Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ЗАМАННЫҢ СОҢЫ ЖАҚЫН БА?

Заманның соңы деген не?

Заманның соңы деген не?

Сіз “Заманның соңы жақын!” деген сөздерді естігенде, не туралы ойлайсыз? Аспаннан жұлдыз құлап, жер бетіндегі тіршілік атаулының жойылғаны жайлы ойлайсыз ба? Әлде ойыңызға табиғи апат не үшінші дүниежүзілік соғыс келе ме? Кейбіреулер жоғарыдағы сөздерді естігенде, уайымға берілсе, өзгелері сын көзбен қарауы не тіпті бұған күлуі мүмкін.

Киелі кітапта: “Осы заманның соңы келеді”,— делінген (Матай 24:14). Ал басқа бір жерінде бұны “Құдайдың ұлы күні” және “Армагеддон” деп атаған (Аян 16:14, 16). Шыны керек, бұған қатысты әр дінде әртүрлі үйретеді, сондай-ақ адамның үрейін ұшыратын әрқилы пікірлер де жетерлік. Дегенмен Киелі кітапта заманның соңы деген нені білдіріп, нені білдірмейтініне қатысты нақты мәлімет бар. Бұған қоса, Құдай Сөзінен заманның соңы жақын ба, жоқ па, соны да біле аламыз. Ал, ең бастысы, бұдан қалай аман қалуға болатыны айтылған! Алдымен, бұрыс пікірлерді түзетіп, заманның соңы дегеннің не екенін анықтап алайық. Сонымен, Киелі кітапқа сай, заманның соңы деген не?

ЗАМАННЫҢ СОҢЫ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРМЕЙДІ:

  1. ЗАМАННЫҢ СОҢЫ ДЕГЕН — ЖЕР ПЛАНЕТАСЫНЫҢ ОТҚА ОРАНЫП ЖОЙЫЛУЫ ЕМЕС.

    Киелі кітапта келесідей сөздер бар: “[Құдай] Жерді берік негізге орнатты, Ол [яғни “жер”] өз орнынан ешқашан жылжымайды” (Зәбүр 104:5). Осы және басқа да жазба орындарынан Құдайдың жерді жоймайтынын және оның жойылуына ешқашан жол бермейтінін көруге болады (Уағыздаушы 1:4; Ишая 45:18).

  2. ЗАМАННЫҢ СОҢЫ — КЕЗДЕЙСОҚ ӘРІ ЖОСПАРЛАНБАҒАН ОҚИҒА ЕМЕС.

    Киелі кітапқа сай, заманның соңы — арнайы жоспарланған оқиға. Себебі Құдай оның нақты уақытын белгілеп қойған. Киелі кітапта былай делінген: “Сол күнді не сағатты ешкім — көктегі періштелер де, Ұл да — білмейді, Әкем ғана біледі. Сақ болыңдар! Сергек болыңдар! Өйткені белгіленген уақытты білмейсіңдер” (Марқа 13:32, 33). Осы жазба орнынан анық көрінетіндей, Құдай (яғни “Әке”) осы заманның соңы қашан келетінінің нақты уақытын белгілеп қойған.

  3. ЗАМАННЫҢ СОҢЫ АДАМ БАЛАСЫНЫҢ ӘРЕКЕТІНІҢ НЕ ЖҰЛДЫЗДЫҢ ЖЕРМЕН СОҚТЫҒЫСУЫНЫҢ САЛДАРЫНАН БОЛМАЙДЫ.

    Заманның соңына себепкер болатын не? Киелі кітапта: “Бұдан кейін көктің ашылғанын және ақ атты көрдім. Оның үстінде отырған “Адал да Шынайы” деп аталады”,— делінген (Аян 19:11). Кітапта әрі қарай келесідей сөздер бар: “Мұнан кейін жыртқыш аңның, жержүзінің патшалары мен олардың әскерлерінің ат үстінде отырғанға және оның әскеріне қарсы соғысу үшін жиналғанын көрдім” (Аян 19:11—21). Әрине, мұндағы мәліметтің көбісі бейнелі тілмен айтылған, бірақ бұл жазба орындарынан Құдай өз жауларын жою үшін, періштелерден тұратын әскерін жіберетінін анық байқауға болады.

Киелі кітаптағы заманның соңына қатысты хабар — жаман емес, қайта, жақсы хабар

ЗАМАННЫҢ СОҢЫ ДЕГЕН НЕНІ БІЛДІРЕДІ:

  1. ДӘРМЕНСІЗ ҮКІМЕТТЕР ЖОЙЫЛАДЫ.

