Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ТАРАУ

Ехоба өз ниетін ашуда

Ехоба өз ниетін ашуда

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Ехоба ниетін бірте-бірте әрі өзін қастерлейтіндерге ғана ашады

1, 2. Ехоба өз ниетін адамзатқа қалай ашады?

 ҚАМҚОР ата-аналар отбасына қатысты жайттарды талқылағанда, балаларын шеттетпейді. Әйтсе де олармен нені талқылап, нені талқыламау керектігін біледі. Сондықтан жастарын ескеріп, ұға алады-ау деген жайттарды ғана айтады.

2 Ехоба да жердегі балаларына өз ниетін бірте-бірте әрі уақыты келгенде ғана ашады. Ендеше Патшалық туралы шындықтарды Ехобаның тарих бойында қалай ашып отырғанына қысқаша шолу жасайық.

Патшалық не үшін қажет?

3, 4. Ехоба адамзат тарихының қандай болу керек екенін алдын ала шешіп қойды ма? Түсіндіріңіз.

3 Көкте Патшалық орнату Ехобаның о бастағы ниетіне кірмеген. Неге бұлай дейміз? Өйткені Ехоба адамзат тарихының қандай болу керек екенін алдын ала шешіп қойған жоқ. Ол адамдарды ерік бостандығымен жаратқан. Ехоба Адам ата мен Хауа анаға адамзатқа қатысты ниетін түсіндіріп: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер”,— деді (Мұс. 1-ж. 1:28). Сондай-ақ оларға жақсылық пен жамандыққа қатысты қойған талаптарын құрметтеуге міндетті екендерін айтты (Мұс. 1-ж. 2:16, 17). Адам ата мен Хауа ананың Құдайға деген адалдықтан таймауды таңдауына болар еді. Өздері де ұрпақтары да солай еткенде, Ехобаның еркі жүзеге асу үшін Мәсіх билік жүргізетін Патшалықтың қажеті болмас еді. Ал бүкіл жер бетінде Ехобаға ғибадат ететін кемелді адамдар өмір сүріп жатар еді.

4 Шайтан және Адам ата мен Хауа ана бүлік шығарды екен деп, Ехоба жер мен адам баласына қатысты ниетінен бас тартқан жоқ. Ол жай ғана оны басқа жолмен жүзеге асыруды шешті. Ехобаның ниеті пойыз сияқты емес. Пойыз діттеген жеріне жету үшін тек салынған жолмен жүреді, ал жолына тосқауыл қойылса, рельстен шығып кетуі мүмкін. Ал Ехоба бірдеңені ниет етсе, Ғаламдағы ешқандай күш оған тосқауыл бола алмайды (Ишая 55:11 оқыңыз). Жолда кедергі пайда болса, Ехоба басқасын таңдайды a (Мұс. 2-ж. 3:14, 15). Уақыты келгенде ол ниетін жүзеге асырудың жаңа жолын адал қызметшілеріне ашады.

5. Едемдегі бүліктен кейін Ехоба не істеді?

5 Едемдегі бүліктен кейін Ехоба өз ниетіне Патшалық орнатуды да кіргізді (Мат. 25:34). Адамзат құрдымға кеткелі тұрғандай көрінгенде, Ехоба үміт сәулесін төкті. Ол Шайтанның билікті басып алмақ болған әурешілігінен келген залалды жойып, өз ниетін жүзеге асыру үшін не істейтінін аша бастады (Мұс. 1-ж. 3:14—19). Бірақ Патшалыққа қатысты жайттардың бәрін бірден аша салған жоқ.

Ехобаның Патшалыққа қатысты шындықтарды аша бастауы

6. Ехоба нені уәде етті, бұған қатысты тағы бірдеңе айтты ма?

