Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Қашықтан оқу тиімді болу үшін не істей аласың?

Қашықтан оқу тиімді болу үшін не істей аласың?

Бүгінде көп оқушы сабақтарын қашықтан оқып жүр. Солардың қатарында болсаң, оқуың тиімді болу үшін не істей аласың? Мұның бірнеше жолы бар a.

 Көмек болар бес кеңес

  • Күніңді жоспарла. Мектепке барып жүрген кездегідей, нақты кесте құрып, соны ұстануға тырыс. Сабақ оқитын, үй шаруасын және басқа да маңызды істерді істейтін уақытты белгіле. Қажет болса, жоспарыңды өзгерте аласың.

    Киелі кітап кеңесі: “Тек барлығы лайықты әрі тәртіппен болсын!” (Қорынттықтарға 1-хат 14:40).

    “Күніңді мектепте жүргеніңдей өткіз. Әр істі өз уақытында істеуің керек” (Кэти).

    Ойлап көрші: Кестеңді қағазға жазып, көрінетін жерге қойғаның неге пайдалы болады?

  • Өзіңді қадағалай біл. Тіпті аса ықыласың болмаса да, істелу керек істерді кейінге қалдырмай атқар. Бұл есейіп жатқаныңды көрсетеді.

    Киелі кітап кеңесі: “Еріншек болмай, істеріңді ынта-жігермен атқарыңдар” (Римдіктерге 12:11).

    “Өзіңді қадағалау қиынның қиыны. Бір нәрсені сылтауратып, “сабақты кейін оқи саламын” деу оңай. Бірақ оны кейін де оқымайсың. Сөйтіп, оқитын нәрселерің жинала береді” (Александра).

    Ойлап көрші: Сабақты күнде бір уақытта және бір жерде оқып, бір тәртіпті ұстанғаның өзіңді қадағалауға қалай көмектеседі?

  • Сабақ оқитын орын таңда. Оқуға қажетті құралдарыңның бәрі қасыңа алып ал. Отыратын орның ыңғайлы болсын, бірақ ұйқыға тартатындай тым жайлы болмасын. Сен ол жерге демалуға емес, сабақ оқуға келесің ғой. Егер жалғыз отырып сабақ оқитын бөлмең болмаса, ас ішетін не жатын бөлмеде оқысаң да болады.

    Киелі кітап кеңесі: “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер” (Нақыл сөздер 21:5).

    “Добыңды, ойындарыңды көзге көрінбейтін жерге қой, телефонның дыбысын өшір, гитараңды қабына салып қой. Сені ешнәрсе алаңдатпау керек” (Элизабет).

    Ойлап көрші: Оқитын орның ыңғайлы болу үшін тағы не істей аласың?

  • Зейін қойып оқуды үйрен. Сабағыңды бар зейініңді салып оқы. Басқа істерге алаңдама. Егер бір уақытта бірнеше іспен айналыссаң, қателер жіберуің мүмкін, содан сабағыңды аяқтауға көбірек уақытың кетеді.

    Киелі кітап кеңесі: “Уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар” (Ефестіктерге 5:16).

    “Телефоным қасымда болғанда, соған алаңдай беретінмін. Сөйтіп, көп уақытымды қажетсіз нәрселерге жоғалтатын едім” (Оливия).

    Ойлап көрші: Бір істі неғұрлым ұзақ уақыт зейін қойып атқару үшін не істей аласың?

  • Үзіліс жасап отыр. Серуенде, велосипед айда не жаттығу жаса. Сүйікті хоббиіңмен айналыссаң да, серігіп қаласың. Бір кітапта айтылғандай, “алдымен жұмысыңды бітіріп ал. Аяқталмаған істерің болмаса ғана, демалысың нағыз демалыс болады” (“School Power”).

    Киелі кітап кеңесі: “Тынымсыз еңбектеніп, желдің соңынан қуғанша, азырақ тынығып алған артық” (Уағыздаушы 4:6).

    “Мектепте музыкалық аспапта ойнауды не қандай да бір өнерді үйренуге болады. Сол кездерді сағынамын деп ойламаппын. Сабақ оқып жүрген кезде, арасында қандай да бір өнерді үйренген жақсы екен” (Тейлор).

    Ойлап көрші: Сабақ оқуға күшің болу үшін арасында үзіліс жасап, немен айналыссаң болады?

a Қашықтан оқудың түрлері көп. Осы мақаладағы сенің жағдайыңа сай келетін ұсыныстарды қолданып көр.