Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН БЕСІНШІ ТАРАУ

Ол өзі үшін өлімнің, халқы үшін өмірдің жолымен жүрді

Ол өзі үшін өлімнің, халқы үшін өмірдің жолымен жүрді

1—3. а) Күйеуінің алдына бара жатқан Естер неліктен қорықты? ә) Біз бұл тараудан Естер жайлы не білеміз?

ЖҮРЕГІ аузына тығылған Естер сарайдың ауласына таяп келеді. Ол терең дем алып, қорқынышын басуға тырысты. Сузы қаласында орналасқан патшаның зәулім сарайы алғаш көрген адамды таң-тамаша қалдырады. Оның түрлі түсті әйнекпен қапталған қабырғаларындағы қанатты бұқалардың, садақшылар мен арыстандардың бедерлі суреттері жалтырап, көздің жауын алады. Биік-биік бағаналары мен алып мүсіндері бар бұл сарай шыңынан қар кетпес Загрос тауларының етегінде орналасқан еді. Ал маңында Хоасп өзені бұралаңдап ағып жататын. Осы сән-салтанаттың бәрі Естер жүздескелі тұрған патшаның қаншалықты ұлы адам екенін аян етіп тұрды!

2 Ахашверош есімді бұл ұлы патша — Естердің күйеуі *. Құдайдан қорқатын яһуди қыздарының ешқайсысы мұндай адаммен тұрмыс құрғысы келмес еді. Ахашверош Құдайдың басшылығына мойынсұнып, әйелінің сөзіне құлақ асқан кішіпейіл Ыбырайымға мүлдем ұқсамайтын (Мұс. 1-ж. 21:12). Патша Естердің Құдайы мен оның Заңы туралы ештеңе білмейтін. Тіпті білген жағдайда да, өте аз білетін. Ал парсылардың заңдарын ол бес саусақтай білді. Бұл заңдардың бірі бойынша, кімде-кім патшаның алдына шақырусыз келсе, сол адам өлімге кесілетін. Естер болса патшаның шақыруынсыз оның алдына бара жатты. Ол тақ тұрған ішкі аулаға қадам басқан сайын, ажалға да бір қадам жақындай түскендей болды (Естер 4:11; 5:1 оқыңыз).

3 Естер неліктен басын осындай қатерге тікті? Бұл асыл жанды әйелден қандай үлгі аламыз? Алдымен, Естердің қалайша Персия патшайымы болғанын көрейік.

Естердің ұшқан ұясы

4. Естер неліктен Мардохайдың қолында тұрды?

4 Естер ата-анасынан ерте айырылған еді. Ата-анасы оған Хадасса деген, яғни ақ гүл ашатын “мирта гүлінің” атын берген. Олар қайтыс болғанда, Естерді туыстарының бірі асырап алған. Естерге немере аға болып келетін бұл кісінің аты — Мардохай. Бірталай жасқа келіп қалған ол өте мейірімді жан болатын. Мардохай Естерді қанатының астына алып, өз қызындай бағып-қағып өсірді (Ест. 2:5—7, 15).

Мардохайға асырап алған қызын мақтан тұтуына себеп көп еді

5, 6. а) Мардохай Естерді қалай тәрбиеледі? ә) Мардохай мен Естердің Сузыдағы тұрмысын сипаттап беріңіз.

5 Мардохай мен Естер жер аударылған өзге яһудилермен бірге Персияның астанасы Сузыда тұратын. Жұрт оларды діндері мен ұстанатын Заңдарына бола алалап, жақтырмаса керек. Әйтсе де Мардохай Естерге мейірімді Құдай Ехоба жайлы, оның өз халқын талай рет құтқарғаны және болашақта да құтқаратыны жайлы айтып беруді доғармаған (Мұс. 3-ж. 26:44, 45). Мұндай әңгімелер екеуінің өзара сүйіспеншіліктерін нығайтып, қарым-қатынастарын берік етсе керек.