6 Ең алғашқы пайғамбарлықтың өзінде Ехоба бір “ұрпақ” жыланның басын мыжиды деп уәде етті (Мұсаның 1-жазбасы 3:15 оқыңыз). Бірақ аталмыш ұрпақ пен жыланның ұрпағы жөнінде басқа ештеңе айтпады. Бұған қатысты жайттарды ол 2000 жылдай уақыттан кейін ғана аша бастады b.

7. Неге Құдай Ыбырайымды таңдады және біз бұдан қандай маңызды шындықты білеміз?

7 Уақыт өте келе Ехоба Ыбырайымды таңдап, уәде етілген ұрпақтың соның үрім-бұтағынан шығатынын айтты. Ол Ыбырайымды “сөзіне құлақ асқаны үшін” таңдаған еді (Мұс. 1-ж. 22:18). Біз бұдан маңызды шындықты білеміз — Ехоба ниетін өзін қастерлейтін адамдарға ғана ашады (Зәбүр 25:14 оқыңыз).

8, 9. Ехоба Ыбырайым мен Жақыпқа уәде етілген ұрпаққа қатысты қандай жайттарды ашты?

8 Періште арқылы досы Ыбырайыммен сөйлескенде, Ехоба уәде етілген ұрпақ туралы маңызды жайтты ашты: ол адам баласынан шығады (Мұс. 1-ж. 22:15—17; Жақ. 2:23). Бірақ бұл адам жыланның басын қалай мыжиды? Ал жылан деген кім? Бұл сұрақтардың жауабы кейінірек берілмек еді.

9 Ехоба уәде етілген ұрпақ Ыбырайымның немересі, сенімі берік Жақыптың үрім-бұтағынан шығуы тиіс деп шешті (Мұс. 1-ж. 28:13—22). Сосын Жақып арқылы мынаны аян етті: Ұрпақ Жақыптың ұлы Яһуданың тұқымынан шығады. Жақып Яһуданың ұрпағына “патша асатаяғы” беріліп, оған “халықтар мойынсұнатынын” пайғамбарлық етті (Мұс. 1-ж. 49:1, 10). Осылай Ехоба Ұрпақтың билеуші, патша, болатынын көрсетті.

10, 11. Неге Ехоба өз ниетін Дәуіт пен Даниялға білдірді?

10 Шамамен 650 жылдан кейін Ехоба Яһуданың үрім-бұтағынан тараған Дәуіт патшаға өз ниетіне қатысты кейбір жайттарды ашты. Ехоба оны “көңілімнен шығатын адам” деп сипаттады (Сам. 1-ж. 13:14; 17:12; Ел. іс. 13:22). Сондай-ақ онымен келісім жасасып, ұрпақтарыңның бірі мәңгі бақи билік құрады деп уәде етті. Себебі Дәуіт Құдайды қастерлейтін адам еді (Сам. 2-ж. 7:8, 12—16).

11 Тағы 500 жылдай уақыттан кейін Ехоба Даниял пайғамбар арқылы Ұрпақтың, яғни Мәсіхтің, жер бетіне нақты қай жылы келетінін білдірді (Дан. 9:25). Ехоба Даниялды “аса бағалы” деп есептеді. Неге? Себебі ол Ехобаны барынша қастерледі, әрі оған үздіксіз қызмет етті (Дан. 6:16; 9:22, 23).

12. Даниял не істеу керек еді және неге?

12 Ехоба Даниял сияқты адал пайғамбарларына уәде етілген ұрпақ, Мәсіх, турасында көптеген жайттарды жаздырды. Әйтсе де олар үшін рухтың жетелеуімен жазған пайғамбарлықтарының мәнін толық түсінетін уақыт әлі келмеген еді. Мысалы, Даниялға Патшалықтың орнауы жайлы аян бергеннен кейін, Ехоба оған өзі белгілеген уақытқа дейін аталмыш пайғамбарлықты мөрмен бекітіп қоюды тапсырды. Ал белгіленген уақыт келгенде, “шынайы білім молая түспек” еді (Дан. 12:4).

