Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

Ол ақылмен әрекет етті

Ол ақылмен әрекет етті

1—3. а) Набалдың үйіне қандай қауіп төнді? ә) Әбигелмен танысу барысында не туралы қарастырамыз?

ӘБИГЕЛ екі өкпесін қолына алып жүгіріп келген жігіттің жүзінен бір үрейді байқады. Бұл жігіттің қорқатынындай-ақ бар еді, өйткені оларға үлкен қауіп төніп тұрды. Әбигелдің үйіндегі еркек кіндіктінің бәрін қырып тастау үшін 400-дей сарбаз жолға шыққан еді.

2 Мұның бәрі Әбигелдің күйеуі Набалдың кесірінен болды. Ол әдеттегідей өрескел мінез танытты. Набал бір мықты қолбасшыға тіл тигізіп, үлкен қателік жасады. Бұл қолбасшының адал да майталман жауынгерлері бар еді. Мұның арты немен бітерін білген Набалдың әлгі жас қызметшісі, қойшысы болу керек, Әбигелге қарай асықты. Бір шара қолданар деген ниетпен ол Әбигелге болған жағдайды айтып берді. Алайда нәзік жанды бұл әйел мықты әскерге қарсы не істей алады?

Нәзік жанды бұл әйел мықты әскерге қарсы не істей алады?

3 Бұл сұраққа жауап бермес бұрын осы әйелмен жақынырақ танысып көрейік. Ол қандай адам болған? Жоғарыдағы оқиға неден басталды? Әбигел бізге қандай үлгі қалдырды?

“Ақылды да әдемі”

4. Набал қандай адам болған?

4 Әбигел мен Набал бір-біріне лайық, жарасымды жұп емес-тін. Өйткені Әбигел тамаша әйел, ал Набал жаман адам болатын. Ол өте дәулетті болғандықтан, өзін маңызды санаса керек. Ал басқалар оған қалай қарады екен? Киелі кітапта Набалдай жағымсыз суреттелген кісілер кемде-кем. Оның атының өзі “ақымақ”, “парықсыз” дегенді білдіреді. Мұндай есімді туылғанда ата-анасы қойды ма, әлде жұрт оны солай атап кетті ме — әйтеуір Набал атына сай жаман адам болған. Киелі кітапта оның “қатал әрі жаман адам” болғаны айтылады. Бір нәрсе болса жұдырығын ала жүгіретін әрі ішімдікке әуестенген бұл кісіден көбісі қорқып, оны жақтырмайтын (Сам. 1-ж. 25:2, 3, 17, 21, 25).

5, 6. а) Әбигелдің қандай тартымды қасиеттері болған деп ойлайсыз? ә) Әбигел не себептен ақымақ кісіге тұрмысқа шыққан болуы мүмкін?

5 Әбигел Набалдан мүлдем өзгеше еді. Оның есімі “әкем қуана бастады” дегенді білдіреді. Әбигел өте сұлу әйел болған. Қыздарының сұлу болғаны қай әкеге де мақтаныш. Ал ақылына көркі сай қыздар әкелерін одан да зор қуанышқа бөлейді. Әдетте көрікті де келбетті адамдар даналық, парасаттылық, батылдық, сенім сияқты қасиеттер дамытуды қажет санамайды. Бірақ Әбигел олай ойламады. Киелі кітапта оның көрікті ғана емес, ақылды болғаны да айтылған (Самуилдің 1-жазбасы 25:3 оқыңыз).

6 Осындай ақылды қыз ақымақ кісіге қалай тұрмысқа шығып жүр? Бір ескеретін жайт, Киелі кітап заманында ұл-қыздарының кіммен неке құратынын көбінесе ата-аналары шешетін немесе жастар ата-анасының келісімін алғаннан кейін ғана неке құра алатын. Ал Әбигелдің ата-анасы жайлы не деуге болады? Олар Набалдың байлығы мен дәрежесіне қызығып, қыздарын оған тұрмысқа шығуға талпындырды ма, әлде оны өздері беріп жіберді ме — белгісіз. Мұны олар жоқшылықтан істеген болуы да мүмкін. Бірақ Набал дәулетті адам болғанмен, жақсы жар бола алмады.