6 Мардохай Сузыдағы патша сарайында қызмет атқарса керек. Ол Ахашвероштың қарамағындағы адамдармен бірге патша сарайының қақпасының алдында отыратын (Ест. 2:19, 21; 3:3). Ал Естердің жастық шағында немен айналысқаны жайлы Киелі кітапта ештеңе айтылмайды. Бірақ оның егде тартқан ағасына қолғабыс етіп, үй шаруасына ұқыпты болғанында күмән жоқ. Олардың үйлері патша сарайына қарама-қарсы бетте, өзеннің арғы жағында, қаланың қарапайым халық тұратын бөлігінде орналасса керек. Естер Сузы базарына керек-жарағын алуға барғанда, саудагерлер сатып жатқан алтын-күміс бұйымдар мен әшекейлерге қызыға қарап, оларды тамашалауды ұнатқан шығар. Алайда мұндай қымбат дүниелердің көп ұзамай кәдімгі нәрсеге айналатыны оның үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді.

“Сұлу қыз”

7. Не себепті Астин патшайым атағынан айырылды және бұның нәтижесінде не болды?

7 Күндердің күнінде патша сарайында бір жайт орын алып, бүкіл Сузы қаласын гу-гу әңгіме жайлады. Ахашверош барлық беделді бай-бектерге арнап үлкен той өткізіп жатқанда, аса сұлу патшайымы Астинді шақыртқан болатын. Бұл уақытта өзі де әйелдерге арнап той жасап жатқан Астин күйеуінің бұйрығын елемей, тойға келмей қояды. Жұрттың алдында масқара болып, ызаға булыққан Ахашверош кеңесшілеріне жүгініп, патшайымға қандай жаза қолдану керектігін сұрайды. Нәтижесінде Астин патшайым деген лауазымынан айырылды. Содан патшаның қызметкерлері елдің шартарабынан Астиннің орнын басатын патшайым табу үшін, сарайға сұлу бойжеткендерді алдыртты (Ест. 1:1—2:4).

8. а) Мардохай Естер жайлы нені уайымдаған болуы мүмкін? ә) Сұлулыққа қатысты қандай байыпты көзқарас сақтауымыз керек? (Нақыл сөздер 31:30-ды да қараңыз.)

8 Мардохай күні кеше ғана тәтті қылықтарымен сүйсіндіріп жүрген кішкентай қызының бойжетіп, айдай сұлу аруға айналғанын бір жағынан мақтан етсе, бір жағынан оның болашағын ойлап уайымдайды. “Естер дене бітімі келіскен, сұлу қыз болды” (Ест. 2:7). Киелі кітап тән сұлулығына қатысты байыпты көзқарас сақтауға шақырады. Әдемілік адамды тартымды ететіні рас, алайда әдемілікті даналық, кішіпейілділік сияқты қасиеттермен үйлестіріп отыру қажет. Олай болмаса, адамның бойында атаққұмарлық, тәкаппарлық тамыр жайып кетуі мүмкін (Нақыл сөздер 11:22 оқыңыз). Сіз осындай адамдарды кездестірген де шығарсыз. Ал Естер ше, ол әдемілігінен кеуде көтеріп кете ме? Мұны уақыт көрсетеді.

9. а) Патшаның қызметшілері Естерді көргенде не істеді және Мардохай мен Естерге бір-бірімен айырылысу неге қиын болды? ә) Естердің Ехобаға сенбейтін кісіге тұрмысқа шығуына Мардохай неліктен жол берді? (Қоршауды да қараңыз.)

9 Патшаның қызметшілері Естерді байқамай қоймады. Олар Естерді Мардохайдан әкетіп, өзеннің арғы жағындағы патшаның зәулім сарайына апарды (Ест. 2:8). Бір-бірінен ажырап бара жатқандары әкесі мен қызындай болып кеткен Мардохай мен Естердің жанына қатты батты. Мардохай өзі өсірген қызының Ехобаға сенбейтін кісіге, тіпті патшаға болса да, тұрмысқа шыққанын қаламаған еді. Бірақ бұл жағдайда Мардохайдың қолынан не келер дейсіз?! * Естер кетер алдында ағасының айтқан әрбір сөзін мұқият тыңдап, ойына түйіп алды. Патша сарайына жеткенше, оны небір сұрақтар мазалады. Естермен енді не болмақ?

“Көргендердің бәрі Естерді ұнатып жатты”

10, 11. а) Жаңа орта Естерге несімен қауіпті еді? ә) Мардохай Естердің жағдайын ойлағанын қайдан білеміз?

