Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Танысу мен кездесу. 2-бөлім: Кездесіп жүргенде не нәрсеге мән беру керек?

Танысу мен кездесу. 2-бөлім: Кездесіп жүргенде не нәрсеге мән беру керек?

 Ол сенің көңіліңді баурады. Үйлесім тапқан жар боласыңдар ма, жоқ па — соны көру үшін екеуің кездесе бастадыңдар. Таныстық кезінде не нәрсеге мән беру қажет?

Бұл мақалада:

 Ашық пікір алыс

 Бірге уақыт өткізгенде сен адам жайлы талай нәрсе біле бастайсың. Ал кейбір жақтарын оның әрекетіне қарап танисың.

 Алайда екеуің ортаға салып шешетін мәселелер бар. Оларды талқылағанда еш нәрсені жасырмаған жөн. Бояусыз, қалай бар, солай айтуға тырыс. Санаңды сезім билемесін.

 Екеуің талқылайтын мәселелер:

  •   Қаражат. Қарызың бар ма? Ақшаны дұрыс жұмсау саған қиын ба? Некеге тұрып жатсаңдар, кіріс пен шығыс мәселесін қалай шешесіңдер?

  •   Денсаулық. Денсаулығың қалай? Бұған дейін денсаулықпен айтарлықтай қиындықтар болды ма?

  •   Мақсат. Не нәрсеге қол жеткізгің келеді? Екеуіңнің мақсаттарың бір ме? Үйленген соң жағдайға байланысты мақсаттарыңа жете алмай қалсаң, бақытты бола аласың ба?

  •   Отбасы. Отбасыңдағы біреу-міреу сенің жауапкершілігіңде ме? Болашақта сондай жауапкершілікті алу керек бола ма? Балалы болғың келе ма? Болғың келсе, қанша бала болғанын қалайсың?

 Осы сұрақтарды талқылағанда, шындықты айт. Адамға ұнау үшін шындықты жасырып я бұрмалап жіберме (Еврейлерге 13:18).

 Ойланып көр. Кездесіп жүрген адамың жайлы нені білуің қажет? Ол сен жайлы нені білуі тиіс? Қазірден бастап шындықты айтқандарың кейін неке құрған жағдайда сендерге ашық пікір алысуға қалай көмектеседі?

 Киелі кітап кеңесі: “Әрқайсысың өзгеге шындықты айтыңдар” (Ефестіктерге 4:25).

 “Алты айдан кейін ол маған сөз салады” деп қыз ойлауы мүмкін. Ал жігіт болса 1 жылдан кейін айтам деп жүреді. Өзі ойлағандай тез болмаған соң, қыз түк түсінбей, көңілі жаралануы мүмкін. Сондықтан қыз бен жігіт бұған қатысты бір-бірінің ойын біліп алғаны маңызды” (Ариана, 1 жыл бұрын неке құрған).

 Түрлі көзқарасқа дайын бол

 Өмірде бірдей екі адам жоқ. Сондықтан кездесіп жүрген адамыңның ойы да, сезімі де дәл сенікіндей болады деп ойлама. Себебі адамның көзқарасын мәдениеті мен тәрбиесі қалыптастырады.

 Ойланып көр. Екеуің болмашы, Киелі кітап талаптарына еш қарсы келмейтін нәрсе үшін келіспей қалсаңдар, татулық үшін иіле салуға дайынсыңдар ма?

 Киелі кітап кеңесі: “Сендердің есті екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын” (Філіпіліктерге 4:5).

 “Қанша жерден жарасамыз деп ойласаң да, бәрібір келіспей қалатын кездер болады. Иә, некеде бір-біріңе үйлесімді болу маңызды, алайда ойларың бір жерден шықпаған кезде қандай мінез танытатындарын одан да маңызды” (Мэтью, 5 жыл бұрын үйленген).

 Шаршап қалма

 Біреумен кездескенде, көп уақытың енді соған кететіні түсінікті. Аздап шаршау да қосылатын шығар. Сондайда не істесең болады?

 Шек қой. Басың кетіп, басқа маңызды істерді, достарыңды шет қалдырма. Бес жыл бұрын тұрмыс құрған Алана осы орайда жақсы кеңес айтты: “Үйленген соң да саған достар қажет болады. Сен де достарыңа керексің. Кездесе бастадым екен деп оларды ұмытып кетпе”.

 Неке құрған соң барлық нәрсеге тиісті уақыт пен күш-қайратыңды жұмсау керек болады. Таразы басын тең ұстауды неге қазірден бастап үйренбеске?

 Ойланып көр: Кездесіп жүрген адамыңнан тым көп көңіл бөлуді талап етесің бе? Ал ол сенен талап ете ме? Достасудан қажып, шаршап кетпес үшін таразы басын қалай тең ұстай аласың?

 Киелі кітап кеңесі: “Әр нәрсенің өз уақыты бар,.. әрбір істің өз уақыты бар” (Уағыздаушы 3:1).

 “Танысып жүрген жұптың тек қыдырудан қолы босамайтын болса, некеде төбелерінен мұздай су құйып жібергендей күй кешеді. Өйткені неке қыдырудан ғана тұрмайды ғой. Танысып жүрген жұпқа күнделікті істермен айналысқан жақсы. Мысалы, дүкенге бірге бару, үйдің шаруасын бірге істеу және бірге ғибадат ету. Бәрін бірге істеуді үйренсе, некелерінде мұның зор пайдасын көреді” (Даниял, 2 жыл бұрын үйленген).

 Біреумен кездесу — ол уақытша кезең. Бірақ ол — үлкен шешімге апаратын кез. Кездесіп жүргендер я неке құру керек я қарым-қатынасты тоқтату керек. 3-бөлім саған осы шешімнің біріне келуге көмектеседі.