7. а) Балаларында некеге қатысты дұрыс көзқарас дамытқысы келетін ата-аналар неден аулақ болулары керек? ә) Әбигел не істеуге бел буған еді?

7 Дана ата-аналар балаларына некеге дұрыс қарауды үйретеді. Олар балаларын жарды қалтасына қарап таңдауға немесе ересек адамның міндеттерін алып жүре алмайтын албырт шағында біреумен кездесе бастауға талпындырмайды (Қор. 1-х. 7:36). Алайда Әбигелдің жағдайында бұлай ойланып жатуға тым кеш еді. Өйткені ол Набалға тұрмысқа шығып қойған болатын. Әбигел басына қандай күн тумасын, барлық кезде қолынан келгенше дұрыс әрекет етіп, жақсы әйел болуға тырысты.

“Набал оларды қорлады”

8. Набал кімге тіл тигізді және неге оның бұл әрекеті ақымақтық еді?

8 Набалдың бұл жолғы әрекеті Әбигелдің жағдайын одан бетер қиындата түсті. Набал анау-мынау адамға емес, Құдайдың адал қызметшісі Дәуітке тіл тигізген еді. Самуил пайғамбар Дәуіттің басына май құйып, оны Ехобаның өзі Саулдың орнына патша етіп таңдағанын көрсеткен еді (Сам. 1-ж. 16:1, 2, 11—13). Алайда Саул патша Дәуітті көре алмай, оны өлтіргісі келгендіктен, Дәуіт өзінің 600 сарбазымен шөл далада бассауғалап жүруге мәжбүр болды.

9, 10. а) Бассауғалап жүрген Дәуіт пен оның сарбаздарының жағдайы қандай еді? ә) Неге Набал Дәуіт пен оның сарбаздарына риза болуы керек еді? (10-абзацтың сілтемесін де қараңыз.)

9 Набал Мағонда тұратын. Бірақ ол Кармилдегі меншікті жерінде жұмыс істейтін *. Набалдың 3000 қойы осы екі қаланың маңындағы шөбі шүйгін жайылымдарда жайылып жүретін. Айналаның бәрі жапан дала. Оңтүстік жақта Паран шөлі созылып жатса, шығыста Тұзды теңізге дейін үңгірлері көп елсіз аңғарлар жатты. Дәл осы жерлерде Дәуіт өзінің адамдарымен жасырынып жүрген еді. Оларға осындай жабайы табиғатта аман қалу, жейтін азық табу оңайға соқпағаны анық. Бассауғалап жүргендерінде олар Набалдың қойын бағып жүрген жігіттерді жиі кездестіріп тұратын.

10 Дәуіттің сарбаздары Набалдың қойшы жігіттеріне қалай қарады? Қойларын тартып алып, азық ету олар үшін түк те емес еді. Бірақ олар ешкімге қиянат жасамады. Керісінше Набалдың қойлары мен қойшыларын берік қорған іспетті жан-жақтан қорғап жүрді (Самуилдің 1-жазбасы 25:15, 16 оқыңыз). Әдетте мұндай жерлерде қой бағу өте қауіпті болатын. Өйткені онда жабайы аңдар өріп жүретін, оның үстіне, жақын маңда Исраилдің оңтүстік шегарасы жатқандықтан, жатжерлік ұрылар мен қарақшылар тап беретін жағдайлар жиі болатын *.

11, 12. а) Дәуіт Набалға жолдаған өтінішін қандай сөздермен жеткізді? ә) Набал қандай надандық жасады?

11 Шөл далада сарбаздарын тамақпен қамтамасыз ету Дәуітке оңай болмады. Сондықтан ол он жігітін жіберіп, Набалдан көмек сұрауды шешті. Бұл үшін Дәуіт ыңғайлы сәтті күтті. Ол қой қырқатын мезгілді таңдады. Өйткені бұл уақытта адамдар дәстүр бойынша бір-біріне жомарттық танытып, үлкен дастарқан жаятын. Дәуіт Набалға жолдайтын өтінішін жақсылап ойластырып, сыпайы сөздерді таңдады. Ол тіпті Набалдың жасын құрметтейтінін көрсетіп, “балаңыз Дәуіт” деп сөйледі. Бұған Набал не деп жауап берді? (Сам. 1-ж. 25:5—8).