10 Естер өзіне мүлдем таңсық, бейне бір жаңа әлемге түскендей болды. Ол Персия империясының түкпір-түкпірінен жиналған көптеген қыздардың ортасынан бір-ақ шықты. Олардың тілі мен діні де, салт-дәстүрлері мен көзқарастары да әртүрлі болатын. Қыздардың барлығы Хегай есімді қызметшінің қарамағында болды. Бір жыл бойы олардың денелеріне қымбат иісмайлар жағылып, ерекше күтім көрсетілді (Ест. 2:8, 12). Бұл қыздар сыртқы сұлулықтарына мастанып, өркөкіректік пен бақталастыққа оп-оңай бой алдырған болуы мүмкін. Ал Естер ше?

11 Естердің хал-жағдайын білу үшін Мардохай күн сайын әйелдер үйінің, гаремнің, маңынан әрі-бері өтетін (Ест. 2:11). Гаремдегі қызметшілерден Естер туралы жақсы хабар естіген сайын, Мардохай мәпелеп өсірген қызын іштей мақтан тұтып, марқайып қалса керек. Расында да, Естердің қамын Мардохай сияқты ешкім ойлаған емес.

12, 13. а) Патша сарайындағылар Естерге қалай қарады? ә) Естердің басқаларға өзінің кім екенін айтпағаны Мардохайды неге қуантты?

12 Естер Хегайдың ықыласына ие болғандықтан, Хегай оның жанына жеті қыз қосып берді, әрі гаремдегі ең жақсы орынға көшіріп, оған зор сүйіспеншілік пен мейірімділік танытты. Киелі кітапта: “Көргендердің бәрі Естерді ұнатып жатты”,— деп жазылған (Ест. 2:9, 15). Адамдар Естерді тек сұлулығына бола ұнатқан ба? Жоқ. Естерді тартымды еткен тек сұлулық қана емес еді.

Естер кішіпейіл де дана болудың тән сұлулығынан әлдеқайда маңызды екенін білген

13 Киелі кітаптан біз былай деп оқимыз: “Естер өз халқы туралы да, туыстары жайлы да ешкімге тіс жармады, себебі Мардохай солай деп бұйырған еді” (Ест. 2:10). Мардохайдың Естерді бұлай ескертуі бекер емес еді. Өйткені ол патша сарайындағылардың көбісі яһудилерді жақтырмайтынын білсе керек. Естердің үйден алыста жүрсе де ақылды болып, бұрынғыдай айтқанын бұлжытпай орындап жүргеніне Мардохай қалай қуанды десеңізші!

14. Жастар Естерді қалай үлгі ете алады?

14 Бүгіндегі жастар да Естерге еліктеп, өздерін бағып-қағып жатқан ата-аналарына не олардың орнын басқан қамқоршыларын қуанта алады. Айналадағылар парықсыз, азғын әрекет етіп жатқан кезде, тіпті үлкендер бақылап тұрмаған кезде де, олар жамандыққа елікпей, үйренген әділ нормаларын берік ұстана алады. Осындай жастар Естер сияқты, көктегі Әкелерінің жүрегін шаттыққа бөлейді (Нақыл сөздер 27:11 оқыңыз).

15, 16. а) Естер патшаның көңілін қалай жаулады? ә) Естерге жаңа өзгерістерге үйрену неге оңайға соқпады?

15 Міне, арада бір жыл өтіп, қыздардың өз кезегімен патшаның алдына кіретін кезі де келіп жетті. Естер сұлулығымен патшаны таң-тамаша қалдыру үшін өзгелер іспетті қалаған киімі мен әшекейін алса болар еді. Бірақ ол Хегай ұсынған нәрселерден басқа ештеңе алмады (Ест. 2:15). Естер патшаның жүрегін жалғыз сұлулықпен жаулай алмайтынын түсінсе керек. Ол патша сарайында танытыла бермейтін қарапайымдылық, кішіпейілділік сияқты қасиеттердің ешкімді бей-жай қалдырмайтынын білген. Сонымен, Естер патшаға ұнады ма екен?

16 Жазбаларда былай делінген: “Патша басқа қыздардан гөрі Естерді қатты ұнатты. Естер басқа қыздарға қарағанда оның көңілінен шығып, ықыласына бөленді. Сондықтан ол Естердің басына патшайымның баскиімін кигізіп, Астиннің орнына тағайындады” (Ест. 2:17). Қарапайым яһуди қызына өміріндегі осындай өзгеріске үйреніп кету оңай болмаса керек. Себебі ол сол замандағы ең ұлы әрі құдіретті патшаның жары болып, патшайымның орнын басты. Естер жаңа міндетіне кіріскен соң, дәрежесіне мастанып, көкіректеніп кетті ме? Жоқ, мүлдем олай емес!