Ехоба Патшалыққа қатысты пайғамбарлықтарды Даниял сияқты адал адамдарға жаздырған

Иса Құдайдың ниетін айқындай түсті

13. а) Уәде етілген ұрпақ кім? ә) Қалай Иса Мұсаның 1-жазбасы 3:15-тегі пайғамбарлықтың мәнін ашты?

13 Ехоба уәде етілген ұрпақтың — Дәуіттің тұқымынан шығатын Патшаның — Иса екенін анық көрсетті (Лұқа 1:30—33; 3:21, 22). Иса жердегі қызметін бастағанда, күн шығып, айнала нұрға бөленгендей, Құдайдың ниетіне қатысты адамзаттың білімі молая түсті (Мат. 4:13—17). Мысалы, Иса Ібілісті “кісі өлтіруші”, “өтіріктің әкесі” деп атағанда, Мұсаның 1-жазбасы 3:14, 15-те сөз етілген “жыланның” кім екенін анық көрсетті (Жох. 8:44). Ал Жоханға берген аянында “ежелгі жыланды” “Ібіліс әрі Шайтан” деп атады c (Аян 1:1; 12:9 оқыңыз). Сондай-ақ уәде етілген ұрпақ Иса Едемде айтылған пайғамбарлықты орындап, Шайтанның көзін құртатынын көрсетті (Аян 20:7—10).

14—16. Иса ашқан шындықтарды бірінші ғасырдағы шәкірттері үнемі бірден түсініп отырған ба? Түсіндіріңіз.

14 Бірінші тараудан оқығанымыздай, Иса Патшалық туралы көп айтқан. Бірақ ол шәкірттері білгісі келген жайттарды бүге-шігесіне дейін түсіндіре бермеген. Тіпті солай еткен күннің өзінде шәкірттері Қожайындары ашқан шындықтардың толық мәнін кейінірек, ал кейде ғасырлар өте ұққан. Кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.

15 Б. з. 33 жылы Иса өзімен бірге Құдай Патшалығында билік ететіндер жер бетінен алынып, рухани жаратылыс ретінде көкте өмір сүру үшін қайта тірілтілетінін ашық айтқан еді. Алайда шәкірттері оның айтқандарын бірден түсінбеді (Дан. 7:18; Жох. 14:2—5). Сол жылы Иса мысалдар арқылы Патшалықтың бірден емес, өзі көкке көтерілген соң бірталай уақыт өткеннен кейін орнайтынын да түсіндірді (Мат. 25:14, 19; Лұқа 19:11, 12). Шәкірттері бұл маңызды ойды да ұқпай, Иса қайта тірілгенде: “Исраилге патшалықты қазір қайта орнатасыз ба?”— деп сұрады. Бірақ Иса ол кезде бұл тақырыпты әрі қарай өрбітпеуді шешті (Ел. іс. 1:6, 7). Ол өзімен бірге билік ететін “кішкене қораға” жатпайтын “басқа қойлардың” болатынын да айтқан еді (Жох. 10:16; Лұқа 12:32). Әйтсе де Исаның ізбасарлары сол екі топқа кімдер жататынын 1914 жылы Патшалық орнағаннан кейін бірталай жылдан соң ғана нақты айырды.

16 Қастарында жүргенде Исаның шәкірттеріне айтары көп болған. Бірақ ол шәкірттерінің оларды түсіне алмайтынын білді (Жох. 16:12). Иә, бірінші ғасырда Патшалыққа қатысты көптеген жайттар айқындалды. Сөйтсе де шынайы білім молая түсетін уақыт әлі келмеген еді.

“Ақырғы уақытта” шынайы білім молая түсті

17. Патшалық жайлы шындықтарды түсіну үшін не істеуіміз керек, бірақ біз кімнің көмегіне мұқтажбыз?