    Киелі кітапта былай делінген: “Көктегі Құдай ешқашан жойылмайтын патшалық орнатады. Бұл патшалық басқа халықтың қолына өтпейді. Ол сол патшалықтардың бәрін қиратып, өзі мәңгі тұрады” (Даниял 2:44). Жоғарыда айтылып өткендей, “ат үстінде отырғанға және оның әскеріне қарсы соғысу үшін жиналған” “жержүзінің патшалары мен олардың әскерлері” жойылатын болады (Аян 19:19).

  2. СОҒЫС, ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ПЕН ӘДІЛЕТСІЗДІК АТАУЛЫ ЖОЙЫЛАДЫ.

    Құдай Сөзінде: “Ол [Құдай] күллі жержүзіндегі соғыстарды тоқтатады”,— деп айтылған (Зәбүр 46:9). Сондай-ақ онда келесідей сөздер бар: “Әділдер жерді мекен етеді, Кінәратсыздар онда тұратын болады. Ал зұлымдар жер бетінен құрып жоқ болады, Опасыздар түптамырымен жойылады” (Нақыл сөздер 2:21, 22). Құдай: “Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”,— дейді (Аян 21:4, 5).

  3. ҚҰДАЙҒА ДА, АДАМДАРҒА ДА ЕШ ПАЙДАСЫ ЖОҚ ДІНДЕР ЖОЙЫЛАДЫ.

    Киелі кітапта: “Пайғамбарлар жалған пайғамбарлық етеді, Діни қызметкерлер өз қалауынша өктемдік етеді... Бірақ бәрінің ақыры келгенде не істейсіңдер?”— делінген (Еремия 5:31). Сонымен қатар Иса пайғамбар келесідей сөздер айтқан: “Сол күні маған көп адам: “Ием, Ием, біз сіздің атыңыздан пайғамбарлық етпедік пе? Сіздің атыңыздан жындарды қуып шығарып, сіздің атыңыздан көптеген кереметтер жасамап па едік?”— дейтін болады. Сонда мен оларға: “Сендерді ешқашан таныған емеспін! Менен аулақ кетіңдер, заңсыздық жасаушылар!”— деп ашық айтамын” (Матай 7:21—23).

  4. ДҮНИЕНІ ЗҰЛЫМДЫҚҚА ТОЛТЫРҒАН АДАМДАР ӘРІ ОСЫ ДҮНИЕДЕГІ ЖАҒДАЙДЫ ҚОЛДАП-ҚОЛПАШТАЙТЫНДАР ЖОЙЫЛАДЫ.

    Иса пайғамбар: “Сот мынаған негізделеді: дүниеге жарық келді, бірақ адамдар жарықтан гөрі түнекті жақсы көрді, себебі олардың істері зұлым еді”,— деген (Жохан 3:19). Құдайдың адал пайғамбары Нұхтың заманындағы дүниенің жойылуы жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Ежелгі замандағы дүние осы сулардың астында қалып, жойылды. Ал қазіргі аспан мен жер, сол сөз бойынша, отпен жойылу үшін құдайсыздардың сотталып, жойылатын күніне сақталып отыр” (Петірдің 2-хаты 3:5—7).

Байқасаңыз, болашақтағы “Құдайсыздардың сотталып, жойылатын күні” Нұх пайғамбардың заманындағы дүниенің жойылуымен салыстырылған. Сол кезде қандай дүние жойылған еді? Топан суда жер планетасы емес, “құдайсыздар”, яғни Құдайдың жаулары жойылған болатын. Демек, Құдайдың болашақтағы сот күнінде де Құдаймен жауласу жолына түскен адамдар жойылады. Ал Құдаймен жақсы қарым-қатынастағы Нұх және оның отбасындағы сияқты адамдар аман қалады (Матай 24:37—42).

Көз алдыңызға елестетіңізші, Құдай жер бетіндегі зұлымдардың көзін құртқанда, қандай тамаша уақыт болады! Киелі кітаптағы заманның соңына қатысты хабар жаман емес, қайта, жақсы хабар екенінде сөз жоқ. Алайда сізде мынандай сұрақтар туындауы мүмкін: “Киелі кітапта заманның соңы қашан болатыны айтылған ба? Ол жақында бола ма? Одан қалай аман өте аламыз?”