17. а) Естердің өзін бағып-қаққан ағасына мойынсұнғыш болып қала бергені неден көрінді? ә) Неліктен бүгінде Естердің үлгісі біз үшін маңызды?

17 Естер өзін бағып-қағып өсірген ағасына әрі қарай да мойынсұнып жүрді. Ол өзінің яһуди екенін бұрынғысынша құпия ұстады. Бірде Мардохай Ахашверош патшаға қастандық жасалғалы жатқанын біліп қойып, бұл жайлы Естерге хабар жіберді де, патшаны ескертуді айтты. Сол кезде де Естер оған құлақ асып, бірден патшаны хабардар етті (Ест. 2:20—23). Естер кішіпейіл де тілалғыш болу арқылы Құдайға деген берік сенімін паш етті. Мойынсұнушылық асыл құнын түсіріп, тілазарлық пен бүлікшілдікке ет үйренген мына заманда Естер біз үшін таптырмас үлгі болып табылады. Құдайға шындап сенетін адамдар мойынсұнушылық қасиетін Естер сияқты жоғары бағалайды.

Естердің сенімі сыналды

18. а) Неліктен Мардохай Хаманға бас имеді? (Сілтемені де қараңыз.) ә) Құдайдың қызметшілері бүгінде Мардохайдың үлгісіне қалай еліктеуде?

18 Ахашверош патшаның сарайында Хаман деген кісі қызмет ететін. Патша оны бас уәзір және бас кеңесші еткендіктен, оның беделі артып, бүкіл империядағы екінші тұлғаға айналды. Патша тіпті халыққа Хаманды көргенде, оның алдында тізе бүгіп, бас июді әмір етті (Ест. 3:1—4). Бұл заң Мардохайға біраз қиындық тудырды. Ол патшаның бұйрықтарына мойынсұнуға әрдайым әзір болды, бірақ әлгі заңға бағыну Құдайды қорлаумен тең еді. Хаман Агагтың ұрпағынан шыққан болатын. Ал Агаг, есімізде болса, амалектік патша болған, әрі оны кезінде Құдайдың пайғамбары Самуил өлімге кескен (Сам. 1-ж. 15:33). Амалектіктер зұлымдық пен арам істерге белшесінен батып, Ехоба мен Исраил халқының дұшпанына айналған халық еді. Ехоба оларға үкім шығарып қойған болатын (Мұс. 5-ж. 25:19) *. Ендеше, Құдайға адал болып жүрген яһуди қалайша амалектікке басын имек? Әрине, бұлай ету Мардохайдың ойында да болмады. Ол Хаманға бас июден үзілді-кесілді бас тартты. Бүгінге дейін Құдайдың көптеген қызметшілері өліммен бетпе-бет келсе де, Киелі кітаптағы: “Билеуші ретінде бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнуымыз керек”,— деген нұсқауды ұстанып келеді (Ел. іс. 5:29).

19. Хаман нені көкседі және ойындағысын іске асыруға патшаны қалай көндірді?

19 Хаман Мардохайға зығырданы қайнап, оның басын алуды көкседі. Ол Мардохайдың өзін өлтіруді аз көріп, оның бүкіл халқын — еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін — қырып жібергісі келді. Хаман яһудилерді патшаға жамандап барып, “халықтардың арасына бытырап кеткен бір халық бар” деп нақты қай халық екенін ашық айтпай, олар туралы мәліметті бұрмалады. Мұнысымен қоймай, Хаман бұл халықты патша заңдарына мойынсұнбайтын, бүкіл империяға қауіп төндіріп тұрған бүлікшілер деп қаралады. Яһудилерді қырып-жоюға кететін шығынды жабу үшін, ол патша қазынасына қомақты сома салуға да дайын екенін айтты *. Сонда Ахашверош оған мөрлі жүзігін шешіп беріп, ойындағысын іске асыруға рұқсат берді (Ест. 3:5—10).

20, 21. а) Хаманның шығарған жарлығын естігенде, Мардохай мен оның халқы қандай күй кешті? ә) Мардохай Естерден не істеуді өтінді?