12 Набал ашуға булығып, “оларды қорлады”! Әбигелге келген әлгі жас жігіттің де айтып тұрғаны осы еді. Набал наны мен суын, сойған малын қайдағы жүрген біреулерге бермейтінін айтып, айғайға салды. Оның үстіне, Дәуітті қашқын құлға теңеп, оны мазақ етті. Набал оны дәл Саул патша сияқты жек көргенге ұқсайды. Бірақ Ехобаның Дәуітке деген көзқарасы мүлдем өзгеше еді. Ехоба оны жақсы көрді әрі оны қожайынынан қашқан құл деп емес, Исраилдің болашақ патшасы деп білді (Сам. 1-ж. 25:10, 11, 14).

13. а) Набалдың қорлық сөздері Дәуітке қалай әсер етті? ә) Жақып 1:20-дағы принципті ескерер болсақ, Дәуіттің шешімі жайлы не деуге болады?

13 Болған жайтты естігенде, Дәуіт қатты ашуланып, жігіттеріне: “Семсерлеріңді белдеріңе байлаңдар!”— деп бұйырды. Ол Набалдың үйіндегі еркек атаулыны түгел қырып тастауды ант етіп, қаруын асынды да, 400 сарбазымен жолға шықты (Сам. 1-ж. 25:12, 13, 21, 22). Набалдың надан әрекеті Дәуіттің ызасын келтіргені түсінікті-ақ. Алайда ашу оны бұрыс әрекетке итермеледі. Киелі кітапта “ашудың жетегіндегі адамның Құдайдың әділдігіне сай әрекет етпейтіні” жазылған (Жақ. 1:20). Осындай қысылтаяң уақытта Әбигел үй ішін қалай құтқармақ?

“Ақылыңмен сақтап қалдың”

14. а) Набалдың былығын түзеу үшін Әбигел алдымен не істеді? ә) Набал мен Әбигелдің айырмашылығы қандай және біз бұдан неге үйренеміз?

14 Төніп тұрған апаттың алдын алу үшін Әбигел бірден іске кірісті. Ол алдымен қызметші жігітті мұқият тыңдап алды. Ал Набал болса ешкімді тыңдаған жоқ. Ол қызметші жігіт айтқандай “өте қатал адам” болатын, әрі “ешкім оған сөйлей алмайтын” (Сам. 1-ж. 25:17). Өзін бәрінен жоғары санағаны сонша — Набал ешкімнің сөзіне құлақ түрмейтін. Көптеген адам бүгінде осындай менмендік танытады. Бірақ Әбигел мүлдем басқа адам болған. Міне, сол себептен де қызметші жігіт бірден Әбигелге жүгінген.

Әбигел Набалға қарағанда адамды тыңдай білетін

15, 16. а) Әбигел өзінің Нақыл сөздер кітабында суреттелген жақсы әйел сияқты болғанын қалай көрсетті? ә) Әбигелдің шара қолданғаны күйеуінің билігіне қарсы шыққанын білдіре ме?

15 Әбигел тез шешім қабылдай білетін ақылды әйел еді. Осы оқиға баяндалған бір тараудың өзінде Әбигелдің бірнеше рет дереу әрекет еткені айтылған. Ол Дәуіт пен оның қасындағыларына мол азық — нан, шарап, қойдың етін, дорба-дорба қуырылған дән, мейіз бен інжір күлшелерін — әзірледі. Нақыл сөздер кітабында суреттелген тамаша әйел сияқты, Әбигел де үй шаруасына пысық болған. Ол үйінде не бар, не жоғын жақсы білген (Нақ. с. 31:10—31). Содан Әбигел азық-түлікті қызметшілері арқылы жіберіп, өзі соңдарынан ілесті. “Ал күйеуіне ештеңе айтпады” (Сам. 1-ж. 25:18, 19).

16 Набалды ескертпегеніне қарап, Әбигел күйеуінің басшылығын елемей, билікті өз қолына алды деуге бола ма? Жоқ. Набал Ехобаның майланған қызметшісіне зұлымдық жасаған болатын. Соның кесірінен оның үй ішіндегі кінәсіз жандардың бәріне жойылып кету қаупі төніп тұрған еді. Әбигел еш шара қолданбай отыра бергенде, бұл оның күйеуінің ісіне ортақтасқанын білдірмес пе еді?! Бұл жағдайда Әбигел Құдайдың алдындағы міндетін күйеуінің алдындағы міндетінен жоғары қойды.