17 Ехоба Даниялға “ақырғы уақытта” көп адам кітапты “тыңғылықты зерттеп”, Құдайдың ниетіне қатысты шынайы білімнің молая түсетінін уәде еткен (Дан. 12:4 сілт.). Бұл білімге ие болғысы келетіндер аянбай тер төгу керек болатын. Бірақ Киелі кітапты қаншалықты тыңғылықты зерттемейік, Ехобаның көмегінсіз Патшалыққа қатысты шындықтарды тура түсіне алмаймыз (Матай 13:11 оқыңыз).

18. Ехобаны қастерлейтіндер қалай сенім мен кішіпейілділік танытады?

18 1914 жылға дейін Патшалыққа қатысты шындықтарды Ехоба бірте-бірте ашты. Ол бүгінгі күні, яғни ақырғы уақытта да солай етуде. 4-інші және 5-інші тараудан білетініміздей, соңғы 100 жыл ішінде Патшалыққа қатысты біраз жайттар басылымдарда әртүрлі түсіндіріліп отырған. Бұл Құдай өз халқына көмектеспеді дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ! Ехоба оларды қолдаған. Неге? Өйткені Ехобаны қастерлейтіндерге оған ұнайтын екі қасиет — сенім мен кішіпейілділік — тән болған (Евр. 11:6; Жақ. 4:6). Олар Құдай Сөзіндегі уәделердің бәрі орындалатынына сенген. Сондай-ақ сол уәделер нақты қалай орындалатынына қатысты жайттарды бұрыс түсінсе, мұнысын кішіпейілділікпен мойындаған. Олардың осындай кішіпейілділігі “Күзет мұнарасы” журналының 1925 жылы наурыз айында шыққан санынан көрініс тапты. Онда былай делінген: “Біз түсінікті Иеміздің өзі беретінін білеміз. Ол халқына Сөзін өзі қалаған жолмен әрі өзі қалаған уақытта түсіндіреді”.

“Иеміз... Сөзін өзі қалаған жолмен әрі өзі қалаған уақытта түсіндіреді”

19. Ехоба бізге нені түсінуге көмектесіп жатыр және неге?

19 Құдай халқы 1914 жылы Патшалық орнаған соң да, оған қатысты пайғамбарлықтардың қалай жүзеге асып жатқанын әлі толық түсінбеді (Қор. 1-х. 13:9, 10, 12). Құдайдың уәделері орындалғанын қатты қалағандықтан, біздің қате тұжырымдар жасаған кездеріміз болды. Жоғарыда айтылған “Күзет мұнарасындағы” келесі сөздердің растығы жылдар өткен сайын айқындала түсті: “Пайғамбарлық орындалмайынша не орындала бастамайынша, оны түсіне алмаймыз деген қағиданы ұстанғанымыз ең дұрысы болса керек”. Ал бүгінде, яғни соңғы күндердің аяғы таяп қалғанда, Патшалыққа қатысты көптеген пайғамбарлықтар орындалып қойды не орындалып жатыр. Құдай халқы кішіпейіл әрі түзетуді ықыласпен қабылдайды, сондықтан Ехоба оларға өз ниетін толығырақ түсінуге көмектесіп отыр. Иә, шынайы білім молая түсуде!

Шындықтың айқындала түсуі Құдай халқын “електен өткізді”

20, 21. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге неге қатысты көзқарастарын өзгерту керек болды?

20 Ехоба шындыққа қатысты түсінігімізді түзеткенде, жүрегімізде не бар екені көрінеді. Оған сенім артып, өзгерістерді кішіпейілділікпен қабылдаймыз ба? Бірінші ғасырдың орта шенінде өмір сүрген мәсіхшілер осындай жағдайға кезіккен. Айталық, сіз — сол заманда өмір сүріп жатқан яһуди мәсіхшілердің бірісіз. Мұса Заңын қатты құрметтейсіз, яһуди екеніңізді де мақтан тұтасыз. Бір күні елші Пауылдан рухтың жетелеуімен жазылған хаттар келеді. Онда бұдан былай Заңды ұстанудың қажеті жоқ екені, сондай-ақ Ехобаның Исраилден бас тартып, яһудилер мен басқа ұлттардан тұратын рухани Исраил халқын жинамақ екені жазылыпты (Рим. 10:12; 11:17—24; Ғал. 6:15, 16; Қол. 2:13, 14). Мұны қалай қабылдар едіңіз?