20 Көп ұзамай шабармандар алып империяның түкпір-түкпіріне аттанып, яһуди халқының өлімге кесілгенін жариялады. Бұл хабар сонау Иерусалимдегі яһудилердің құлағына жеткенде, олардың төбелерінен жай түскендей болды! Бабыл құлдығынан босаған олар қабырғалары қирап, тас-талқан болған қалаларын қайта тұрғызумен әлек болып жатқан еді. Мардохай осы суық хабарды естігенде, сол яһудилерді және Сузыдағы достары мен туыстарын уайымдап, қатты қайғырды. Ол киімінің өңірін айырып, азалы киім киіп, үстіне күл шашты. Сосын қала ортасына барып, қатты айғайлап, зар жылады. Хаман болса патшамен шарап ішіп, масайрап отырды. Оның қалың жұртты зар жылатып, азапқа салғанымен шаруасы да жоқ еді (Естер 3:12—4:1 оқыңыз).

21 Мардохай өз халқын құтқару үшін бір шара қолдану керектігін түсінді. Бірақ ол жалғыз өзі не істей алады? Оның қатты қайғырып жатқанын білгенде, Естер оған қызметшілері арқылы киім-кешек беріп жіберді, бірақ Мардохай оны қабыл алмады. Бұған дейін Мардохай сүйікті қызы Естердің жалған тәңірге табынатын патшаға тұрмысқа шығуына Ехобаның неліктен жол бергенін түсінбей келген еді. Ал енді оның санасында бір ой жалт ете қалды. Ол Естер патшайымға хабар жіберіп, халқы үшін араша түсіп, патшадан рақым етуін сұрады (Ест. 4:4—8).

22. Неліктен Естер патшаның алдына баруға қорықты? (Сілтемені де қараңыз.)

22 Естер Мардохайдың өтінішін естігенде, зәре-құты қалмады. Осы кез Естердің өміріндегі ең үлкен сынақ болса керек. Ол Мардохайға өтінішін орындауға қорқатынын ашық айтты. Естер патшаның алдына шақырусыз барса, өлімге кесілуі мүмкін екенін Мардохайдың есіне салды. Патша қолындағы алтын асатаяғын созған жағдайда ғана келген адам аман қалмақ еді. Бұйрықты елемей, жазаға тартылған Астиннің жағдайынан кейін патша Естерге рақымшылық танытар ма екен? Оның үстіне, Естердің патша алдына шақырылмағанына 30 күн болған еді! Патшаның маған деген көңілі суып, ойы өзгеріп кетті ме деп, Естердің ойы сан саққа кетсе керек * (Ест. 4:9—11).

23. а) Естердің сенімін қайрау үшін Мардохай не деді? ә) Неге Мардохай нағыз өнеге тұтуға тұрарлық кісі?

23 Мардохайдың нық сеніммен айтқан жауабы Естерді батыл әрекетке қайрады. Ол: “Қазір үндемей қалсаң, яһудилерге көмек пен құтқарылу басқа жақтан келеді”,— деді. Алайда қарсыластар барған сайын күшейіп жатқан уақытта яһудилер аман қалады деп күту орынды ма? Бұл жерден Мардохайдың Ехоба Құдайына деген берік сенімін көреміз. Ол Ехобаның өз халқының жер бетінен құрып кетуіне жол бермейтініне және уәдесін орындаусыз қалдырмайтынына нық сенді (Ешуа 23:14). Мардохай Естерге: “Кім біледі, бәлкім, дәл осындай кез үшін патшайым болған шығарсың?!”— деді (Ест. 4:12—14). Мардохай нағыз өнеге етуге тұрарлық кісі, солай емес пе?! Ол Ехоба Құдайға толықтай арқа сүйеді. Ал біз ше? (Нақ. с. 3:5, 6).

Өлім алдындағы қорқынышты жеңген берік сенім

24. Естер өзінің сенімі мен батылдығын қалай көрсетті?

24 Естер үшін шешім қабылдайтын уақыт келді. Ол Мардохайға: “Барыңыз да, Сузыдағы яһудилердің бәрін жинап, мен үшін ораза тұтыңыздар. Үш күн бойы күні-түні ештеңе ішіп-жемеңіздер”,— деді. Сосын ол: “Өлу керек болса, өлемін”,— деп, өзінің бекем сенімі мен батылдығын көрсетті (Ест. 4:15—17). Естер үш күн бойы ыстық дұға етіп, Құдайына жалынумен болды. Ол бұған дейін ешқашан бұлай жиі әрі жалбарына дұға етпесе керек. Міне, ақыры әрекет ететін уақыт та келді. Естер ең әдемі патшайым киімін киіп, патшаның көңілінен шығу үшін қолынан келгеннің бәрін істеді. Сосын ол патша отырған сарайға қарай бет алды.