17, 18. Әбигел Дәуітке не деді және оның жүрегін қалай жібітті?

17 Көп ұзамай Әбигел Дәуіт пен оның сарбаздарын кездестірді. Ол дереу есегінен түсіп, жерге дейін иіліп Дәуітке тағзым етті (Сам. 1-ж. 25:20, 23). Сосын одан күйеуі мен үй ішіне мейірім түсіріп, рақым етуін жалбарына сұрады. Әбигел Дәуіттің жүрегін жібіте алды ма?

“Күңіңіздің сөйлеуіне рұқсат етіңіз”

18 Әбигел бар айыпты өз мойнына алып, Дәуіттен кешірім етуін сұрады. Ол күйеуінің атына заты сай адам екенін мойындап, мұндай надан адам Дәуіт сияқты құрметті адамның кек алуына тұрмайтынын білдіргісі келді. Әбигел Дәуіттің “Ехоба үшін соғысып жүргенін” айтып, оған Ехобаның өкілі ретінде сенім артатынын көрсетті. “Ехоба сізді Исраилдің көсемі етеді” деген сөздерінен байқайтынымыздай, Әбигел Дәуіт пен оның патшалығына қатысты Құдайдың уәдесін де білген. Әрі қарай ол Дәуітті себепсіз қан төгіп, Құдайдың алдында күнә жасамауға шақырды. Осылайша Әбигел оны кейіннен өкініп, ар-ұжданы мазалағанда “жүректе болатын опық пен өкініштен” сақтады (Самуилдің 1-жазбасы 25:24—31 оқыңыз). Әбигел неткен дана сөздер айтты десеңізші!

19. Дәуіт Әбигелдің өтінішіне қалай жауап берді және оны не үшін мақтады?

19 Әбигелдің сөздерінен кейін Дәуіт оның әкелген тартуын қабыл алды да: “Сені бүгін маған жіберген Исраилдің Құдайы Ехоба мадақталсын! Ақылыңмен мені қан төгіп, өз қолыммен кек алудан сақтап қалдың. Сол үшін Құдай саған батасын берсін”,— деді. Дәуіт осы нәзік жанның батыл әрі дереу әрекет еткеніне риза болып, оны шын жүректен мақтады. Сондай-ақ өзін қан төгуден шынымен де сақтап қалғанын айтты. Ол Әбигелге: “Амандықпен үйіңе қайта бер. Міне, сөзіңе құлақ асып, өтінішіңді орындадым”,— деп кішіпейілділікпен жауап берді (Сам. 1-ж. 25:32—35).

“Мырзамның күңі болуға да дайынмын”

20, 21. а) Әбигелдің күйеуіне қайтып келгені неліктен мақтауға тұрарлық? ә) Қалайша Әбигелдің Набалмен сөйлесетін уақытты таңдағаны оның ақылды әрі батыл екенін көрсетеді?

20 Үйіне қайтып бара жатқанда, Әбигелдің ойына Дәуітпен болған кездесу еріксіз оралса керек. Құдайдың мейірімді де адал қызметшісі Дәуіт пен оның дөрекі күйеуі Набалдың айырмашылығы көк пен жердей еді. Бірақ ол бұл жайлы ойлай бермеді. Киелі кітапта: “Бұдан кейін Әбигел үйіне келді”,— делінген. Иә, ол әйел ретіндегі міндетін барынша жақсы атқаруға бел буып, үйіне оралды. Әбигел Набалға Дәуіт пен оның сарбаздарына берген тартуы жайлы айтпақ болды. Өйткені отағасы мұны білуге құқылы болатын. Сондай-ақ ол үй ішіне қандай үлкен қауіп төнгені жөнінде де айтпақшы еді. Өйткені Набал бұл жайлы Әбигелдің өзінен емес, өзге біреуден естісе, ол тағы бір масқараға қалар еді. Алайда Әбигел күйеуімен сөйлесе алмады. Себебі ол патшалардікіндей ұлан-асыр той жасап, әбден мас болып алған екен (Сам. 1-ж. 25:36).