21 Кішіпейіл мәсіхшілер Пауылдың рухтың жетелеуімен жазған сөздеріне құлақ асып, Ехобаның батасына кенеліп жатты (Ел. іс. 13:48). Өз ойларын өзгерткісі келмей, айқындала түскен шындықтарды қабылдамағандар да болды (Ғал. 5:7—12). Олар көзқарастарын өзгертпесе, Мәсіхпен бірге көкте билік ету мәртебесінен айырылып қалар еді (Пет. 2-х. 2:1).

22. Құдайдың ниетіне қатысты түсінігіміздің түзетіліп жатқаны жайлы сіз не ойлайсыз?

22 Соңғы онжылдықтарда Ехоба Патшалыққа қатысты түсінігімізді айқындай түсуде. Мысалы, ол бізге қойлардың серкелерден, яғни Патшалықтың болашақ азаматтары ізгі хабарды қабылдамайтындардан, қашан ажыратылатынын жақсырақ түсінуге көмектесті. Сонымен қатар мыналарға қатысты шындықтарды да анығырақ түсіндірді: 144 мыңның толық саны қашан жиналып бітеді, Исаның Патшалық туралы айтқан астарлы әңгімелерінің мәні неде, майланғандардың соңғысы қашан көкке алынады d. Бұларды сіз қалай қабылдадыңыз? Сеніміңіз нығайды ма? Мұны Ехоба өзінің кішіпейіл қызметшілеріне әлі де тәлім беріп жатқанының дәлелі деп қарастырасыз ба? Бұдан кейінгі тарауларды оқу барысында Ехобаның өзін қастерлейтіндерге ниетін бірте-бірте ашатынына сеніміңіз арта түседі.

a Құдайдың есімі — еврей тілінің “ол болғызады” деген етістігінің туындысы. Бұл Ехоба өз уәделерін міндетті түрде орындайды дегенді білдіреді. 43-беттегі “Құдай есімінің мағынасы” деген қоршауды қараңыз.

b Бүгінде мұндай уақыт аралығы тым ұзақ болып көрінетін шығар, әйткенмен ол заманда адамдардың әлдеқайда ұзақ жасағанын ұмытпаған жөн. Мысалы, Адам ата мен Ыбырайымның арасында үш-ақ буын болған: Нұхтың әкесі Ләмех Адам атаны көрген, Нұхтың баласы Шам болса атасы Ләмехті көрген, ал Шам Ыбырайымның заманына дейін өмір сүрген (Мұс. 1-ж. 5:5, 31; 9:29; 11:10, 11; 25:7).

c Еврей жазбаларында “Шайтан” деген атау 18 рет, ал Грек жазбаларында 30 рет кездеседі. Бұл орынды да, себебі Еврей жазбаларында Шайтанның емес, Мәсіхтің кім екенін анықтауға баса назар аударылған. Ал Грек жазбаларында Мәсіх келген соң, Шайтанды толықтай әшкерелегеніне көбірек көңіл бөлінген.

d Түсінігіміздің айқындала түскеніне қатысты кейбір мәліметті “Күзет мұнарасының” келесі сандарынан табуға болады: 15 қазан, 1995 жыл (ор.), 23—28 беттер; 15 қаңтар, 2008 жыл, 20—24 беттер; 15 шілде, 2008 жыл, 17—21 беттер; 15 шілде, 2013 жыл, 9—14 беттер.