Естер Құдай халқы үшін жанын қиюға дайын болды

25. Естер күйеуінің алдына келгенде, не болғанын баяндап беріңіз.

25 Мақаланың басында суреттеліп кеткендей, Естер патша сарайының ауласына таяп қалды. Санасын сан қилы ойлар жаулап, іштей талмастан дұға етіп келе жатқан ол ішкі аулаға аяқ басты. Төр жақтан тақта отырған Ахашверош патша көрінді. Бәлкім, Естер патшаға қарап, қабағынан мейірім нышанын байқауға тырысқан шығар. Естер үшін әрбір сәт бір ғасырдай баяу өтті. Бір кезде оны патшаның көзі шалып, патша өз көзіне өзі сенбей аңырып қалды! Сосын жүзінен мейірім төгіліп, Естерге қарай алтын асатаяғын созды! (Ест. 5:1, 2).

26. Неліктен шынайы мәсіхшілерге Естердікіндей батылдық қажет және неге Естерді алда әлі көп қиындық күтіп тұрды?

26 Патша Естердің не мақсатпен келгенін мұқият тыңдады. Құдайға сенім артқан әрі халқы үшін араша түсіп, жанын қиюға даяр болған Естер Құдайдың барлық қызметшілеріне сенімнің керемет үлгісін қалдырды. Бүгіндегі мәсіхшілер үлгі боларлық осындай адамдардың мысалын жоғары бағалайды. Иса өзінің шынайы ізбасарларының сүйіспеншілік қасиетімен ерекшеленетінін айтқан (Жохан 13:34, 35 оқыңыз). Мұндай сүйіспеншілік таныту көп жағдайда Естер сияқты батыл болуды талап етеді. Естер сол кезде халқы үшін басын қатерге тіккенімен, бұл таудай үлкен істің тек бастамасы ғана еді. Ол патшаға ең жақын кеңесшісі Хаманның қаскүнем адам екенін қалай дәлелдемек? Өз халқын қалай құтқармақ? Бұл сұрақтардың жауабын келесі тараудан табамыз.

^ 2-абзац Ахашверош б. з. б. V ғасырдың басында Персия империясын билеген I Ксеркс болса керек.

^ 9-абзац 16-тараудағы “Естер жайлы сұрақтар” деген қоршауды қараңыз.

^ 18-абзац Хаман жер бетінде қалған соңғы амалектіктердің бірі болғанға ұқсайды. Басқа амалектіктер Езекия патшаның тұсында жойылып кеткен болатын (Шеж. 1-ж. 4:43).

^ 19-абзац Хаман патшаның қазынасына 10 000 талант күміс тарту еткен. Бұл бүгінде жүздеген миллион долларды құрайды. Ахашверош патшаның I Ксеркс болғаны рас болса, оның Хаман ұсынған ақшаға қызыққанында дау жоқ. Өйткені Грекияға қарсы соғыс ашуға үлкен қаражат кетпек еді. Бірақ тарихтан білетініміздей, бұл соғыста парсылар жеңіліске ұшырады.

^ 22-абзац I Ксеркс қатыгез әрі ойы жиі өзгеріп тұратын тұрақсыз адам ретінде танымал болған. Грек тарихшысы Геродот Ксеркстің Грекияға қарсы соғысы кезінде орын алған кейбір жайттарды жазып кеткен. Бірде патша Геллеспонт бұғазын кесіп өту үшін, бұғаздың бір бетінен екінші бетіне дейін тізілген кемелерден жүзбелі көпір соғуды бұйырады. Алайда дауыл тұрып, көпір қирап қалғанда, Ксеркс оны тұрғызған адамдардың басын алуды, ал Геллеспонт бұғазының суын сабалап, дауыстап қарғыс оқуды бұйырады. Сол жорықта бір бай кісі баласын әскерден босатуды өтінгенде, Ксеркс өзгелерге ескерту болсын деп, әлгі жігітті қақ ортасынан шапқызады.