың жанында достарымен әңгіме-дүкен құрып отырғандарын елестетіп, армандаған болса керек. Бұның бәрі оларға қиял-ғажайып нәрсе болып көрінген шығар.

Жоғарғы жағында Үштік құдай бейнеленген құлпытас

Адамдардың жүрегін жаулауда қаладағы ашық театрдың да рөлі зор болды. 3500-ден аса орны бар бұл театрға Тимгад пен жақын маңдағы қалалардың тұрғындары жиналып, азан-қазан болатын. Актёрлер сахнада азғындық пен зорлық-зомбылыққа толы қойылымдар көрсетіп, жиналған көрермендерді римдіктердің азғын көңіл көтеру түрімен таныстыратын.

Римдіктердің діні де бұл іске өз үлесін қосты. Моншалардың едендері мен қабырғалары олардың діни мифологиясынан алынған бейнелерге толы болатын. Күнделікті моншаға баратындықтан, жергілікті тұрғындар бірте-бірте римдіктердің құдайларымен және дінімен таныса бастады. Африка тұрғындарын Рим мәдениетіне ассимиляциялау әрекетінің сәтті болғаны сонша — жиі құлпытастарға Африканың және Римнің үштік құдайларының бейнелері бірге салынатын болды.

ӘДЕМІ ҚАЛАНЫҢ ҒАЙЫП БОЛУЫ

Қаланың негізі б. з. І ғасырында император Траянның басшылығымен қаланды. Содан кейін римдіктердің ықпалымен Солтүстік Африкада астық, зәйтүн майы мен шарап өндіру қолға алынды. Көп ұзамай бұл өлке Рим империясын азық-түлікпен қамтамасыз ететін қоймаға айналды. Өзге де колониялық қалалар сияқты Тимгад та Римнің қол астында өркендеді. Уақыт өте келе қала тұрғындарының саны өсіп, оның аумағы кеңейіп, бекіністің сыртына шықты.

Қала тұрғындары мен үлкен жер иелері Риммен сауда-саттық жасап өркендесе, жергілікті шаруалар бұдан мардымсыз ғана пайда көретін. Б. з. ІІІ ғасырында әлеуметтік теңсіздік пен үлкен салықтар шағын шаруа иелерінің көтерілісіне әкелді. Католик дінін қабылдаған олардың кейбірі донатистерге қосылды. Донатистер — Католик шіркеуіндегі азғын іс-әрекеттерге қарсы шыққан мәсіхшілік дінін ұстанған топ (“ Донатистер — “таза шіркеу” емес” қоршауын қараңыз).

Ғасырларға созылған діни қақтығыстар, азаматтық соғыстар мен түрлі тайпалардың шабуылының салдарынан римдіктер Солтүстік Африкадағы ықпалынан айырылып қалды. Б. з. VI ғасырында жергілікті араб тайпалары Тимгадты отқа орап, жермен-жексен қылды. Сөйтіп, бұл қала 1000 жылдан аса уақытқа ғайып болды.

“ӨМІР ДЕГЕН — ОСЫ!”

Көпшілік жиналатын орыннан табылған латын тіліндегі жазба: “Аң аулау, моншаға түсу, ойын ойнау және әзіл-күлкі — өмір деген осы!”

Тимгадтың қалдықтарын тапқан археологтар қаланың көпшілік жиналатын орнынан табылған латын тіліндегі жазбаға аң-таң болған. Онда былай делінген: “Аң аулау, моншаға түсу, ойын ойнау және әзіл-күлкі — өмір деген осы!” Бір француз тарихшысының айтуынша, бұл сөздерден “баққұмарлықтан ада пәлсәпаны байқауға болады, алайда сол уақыттағы адамдардың кейбірі бұны даналықтың құпиясы деп қарастырғанында сөз жоқ”.

Расында да, римдіктер біраз уақыт бойы осындай өмір салтын ұстанған. Мәсіхтің бірінші ғасырдағы ізбасары болған елші Пауыл өмірлерінде “бүгін ішіп-жеп қалайық, ертең бәрібір өлеміз ғой” деген қағиданы ұстанған адамдар жайлы айтып өткен. Діндар адам болса да, римдіктер өмірдің мән-мағынасы жайлы еш ойланбай, бір мезеттік ләззат-ермекпен өмір сүрген. Пауыл: “Алданбаңдар, жаман орта жақсы әдеттен айырады”,— деп, сол уақыттағы Мәсіхтің ізбасарларын мұндай адамдардан сақтандырған (Қорынттықтарға 1-хат 15:32, 33).

Тимгадтың тұрғындары осыдан шамамен 1500 жыл бұрын өмір сүрсе де, қазіргі адамдардың көзқарасының олардікінен аса айырмашылығы жоқ. Көптеген адамдар бүгінгі күнмен өмір сүреді. Ежелгі римдіктердің өмірге деген көзқарасы олар үшін ақылға қонымды болып көрінеді, әрі бұның зардабын қаперіне де алмайды. Алайда Киелі кітап: “Осы дүниенің көрінісі өзгеруде”,— деп, бұл өмірге қысқа да нұсқа сипаттама береді. Сондықтан да Киелі кітап бізді осы дүниені “толық пайдаланбауға” шақырады (Қорынттықтарға 1-хат 7:31).

Тимгадтың үйінділері келесі жайтты дәлелдейді: бақытты да мағыналы өмірдің құпиясы — ұзақ ғасырлар бойы Солтүстік Африканың құмында көміліп жатқан сол бір қағиданы ұстануда емес. Керісінше, бақытты да мағыналы өмірдің құпиясы — Киелі кітаптың “осы дүние мен оның қалауы өтеді де кетеді, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” деген ескертуіне құлақ асуда (Жоханның 1-хаты 2:17).