Әбигел Набалдың жанын аман алып қалу үшін не істегенін оған батылдықпен айтып берді

21 Әбигелдің келесі шешімінен де оның ақылды әрі батыл әйел болғанын көреміз. Ол күйеуінің мастығы тарқап, адамды толық түсіне алатындай күйге келгенін күтті. Әйтсе де ол есін жиғанда, әдетінше қызбалыққа салынуы мүмкін еді. Әбигел сонда да ертесіне оған болған жайттың бәрін еш бүкпесіз айтып берді. Ол Набал ызаға булығып, қол көтереді деп те күткен шығар. Алайда Набал отырған жерінен қозғалмады (Сам. 1-ж. 25:37).

22. Набалға не болды және бұл оқиғадан қандай тұжырым жасауға болады?

22 Набал неге үндемей қалды? “Оның жүрегі тоқтап қала жаздап, тұла бойы тас болып қатып қалды”. Набал сал болып қалса керек. Шамамен он күннен кейін ол көз жұмды. Набал денсаулығы сыр бергеннен өлді ме? Жоқ, өйткені Киелі кітапта: “Ехоба оны ажалға ұшыратты”,— делінген (Сам. 1-ж. 25:38). Бұл расында да лайықты жаза еді! Осылай Әбигелдің бақытсыздыққа толы күндері аяқталды. Әрине, Ехоба бүгінде бұрынғыдай адамдарды өліммен жазаламайды. Бірақ Набалмен болған жағдай адамдарға ескерту болып табылады. Отбасында қатыгездікпен өктемдік етіп, жәбір көрсететіндер Ехобаның көзінен таса емес. Өз уақыты келгенде, Құдай міндетті түрде әділдік орнатады (Лұқа 8:17 оқыңыз).

23. Әбигел қандай батаға ие болды және бұл оны өзгертіп жібермегенін қайдан білеміз?

23 Бақытсыз некенің құрсауынан босаған Әбигелді бір бата күтіп тұрды. Набалдың қайтыс болғанын білгенде, Дәуіт хабаршыларын жіберіп, Әбигелді әйелдікке алмақ ниетін білдірді. Сонда Әбигел: “Мырзамның қызметшілерінің аяғын жуатын күңі болуға да дайынмын”,— деп жауап берді. Ол Дәуіттің әйелі болу мәртебесіне ие болдым деп, көкіректеніп кетпеді. Керісінше, Дәуіттің қызметшілеріне де қызмет етуге дайын болды! Киелі кітаптан оқитынымыздай, бұл жолы да Әбигел дереу жиналып, жолға аттанды (Сам. 1-ж. 25:39—42).

24. Әбигел қандай қиындықтарға кезікті және Дәуіт пен Ехоба оған қалай қарады?

24 Әбигел Дәуітпен ертегідегідей ғажап өмір сүрген жоқ. Дәуіттің Ахиноғам деген де әйелі бар болатын. Ежелде көп әйелді отбасында өмір сүрген адал әйелдер сияқты, Әбигел де көп қиындыққа кезікті. Оның үстіне, Дәуіт әлі патша емес еді. Оны да алда көптеген қиындықтар мен сынақтар күтіп тұрды. Осындай оңай емес өмір жолында Әбигел күйеуін қолдап, үнемі жанынан табылды. Кейін ол Дәуітке бір ұл туып берді. Әбигел әйелін қорғап, бағалайтын күйеудің қандай болатынын көрді. Бірде Дәуіт оны тұтқыннан босатып, өмірін сақтап қалды (Сам. 1-ж. 30:1—19). Осылайша Дәуіт ақылды, батыл және адал әйелдерді бағалайтын Ехобаға еліктеді.

^ 9-абзац Бұл жерде Ілияс пайғамбар Бағалдың пайғамбарларына қарсы тұрған кездегі Кармил тауы жайлы айтылып тұрған жоқ. (10-тарауды қараңыз.) Бұл — солтүстіктегі шөлдің қиыр шетінде орналасқан Кармил қаласы.

^ 10-абзац Дәуіт жер иелері мен олардың малын қорғау Ехобаға қызмет етуге жатады деп санаған болса керек. Ехобаның уәдесі бойынша бұл жер Ыбырайым, Ысқақ, Жақыпқа тиесілі болғандықтан, оны жатжерлік ұрылар мен қарақшылардан қорғау қасиетті қызмет деп есептелетін.